АЛТЫНОРДА
Новости

Девальвация сыбысын алыпсатарлар сәтті пайдалана бере ме?

©dknews.kzБүгін Алматының валюта айырбастау пунктерінде бір доллар 185,6 теңгені құрап тұр. Евроның құны 213,5 теңге, рубльдің бағамы 2,98 теңге. Ал Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша бір доллар 184,45 теңге, евро 208,8 теңге, рубль 2,75 теңге күйінше қалуы тиіс.

Жалпы, қазір елде девальвация туралы сыбыс үдеп тұрған кезең. Бұқараның бір бөлігі «девальвация болады» десе, енді бірі атқарушы билікке үміт артып, Келімбетов мырзаның «девальвация болмайды» дегеніне сенім артуда. Бұл арада атқарушы билік қанша мәрте «жуық арада теңге құнсызданбайды» десе де, валюта айырбастау пункттері доллардың бағамын күн сайын ақырындап көтеріп қояды. Олар долларға күндікке болмашы ғана тиын қосып отырғанымен, халық мұны көріп отыр. Осындай әрекеттерден соң-ақ бұқараның теңгеге деген сенімі азайып, жиған-тергенін көк қағазға айналдырып, тұтынушылардың долларға деген сұранысы еселеп отырған жайы бар. Ал сұраныстың артуы, заңдылық бойынша көк қағаз бағасын өсіріп жіберетіні тағы бар. Тіпті қазір Алматы қаласында доллар тапшылығы мықтап сезіле бастаған. «Қайсыбір валюта айырбастау пункттері доллар сатып аламын,- дегендерге терезелерін тарс жауып, доллар тапшылығын қолдан туындатып отыр. Олардың мұндай әрекетіне тосқауыл қойылуы керек» дейді мамандар.

Абзалында, кешелі бері бұл әрекеттің алдын-алу үшін еліміздің Ұлттық банкі «доллар мен еуроны сатудан бас тартқан Қазақстанның айырбастау пункттері валютаның жоқтығы туралы анықтама беруі тиіс» деп мәлім етті. Аталмыш ережеге сай валюта айырбастау пункттерінде расыменде доллар немесе евро жоқ болса, олар тұтынушыға мұны растайтын құжат толтырып беруі тиіс. «Бұл ережеге бағынбағандардікі заң бұзушылық болып танылады» дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Дегенмен сарапшыларымыз валюта айырбастау пункттерінің көпшілігі бұл ережені ескермейтінін, олардың басым бөлігі заңға томпақ әрекеттер жасайтынын, ал мұның арты елдегі девальвация сыбысын одан әрі «үрлей» түсетінін алға тартуда.

Алыпсатарлардан қалай қорғанамыз?

Жалпы, мамандар экономика заңдарының негізін білмеушілік қай мезетте болмасын үрей туғызатынын алға тартады. Мәселен, біреу бір нәрсе депті деп дереу ойға шому: қаражат қай валютада сақталған немесе ол дұрыс инвестицияланған ба, тек бұл ғана емес, сондай-ақ жаңалықтарды жіберместен тыңдау, теңге мен доллар бағамын қадағалау, банкке хабарласып, ең соңында көршінің айтқанына қатысты бір қап қант пен ұн немесе валюта сатып алуға жүгіру. Міне, мұндай жайттар біздің өмірімізде күнделікті кездесіп келеді. Сөз жоқ, мұндай қаржы сауатсыздығы адамның алдын буалдандырады. Алаяқтың шырмауына түсіреді. Мұндай дағдарыс кезінде түрлі алдамшылар халықтың абыржып қалғандығын пайдаланып, өз белсенділіктерін арттыра түседі. Осындай білмеушілік салдарынан халықтың қолындағы ақша көп жағдайда алыпсатарлардың қолына түседі. Бұдан солар пайда көріп, кірісін көсіп ала түседі.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

– Білесіздер, 2014 жылғы ақпан айындағы девальвация кезінде валюта айырбастау пункттерін қойып, екінші деңгейлі банктердің бірқатары АҚШ валютасын сатуды шектеді. Осы сәтте алыпсатарлар да лезде пайда болып, долларды 190 теңгеге дейін көтеріп жібергендері болды. Рас, долларға белгіленген дәліз 184-188 теңгенің айналасы. Бірақ неше күн қатарынан өзінде алыпсатарлар 1 долларды 185теңгеден асырып сатып жатыр. Нақ қазір валюта айырбастау пункттері әліптің артын бағып отыр. Елде девальвация туралы сыбыс өршіп тұр. Олар осы тұсты сәтті пайдалануда. Сондықтан қарапайым халық экономика негіздерін бағдарлап отырса, мұндай дүрлігуге негіз болмас еді. Біз өзіміз сол алыпсатарларға мүмкіндік тудырып отырмыз. Ендеше «оларды заңмен бақылап, қадағалау шараларын қатаңдату керек» деп есептеймін.

Көршінің көңіл күйі де халыққа әсер етуде

Қаржы сауаттылығы өз алдына, көрші Ресейдің жағдайы да халықты алаңдатып отырған жайы бар. Бұған қатысты сарапшылар «доллардың бағамын аңдып, күн сайын әрбір қаңқу сөзге селт етіп отыратын бұқараның жөні бар» дейді сарапшылар.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

– Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып, бұл тұрғыда санкциялар соғысы басталып кеткелі қашан?! Әрине, мұның барлығы қарапайым халықты алаңдататын жөні бар. Ресейдің тек қана қаржылық-экономикалық ахуалы жөнінде айтар болсақ, қазірде бұл тұрғыда «әлемдік соғыс» басталып кетті деуге болады. Рубль күн сайын құнсызданып жатқаннан кейін, қарапайым халықтың қолында ақшасы бары «тағы да девалвация болуы мүмкін» деген оймен жаппай доллар сатып алуда. Ал долларды құр сатып ала берудің қажеті жоқтығын, оны сатып алып депозитке салып тастағанмен, банктерде доллар несиеге сұраныс жоқ екенін, оны банктер айналымға сала алмайтынын халық әлі пайымдай алмай отыр. Қазір теңгене қысым түсіп жатқанын мойындауымыз керек. Ресей рубльі күнен-күнге кері кетіп жатыр. Мұнай бағасы кеше 53 долларды құрап еді соған мәз болыстық. Мұның барлығын көріп отырған алыпсатарлар әрине бұл жағдаймен ойнайды. Жалпы, валюта алыпсатарлары деген валюта бағамын өзгертуден пайда табатын халық. Валюта тәуекелін әдейі қабылдау, не валюта тәуекелін сақтандыру жөніндегі валюта операцияларын қасақана жасамау арқылы олар пайда көреді. Ресейдегі рубль бағамының төмендеуіне санкциялардан, мұнай бағасынан бөлек нақ осы спекулянттар да өз әсерін тигізді. Ресейде нарық үлкен. Қазақстанда ондай ірі спекулянттар жоқ» дегенімізбен, бізге де былтыр ақпан айында теңгені девалвациялауға осы спекулянттардың әсері болды. Алыпсатарлар айналымдағы долларды көбейтіп, Ұлттық банк сол долларды көптеп сатып ала бергендіктен де, доллардың айналыстағы көлемі артып, теңге әлсіреген болатын. Қалай десек те, алыпсатарлардың қазір де теңгеге қысымы бар. «Валюта бағамы төмендейді» деп оның төмендеуіне ойнау, «валюта бағамы жоғарлайды» деп оның жоғарлауына ойнау бізде қазір бар. Білесіздер, ақпандағы девалвация кезінде Ұлттық банк заңдылықты сақтамаған осындай бірқатар валюта алыпсатарларын жазалады. Дегенмен алыпсатарлардың көбісі үнемі өздерінің бас пайдаларын ойлайтындықтан, тіптен қайсібірі шет мемлекеттерде, Ресейде, өзге ТМД елдерінде отырып кәсібін дөңгелете алатындықтан бізге бұл арада заңдық тұрғыда сақтық шараларын күшейту керек. Олай етпесек, болашақта теңгеге ірі қысымды нақ осы алыпсатарлар жасауы мүмкін. Бізде қай салада болсын алыпсатарлдар Үкіметтің алдын орап кетеді. Тұрғын үй саласы болсын, азық-түлік бағамын көтеру болсын, теңге бағамы болсын кез келген салада алыпсатарлар жағдайды бағып, сәтті пайдалана алады. Сондықтан бұл салаға қатаң заң және тазалық керек. Олай етпесек ұтыла береміз.
Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/devalvatsiya-syibyisyin-alyipsatarlar-satt-paydalana-bere-me-62528/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі