АЛТЫНОРДА
Новости

Ипотекалық несие арзандамайды

3683a558404c3bf0173d9704339626fcАбай ОМАРОВ (коллаж)

Қазір ірі қалаларда тас лақтырсаңыз, баспанасыз жүргендердің басына барып тиеді. Былтырғы ресми статистика бойынша, елімізде 400 мыңдай отбасы пәтер кезегінде тұр екен. Бірақ бұл біздегі баспанасыздардың нақты санын көрсетпейді. Жылдан-жылға ауылдан қалаға ағылғандардың саны артпаса, кеміген емес. Мысалы, бір Алматыға жылына 40-50 мың адам қоныс тебеді екен. Жалпы, ресми емес мәлімет­терде үйсіз-күйсіз жүргендердің цифры 5 миллионнан асып жығылады. Бүгінгі таңда олардың басым бөлігі үшін ең қолайлысы – ипотекалық несиеге үй алу. Алайда бұл арадағы сыйақы мөлшерлеме орасан, оны кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. «Үмітсіз шайтан» демекші, сондықтан біздегі үйсіздердің көбісі ипотекалық несие пайызы шетелдегідей арзан болатын күнді асыға күтіп жүр. Ал бұл мүмкін бе? Біз маман­дардан осы сауал төңірегінде жауап алуға тырысып көрдік.

Ең қолайлысы неге ипотекалық несие дерсіздер? Себебі, біріншіден, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу – қиямет-қайым. Ондағы кезектен тасбақаңыздың жылжуы тез көрінеді. Екіншіден, тұрғын үй құрылысы жинағы талаптарының бірі бойын­ша тұтынушы пәтер құнының 50 пайызын жинауы тиіс. Мысалы, жалақысы 50 мыңнан аспайтын бюджет қызметкерлері  бұл соманы жинау үшін жастық ғұмы­рының тең жартысынан көбісі кетіп қалады. Аталған мәселе өзекті екенін депутаттар да мойындайды, қазір Парламент қабырға­сында осы жинақ көлемін 50 емес, ең құрығанда 20 пайызға түсірейік деген ұсыныс айтылып, талқыланып жатыр. Мұндай бастама жоғары деңгейде қолдау таба ма, таппай ма, бұл – өз алдына бір бөлек әңгіме. Анығы, қысқа мерзім ішінде тұрғын үй құрылыс жинағын жинау да қазақ­стандықтардың басым бөлігі үшін мүмкін емес нәрсе. Тағы бір жағынан, қараша қауым тарапынан Үкімет салған үйлерге деген сенімсіздік бар. Бір сөзбен айтқанда, бәленбай жылын сарп етіп жинаған ақшасына алған үйімен бірге ешкім қосым­ша проблема сатып алғысы келмейді. Ал жер алып, үй салайын десе, кепіл затсыз мол қаражат несиеге тағы берілмейді. Ары тартса бері, бері тартса ары жетпейтін бір кем дүние дерсіз. Айналып келгенде, сең­дей соғылып жүрген үйсіздердің ешкімнің есігін сығалатпай, лезде баспаналы болып шыға келуіне мүмкіндік беретін ипотекалық несиенің жарнамасына көзі түседі. Иә, әлемдік қаржылық дағдарыстан соң кішкене іркіліс жасаған отандық банктер былтырдан бастап ипотекалық несиені тартынбай бере бастаған. Өсімқорлар үшін ипотекалық несие – аса тартымды әрі тиімді өнім. Өйт­кені бұл арадағы тұтынушыға қарағанда банктің тәуекел қауіп-қатері шамалы, тіпті несиені төлемей жатса, пәтерді тартып алып, оны қайтадан сатып ұпайын түгендеп алады. Сондықтан аламын десеңіз болғаны, банктер ипотекалық несиені бере береді, яғни бұл – қолжетімді несие. Бірақ «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» демеңіздер, өйткені қарызға алған соң үйдің құнын екі еселеп төлеуге тура келеді. Ал ірі қалаларда пәтер бағасы 100 мың теңге емес, 100-200 мың доллар. Демек, жалақыдан басқа қо­сымша табысы жоқ адамдар үшін бұл өмір бойына банк алдында борыштар болумен пара-пар дүние. Бізде ипотекалық несиеде баспанаға екі есе құн төлейтіндігін Ин­вестициялар рентабельділігін зерттеу жөніндегі агент­тіктің аға сарапшысы Ерлен Бадылхан да растайды.

– Ипотека дегеніміз – бұл, ең алдымен, банк бизнесі. Егер дамыған елдерде аталған банк өнімі бойынша жылына 2-4 пайыз сый­ақы мөлшерлемесі қалыпты жағдай саналса, қазақстандық банктер 12-14 пайыз алуда еш тартынбайды. Егер барлық қосымша қызмет пайызы мен комис­сияларды қосып алсақ, мұндағы жылдық пайыз мөлшерлемесі 20 пайыздан арыға барып жығылады. Сондай-ақ банктердің көбісі борышкердің келісімінсіз арыда пайызды зорайта алады, яғни қарыз уақытында төленбесе. Айналып келгенде, үйсіз қалу қаупі жоғарылайды. Өйткені пайыздар үстемеленген сайын тұтыну­шының да несиені жабу қабілеті әлсірейді, – дейді маман.

Негізінен, сарапшылардың зерттеуінше, ипотекалық несие алғандар екі-үш жыл бойына ай сайын ұдайы қарыз төлеп келген­нен кейін, одан да шаршай бастайды. Сөйтіп, банкке қарызды төлеу мерзімін шегеру туралы өтініш жазады, кейіннен қосымша пайыздарды алып тастау жөнінде шағымдана бастайды. Бұған елімізде екінші деңгейлі банктерде тіркелген ипотекалық несиенің 70-75 пайызының проблема­лыққа айналып отырғаны дәлел бола алады. Ал ипотекалық несиені алушылар­дың тек 15 пайызы ғана оны толықтай жа­буға қауқарлы екен. Алайда бұдан шошы­нып отырған банктер жоқ. Себебі кез келген «проблемалыққа» айналған ипотека­лық несиенің үстінен қосылған пайызымен біреуі жабылса, ол банктің осы бағыттағы бірнеше шығынының орнын жоя алады. Болмаса кепілдегі үйдің өзі бар дегендей.

Ал Макроэкономикалық зерттеу орта­лы­ғының директоры Олжас Құдайбер­геновтің айтуынша, Қазақстанда ипотека­лық несиенің қымбат болуы заңды.

– Ипотека бойынша жоғары пайыздар банктің кінәсі емес. Себебі әлемдік қар­жылық дағдарыстан соң шетелдік инвес­торлардың аталған секторға сенімі жоғал­ған. Сондықтан олар бұрынғыдай сырттан арзан пайызбен ресурс тарта алмайды. Қазір қаржы институттарының өзі ол ақшаны 8-10 пайызбен алып отыр. Оны қайтадан саудалауда банк өз маржасы мен несиенің төленбей қалған жағдайдағы тәуекелін қосып есептейді. Сонда 12-14 пайызыңыз өздігінен дөңгеленіп шыға келеді. Сол секілді бізде қарыздың қайта­рыл­мау тәуекелі жоғары. Осы жағынан алғанда, жоғары пайыз қайтарылмайтын несиенің кепілі болып табылады. Демек, банктің арзан қорландыру көзі болмаған жағдайда кез келген несие пайызын төмен­дету жөнінде сөз қозғаудың өзі артық, – дейді О.Құдайбергенов.

«Қорландыру көзінің қымбаттығымен қатар инфляция көрсеткішінің жоғарылығы да банктерге қолбайлау» деген Forex Club компаниялары тобының сарапшысы Ана­толий Хегай, лажы болса, несиеге жола­мауға кеңес береді.

– Ипотека ставкасын белгілеуде инф­ляция да белгілі бір деңгейде рөл атқарады. Ал еліміздің ресми инфляция көлемі 6 пайыз, бұл – айтарлықтай көлем. Еуропада не­сие неге арзан? Өйткені инфляция деңгейі де төмен, қорландыру көздері де ұзақ мерзімді, арзан ақшамен қамтылған, – дейді ол.

Мамандардың бұл айтқан сөзінің жаны бар. Бүгінгі таңда отандық банк секторы сырттан ұзақ мерзімді арзан қаражат тарта алмай отыр. Оған әлемдік қаржылық дағдарысқа дейін біздің бірқатар екінші деңгейдегі банктердің шетелден алған борышы бойынша міндеттемесін толық­қанды атқара алмағандығы себеп болған. Демек, шетел инвесторлары алдында банк секторы сенімді жоғалтып алды. Сол себепті олар бүгін ішкі нарыққа қана арқа сүйейді, яғни депозиттегі ақшаны айналдырады. Алайда депозиттегі ақшалар қысқа мер­зімді болғандықтан, бұл мәселе шешімі емес. Сондықтан соңғы кездері ком­мер­циялық банктер Үкіметтен, Ұлттық қордан арзан ақша тартуға мүмкіндік беруін сұрап жүр. Мұндай жағдайда,  «Байтал түгіл, бас қайғы» деген банктері­міздің жуық арада несиесін арзандата қоюы екіталай болары сөзсіз.

Автор: Кәмшат САТИЕВА

 

http://alashainasy.kz/economica/45960/