АЛТЫНОРДА
Новости

Елдос ДАЛАБАЙ, Бейбіт Ыстыбаевтың бапкері: Біздің көздейтініміз —табыс емес, ұлттық намыс

епАстана. 29 маусым. Baq kz-Ертең яғни 30 маусым күні Ұлт Көшбасшысы — Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы-2013» республикалық турнирінің шымылдығы түрілмек. Кіл мықты 32 балуан өзара белдесіп, «Қазақстан барысы-2013» атағы үшін таласатын болады. Былтырғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаевтың биылда оқ бойы озып, шығатынына сенім мол. Балуанның боз кілемде бағының жануы — бапкердің ерен еңбегінің жемісі. Бейбіт балуанның да айдарынан жел есіп, қазақ күресінен биік белестерді бағындыруы—спорттағы ұстазы Елдос Далабайдың арқасы екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Көбіне бапкерлер қауымының еңбектері күнгейде емес, көлеңкеде калып қоятыны да рас. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазақ күресі, дзюдо, самбо күрес түрлері бойынша талай шәкіртке қанат бітірген Елдос Далабай мырзаны сұхбатқа тарттық…

 — «Қазақстан барысы» түрнирінің басталуына 1 күн қалды. Айтулы жарысқа дайындықтарыңыз қалай?
— Дүбірлі додаға дайындығымыз жақсы деуге болады. Мамыр айында табиғаты тамаша «Үшқоңыр» баурайында, таудың етегінде жаттығып қайттық. Міне, Астанаға келген 3-4 күннің ішінде соңғы әзірлігімізді пысықтап жатырмыз. Кіл мықтылар айқасатын жарыста Бейбіт пен Айдос барлық шеберліктерін көрсетеді деп сенемін.
— Бейбіт Ыстыбаев үш жылға дейін «Қазақстан барысы» атағын ешкімге бермеуге бекініп отырғанын айтқан еді. Жалпы, жеңіске қанша пайыз сенімдісіздер?
— Егер бабы мен бағы қатар шапса, елге берген уәдесін орындайды деп есептеймін. Бастысы, Бейбіттің жеңіске деген құлшынысы зор. «Қазақстан барысы» атты мәртебиелі атақты қорғап қалу әрбір балуанның арманы. Осы мақсат жолында аянбай тер төгіп, жаттығумызды үзген жоқпыз. Қалай десек те, қуған жетпейді, бұйырған кетпейді емес пе?
— Күні кеше Дәулетхан Жақыповтың жарысқа қатыспайтыны белгілі болды. Қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт Дәулетханның студенттер арасында өткелі жатқан Универсиадаға қатысатынын айтса, енді кейбір басылымдар балуанның салмағының жетіспеуі себеп болғанын алға тартуда…
— Дәулетхан Жақыповтың «Қазақстан барысына» неге қатыспайтынын нақты білмедім. Ол спортшының өзінің жеке бапкері бар. Менің естуімше, Дәулетхан дюдо күресі бойынша студенттер арасында өткелі жатқан Универсиадаға соңғы дайындығын пысықтап жатқан көрінеді. «Балуанның жарыстан шет қалуына салмақ мәселесі кедергі болды» деген алып-қашпа әңгіме қисынсыз. Жалпы, «Дәулетхан өте талантты балуан» деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Ол жігіт Жамбыл облысы бойынша жүргізілген іріктеу сынында өткен жылы «Қазақстан барысына» қатысқан салмағы 120 келілік Жасұлан Әбішовті қапы қалдырса, Айдос Теңгебаевтан да айласын асыра білді…
— Айдос Теңгебаевтың шеберлігіне тоқталсаңыз…
— Айдос Теңгебаев «Қазақстан барысы» жобасында тұңғыш рет бағын сынағалы жатқан жас балуан. Айдос— өте мінезді спортшы. Ертеңгі байрақты бәсекеде өзінің азды-көпті жиған тәжірбиесін, айла-әдісін тиісінше көрсете білсе, жеңіс тұғырынан көрінуіне мүмкіндігі бар. Енді «жазмыштан озмыш жоқ» -дейді ғой. Жеңістің тәтті дәмі мен жеңілістің кермек дәмімін таттыратын боз кілем анықтайды.
— Сіз 60 келі салмақ дәрежесінде қазақ күресінен үлкен жетістікке жеткен балуансыз. Балуандық өнерді бапкерлік жұмысқа айырбастауыңызға не себеп болды?
—  Дұрыс айтасыз, менде өз кезегімде қазақ күресімен айналыстым. Уақыты жеткен соң, бозкілеммен қоштасуға тура келді. Рас, қазір «Қазақстан барысы» жобасына жастары қырықтың қырқасына шыққан балуандарда белдесіп жүр. Алайда менің таңдауым әрі жүрек қалауым бапкерлік жұмыс болды. Мен мектепті «алтын медальмен» бітірген үлгілі оқушылардың бірі болдым (күліп). Екі бірдей жоғары білімім де бар. Алла тағаланың маңдайыма жазғаны шығар, бапкерлік жұмыс бұйырды.
— Елдос аға, қазақ күресінде «бапкерлік мектеп қалыптасқан» деп айта аламыз ба? 
— Негізі бапкерлік жұмысқа тісқаққан спортшының келуінің өзі екіталай. Бапкерлік қызмет көп ізденісті, білімді ұдайы жетілдіріп отыруды, шеберлігіңді шыңдауды талап етеді. Мәселен, қазақ күресінің бұрынғы әдіс-тәсілдерімен ғана шектелуге болмайды. Күрес дамыған сайын оның методикасы да жыл өткен сайын жаңарып, өзгеріп отырады. Өзім бүгінгі күнге дейін жиған-терген біліммен тоқмейілсімей, кітаптар оқып, үнемі ізденіс үстінде жүремін. Бір сөзбен айтқанда бапкер болу оңай емес. Қоластыңдағы балалардың жағдайын жасау, олардың ішкі жан дүниесіне терең үңілу, балуанның бойында тұнып тұрған талантын аша білу, оның артықшылығы мен кемшілігімен жұмыс істеу секілді мәселерлермен бетпе бет жолығасың… Мәселен, Бейбіттің қай уақытта жаттығу залына барып, дайындық жұмыстарын жүргізгісі келетінін я болмаса, жаттыққысы келмейтінін көзінен-ақ сеземін. Кез-келген адамнан білікті бапкер шыға бермейді.
— «Ұстаздың да өз ұстазы болады» демекші, өзіңізге қазақ күресінің әліппесін үйреткен бапкеріңіз жөнінде айтып берсеңіз…
— Мен туып өскен ауылда алғаш рет қазақ күресінің секциясын Мұқан Тастанбеков есімді азамат ашқан болатын. Сол бапкерімнің бас-көз болуының арқасында қазақ күресінің қыр-сырына қанықтым. Бұдан кейін Тараз қаласында Кенже есімді ағамның қоласытында үш жылға жуық классикалық күреспен айналыстым. Университеттің үшінші курсында оқып жүргенімде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Серік Қапалбаевтың мектебінен өттім. Білікті бапкерлерімнің жол сілтеуінің негізінде 25 жасымда қазақ күресінен ел чемпионатын ұтып алдым. Бір айта кетерлігі, 2003 жылдары қазақ күресі ауыз толтырып айтарлықтай жоғары дәрежеде болған жоқ. Қазақ күресінен әлем чемпионаты 2006 жылы тұңғыш рет ұйымдастылды. Сол жарыста шәкіртім Бейбіт Ыстыбаевтың бағы жанып, алтыннан алқа тақты. Ал бүгінде қазақ күресінен Азия, Әлем чемпионаттары өтіп тұрады. Бір ғана «Қазақстан барысы» жобасының өзі неге тұрады? Аллаға шүкір, бүгінде төл күресіміз төрмізге еніп, төрткүл дүниені біртіндеп мойындатып жатыр.
— Сіздің қазақ күресімен қатар дзюдо, самбо күрес түрлері бойынша шәкірттеріңіздің байрақты бәсекелерде топ жарып жүргенін білеміз. Бейбіт Ыстыбаевтың дзюдо күресіне келгенде, осалдау екені ара-кідік айтылып қалады. Жалпы, Бейбіттің 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиадасында атой салуы мүмкін бе?
— Әбден мүмкін. Себебі, Бейбіттің мүмкіншілігі өте зор. Негізі дзюдо күресінің бір ерекшелігі — бірден белгілі бір нәтижие бере қоймайды. Ол үшін талай жылдардың ерен еңбегі талап етіледі. Меніңше, Бейбіт қазақ күресіне жан-тәнімен беріліп, соның жолында барын салып келеді. Егер, дзюдо күресіне мықтап ден қойып, жаттығу залында шынығып, шеберлігін шыңдайтын болса, баһадүр балуандарға теңдессіз қарсылас болатынына шүбәм жоқ.
— Сіздің жаттықтырушы ретіндегі мәнеріңіз, ұстанымыңыз қандай? Жалпы, қатал бапкерсіз бе?
— Менің ойымша, бапкер қатал болмауы тиіс. Әрине, «тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, сабырлылық танытып, ақылға жүгінген дұрыс. Алайда, әрбір адамның туа біткен мінезі болады емес пе? Бір спортшыға дауыс көтеріп, түсіндіру керек болса, енді біріне мақтау арқылы жан дүниесіне терең бойлай аласың…
— Қазіргі таңдағы Жамбыл қазақ күрес мектебінің аяқ алысына көңіліңіз тола ма?
— Жамбыл облысында мықты балуандар өте көп. Бабы келіскенімен, бағы шаппай, іріктеу сынынан өте алмай қалған спортшылар бар. «Қазақстан барысы» жобасы қолға алынғаннан бері балуандардың да қазақ күресіне деген сүйіспеншіліктері, қызығушылықтары екі есеге артқандығын айта кеткен ләзім. Қазір қазақ күресі олимпиадалық күрес түрлерінен еш кем түспейді, көрермендер саны да жыл санап артуда. Өзіңізде көріп отырсыз, «Қазақстан барысының» деңгейі олимпиадалық ойындармен шамалас, деңгейлес… Менің пікірімше, бес жылдан соң, қазақ күресінде ауыр салмақтағы балуандардың қатары күрт артып, бәсекелестік күшті болады. Мәселен, бойшаң, жауырыны тоқпақтай, апайтөс жігіттердің «таксист», не болмаса «күзетші» болып жүргендерін көрсем, көңілім құлазиды. Сол ұландар— қазақы қанымызда қайнап жатқан төл күресіміз арқылы ұлттық рухымыз асқақтап, айбынымызды асырса, қанекей…
— «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев қазақ күресін мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде енгізу туралы ұсыныс-пікірін білдіріді. Бұған не дейсіз?
— Толық қолдаймын. Өйткені, шет мемлекеттерде өздерінің ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізіп, бұғанасы бекімеген балалардың бойына сіңіруге күш салады. Оның үстіне, біздің қазақ табиғатынан күреске өте бейім. Мәселен, бразилиялықтар — футболға жақын болса, орыстар —хоккейге үйір. Ал қазақтың әрбір қаракөзі күрес пен боксқа өте ыңғайлы келеді.
— Дүбірлі додаларда топ жаратын толағайлар ауылдан шығатыны белгілі. Білікті маман ретінде, шалғайдағы қарадомалақтардың көзін ашудың амалдарын қарастырасыз ба?
— Әрине. Менің шәкірттерімнің барлығы дерлігі ауылдың қара шаңына аунап, қазақылықты өн бойларына сіңіре білген балуандар. Бейбіт Ыстыбаев пен Айдос Теңгебаев та ауылдың қарадомалақтары. Бұл екі балуанды өзім іздеп жүріп, тапқан болатынмын. Қазірде менің қоластымда жаттығып, күрестің қыр-сырын меңгеруге талпынып жүрген жас жігіттер баршылық. Жоғары да атап өткенімдей, бапкер ізденуден талмауы тиіс.
— Республикалық «Халық сөзі» газеті Отан қорғаушылар күні» қарсаңында ел алдында ерен еңбек етіп жүрген бірқатар ер азаматтың есімін жариялаған болатын. Соның ішінде сізге: «тасадағы толағай» деген атақ берілді. Жалпы, Елдос Далабай атақ-даңққа қаншалықты қызығады?
— Менің әуелдегі басты мақсатым — Бейбіт Ыстыбаевты үлкен дәрежеге жеткізу болатын. Мен ешқашан ақша қуып, «осы балуанның арқасында атақ-даңққа кенелейін» деген теріс ниетім болған емес Менің көздейтінім табыс емес—ұлттық намыс. Халқымызда: «бұлақ көрсең көзін аш» деген қанатты сөз ғой. Өзім Бейбіттің бойындағы талантын толық аша білдім деп сеніммен айта аламын. Қазірде талабы мен таланты бір арнаға тоғысқан балуандар аз емес. Алайда, олардың мүмкіншіліктерін ашу үшін мемлекеттен қолдау қажет.
— Ашық әңгімеңізге көп рахмет!

 
Сұхбаттасқан —Индира БАЙҚОНЫСОВА
ФОТО — Азат ЕСЕМБЕКОВ

 

http://www.baq.kz