АЛТЫНОРДА
Новости

Ең сұлу жар — қазақ әйелі

Әлемдегі ең сұлу әйел – қазақ әйелі дегенге даусыз келісуге болатын шығар. Қыз баласын, әйел затын қастерлеп, сыйлайтын халықтың қызы сұлу болмай қайтсін. Бұл сұлулық – тән сұлулығы ғана емес, жан сұлулығы, жүрек тазалығы, көңілдің кіршіксіздігі болса керек. Жар етіп алған сүйіктісінің бар болмысынан осындай сұлулықты байқай алған еркек кіндіктіде арман бар ма?!

Қазақ әйелі – күйеуін пайғамбарындай сыйлайтын, ата-енесінің алдынан қия өтпейтін, сөзін жерге тастамайтын мейірбан мінезімен де қадірлі.

Отбасында «әйел заты отағасыдан бір саты төмен» дейтін қастерлі заңды кие тұтса екен дейсің кейде. Бұл төмендік емес, қайта ізгілік, ізеттілік. Ал шын мәнінде әйелге тән ұлылық. Қазіргі таңдағы кейбір жас отбасыларда күйеуіне көк езуленіп, бетке алып-төске өрлейтін жас келіншектерді көргенде, аяулы аналарымыздың қаншама ұлылығы еріксіз есіңе түседі. Бұл тегінде «Ер-әйелдің терезесі тең дейтін» жат ұғым, кесір пиғылдан туындаған шығар.

Отбасылық өмірде маңдайынан соры арылмаған АҚШ-тың атақты президенттерінің бірі Авраам Линкольнды кейбіреулер «Әйеліне ие бола алмай жүріп, ел билеген не теңі?» деп талай мәрте сағын сындырса керек. Оның әйелінің кейде күйеуіне қол да жұмсайтын кезі болған сияқты. Көкезу мінезіне басқанда, қолына түскен затты жіберіп те қалады екен. Сөйткен әйел Линкольн қастандыққа жолығудан біраз жыл бұрын жындыханада елірме ауруымен көз жұмыпты.

Әдебиеттің теңдессіз классигі, әйгілі жазушы Лев Толстойдың ғұмыры да сондай әйелдің қорлығында өткені жайлы көп айтылады. Отбасына береке бермеген әйел әйгілі жазушыны жерден алып, жерге салатын болған. Тіпті ұлы жазушы үйінен безіп кететін болған. Долы әйелдің қаһары орыстың қақаған қысынан да суық болса керек. Он күннен кейін қар астында көміліп қалған жазушыны іздеушілер тауып алады. Сонда есін жиып айтқан сөзі не дейсіз ғой. «Әйелімді көзіме көрсетпеңдерші» деген екен. Ақын Мұхтар Шахановтың:

Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені,

Адамзаттың алғыр ойлы қыраны

Лев Толстой жатыр еді өлгелі,

Әйелі кеп қолын сүйіп жылады, — деп басталатын өлеңіндегі тағдырды болашақ қазақ ұлыларына бермесе екен деп тілейсің.

Өткен ғұламалар өміріне үңілсең, қазақтың қай бір әйелі күйеуімен алысып атын шығарып еді. «Табысқа жеткен еркектің соңында қашан да қажырлы әйел болады дейді» ғұламалар. «Еркек бас, әйел мойын» дегенді де сол қазақ айтады. Ал мойын бастан жоғары шығып кетсе, екі аяқтың көктен келетінін сүйікті әкпе-қарындастар, замандас арулар қашан да біле жүрсе екен.

Жасы тоқсаннан асқан, ауылдың қадірлісі болып отырған әжемізден келіндері:

— Апа, сізге тамсанамыз! Осынша жылдар бойы атамызбен тату-тәтті өмір сүріп, бақытты отбасы құра алдыңыз. Осының құпиясы неде? – деп сұраса керек. Сонда апамыз:

— Е, шырақтарым, мұның құпиясын айтайын. Аталарыңа он алты жасымда тұрмысқа шықтым. Бұлаңдап өскен мен де біреудің ерке қызымын. Той болып, аталарыңа қосып, бүкіл ауыл шығарып салды. Аталарың екеуміз екі атқа мініп келе жатырмыз. Бірде мен мінген аттың аяғы сүрініп кетіп еді, ол артына бұрылып: «Бір!» деді де, жүре берді. Біраз жүрген соң, тағы сүрінді, тағы да артына бұрылып: «Екі!» деді де, жүре берді. Мен түсінбей келемін. Құдай атып, үшінші рет сүрінгенде, мені  түсіріп, атымды қақ маңдайдан атып тастады. Өз көзіме өзім сенбедім! Бейшара жылқыда не жазық бар. «Сүрінбейтін тұяқ болмайды! Жазығы жоқ жылқыны неге атасың?» деп дауыс көтеріп ем, жолдасым үндеместен маған бұрылып: «Бір!» деді. Сол күннен бастап оған: «Екі!» деген сөзді айтқызбай келемін. Айналайындар, күйеулеріңді сыйлаңдар. Әр нәрсені күйеулеріңмен ақылдаса отырып шешіңдер, оларға қамқор, мейірімді болыңдар, мейлі өкпелесеңдер де, еркелікпен, назбен жеткізіңдер. Еркек – отбасыңның құты, киесі. Оған ешқашан дауыс көтермеңдер. Бетінен алмаңдар! – деген екен.

Әрине, кейде бұл әзіл әңгіме болып айтылады. Алайда, нағыз қазақ әйелі міне, осындай.

Автор: Алшын Матай

Сурет: talgam.qazblog.k

http://massaget.kz