АЛТЫНОРДА
Новости

Евроның құлдырауынан бізге қандай қауіп бар?

www.zubr-belarus.comҚазір әлемдік сарапшылардың басым бөлігі «2015 жылдың жазына қарай евро доллармен тепе-теңдікке жетуі әбден мүмкін» деген болжам жасап отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, тіпті биылғы жазда евро өзінің тарихында тұңғыш рет доллардан арзандап кетуі де ықтимал.

Жалпы, халықаралық валюта нарығында қазірдің өзінде евро/доллар жұбының ара қатынасында евроның долларға қарағанда арзан екені анық сезіліп отыр. Мысалы, әлемдік валюта нарығында бұл негізгі жұп қазір 1,0300 межесінде сатылып жатса, сарапшылар «алдағы уақытта бұл меже 1,0000-ге жетеді немесе одан да төмендеп 0,9500 деңгейіне дейін түсуі ықтимал» деп отыр.

Сөйтіп, Еуропаның ұлттық валютасы евро бүгінде рекордтық деңгеге дейін төмендеп кетті. Ал бұдан бізге келер қауіп бар ма? Жалпы, евроның төмендеуі Қазақстан экономикасы өзіндік әсер бере ме? Алаш айнасына пікір білдірген мамандардың байыптауынша, евроның құлдырауы біздің экономикамызға да өзіндік кері әсерін береді.

Біз алдымен евроның деңгейі неге осынша төмендегеніне тоқталып көрелікші?! Бұған негізгі себеп: Еуроодақ аясында инфляция деңгейі соңғы алты жылда биыл ең жоғары көрсеткішке жетті. Еуропаның статистика агенттігі таратып отырғандай, елде тұтыну бағасы мен құнсыздану деңгейі 0,6 пайыздық көрсеткішке дейін төмендеп кеткен. Еуропадағы жағдай қиындап, кәсіпорындар тоқыраудың алдындағы жағдайға жетіп, экономикалық өсім азайған. Міне, осыдан барып Еуропа Орталық банкі «Көлемді жеңілдету» бағдарламасын қолға алып, инфляция деңгейін кемінде 2 пайызда ұстап тұру үшін және тиімсіз активтерді сатып алу үшін айына 60 млрд евро бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ осы тұста бірқатар сарапшылар бұған қатысты «экономикасын қалпына келтіру үшін АҚШ дәл осы тәсілді соңғы алты жыл бойы қолданып келеді. Тауар құнын жаппай төмендетуге міндеттеп, тиімсіз активтерді сатып ала берудың соңы — көптеген кәсіпорындардың күйреуіне, қарыз мөлшерінің ұлғаюына, салымшылардың шығынға батуына апарып соқтырады» деген болатын.

Сарапшылардың болжағанындай, қазір Еуропаның кәсіпорындары абдырап, ұлттық валютасы евроның құны түсіп, салымшылары расымен де шығынға бата бастады. Бірақ бұдан қаймыққан Еуропа Орталық банкі жоқ. Керісінше, аталмыш банк «Көлемді жеңілдету» бағдарламасы бойынша тиімсіз активтерді 2016 жылдың қыркүйеігіне дейін сатып ала беретінін мәлімдеді. Ал бұдан Италия, Исландия және басқа Еуропа елдері елдері импорт-экспорт арқатынасынан тек қана шығын көреміз деп даурығуда…

Ал енді бұдан біз не түйеміз?! Еуропа елдерінің өзі «экспорт-импорт арақатынасынан шығын көреміз, кәсіпорындар тұралайды» деп дауырығып жатқан тұста бізге неден сақтану керек?!

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

— Аңғарғанға, бізге евроның құлдырауынан төнетін бірінші қауіп біздің Ұлттық банктің алтын-валюта қорында доллардан кейінгі ең көп үлесті иемденетін Еуропа валютасы осы — евро. Ол шамамен бүкіл қордың 15-20 пайызындай болады. Міне, осы 15-20 пайыз мөлшеріндегі мол қазынамыз қорда қазір құнсызданып жатыр. Ал мұның соңы теңгеге қысым тудырып, теңгені де құнсыздандырып жіберуі мүмкін. Себебі қазір Ұлттық банк теңгені қолдау үшін де біраз қаржы жұмсап отыр. Ал енді евромен жинаған қор құнсызданып кетсе, нарық заңдылығы бойынша оның орнын долларды қымбаттатып, теңгені құнсыздандыру арқылы толтыру керек болады. Міне, біз үшін басты қауіп осы. Екінші қауіп — евроның құлдырауы дедолларизацияға кері ықпал етеді. Евроның құлдырауынан елде долларға деген сұраныс артып кететіні даусыз. Мысалы, қазір бізде бір евроның құны 197 теңге болып тұр. Осыдан бір ай бұрын ғана евро 215 теңгенің көлемінде болған. Айырбастау пункттері қазірдің өзінде евроға сұраныс жоқ екенін, тіпті бір евроның 197 теңгеге де өтпей жатқанын айтып қынжылуда. Ал жазға салым тіпті евро доллардан да арзандайтын күйге жетсе, онда қаржысының бір бөлігін евромен жинап отырған бірқатар қауым жаппай доллар сатып ала бастайды. Ал бұл үрдіс отандық нарықта долларға деген сұранысты арттырып, елде долларды тұтыну, оны сақтау көрсеткіші жазға қарай тағы күрт артады. Өз кезегінде доллар депозиттердің де көлемі екі есеге артып шыға келуі мүмкін. Доллар несиеге сұраныс болмағаннан кейін, халықтың доллармен жинаған депозиттері де айналымға шықпай құр бос жатып қалады. Қазір халықтың басым бөлігі депозиттегі активтерін теңгеден долларға ауыстырып салып жатыр. Ал енді евроның құлдырауы евромен жинаған жинақтарды да долларға ауыстырып сақтауға мәжбүр етеді. Ал бұлайша долларды құр жия беру банктерді тығырыққа тірейді.Өйткені банктерде долларды айналымға салу бағдарламалары тоқтатылды. Қазір халық доллар несие алмайды, доллармен қарызды ешкім тұтынбайды. Ал бұл жағымсыз тренд тудырады. Үшінші қауіп- ол сырттан евромен келетін инвестиция көлемі азаяды. Арзан евро -арзан инвестиция дегенді білдіреді. Қазір Германия, Испания, Португалия, Исландия Италия тәрізді елдер өздері қинала бастады. Сондықтан бұл елдерден бізге алдағы екі-үш жыл бойы қымбат, қомақты инвестиция, экономикалық ара-қатынаста үлкен түсім келе қояды деу қиындау.
Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/evronyin-kuldyirauyinan-bzge-kanday-kaup-bar-65516/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі