АЛТЫНОРДА
Новости

Бүйректен сирақ шығарып…

Бұл күнделікті өмірде кездесіп жүрген көріністер. Бір қарағанда ұсақ-түйек, болмашы нәрселер болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай ой түю қате болар еді. Өйткені бұлар ашу-ызаңды келтіреді, намысқа тиеді. Намыс болғанда жеке бастың жайы емес. Ұлтыңа, еліңе ұят келтіретін жайттар.

…Алматы қаласындағы «65» аталатын автобуспен келе жатырмыз. «Сайран» автовокзалынан кейінгі бір аялдамадан соң кондуктор жігіт «Келесі аялдама София» деді. «Софиясы не дейміз?» – ішімізден. София көшесінің ұлтымыздың ғажайып композиторы, Қазақстанның және КСРО-ның Халық артисі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев атындағы көше болып өзгергеніне қаншама жыл! Биыл тура жиырма жыл болады. Кондуктор – қазақ жігіті. Көп болса жиырма үш-жиырма төрт шамасында. Нағыз Тәуелсіздік азаматы. Былай қарағанда, тұлабойы отаншылдық, елжандылық сезімге толы болуы тиіс. Тілендиевтің атын көпке саңқылдай хабарлау мақтаныш емес пе? Әлде көшенің Тілендиев атындағы екенін білмей ме екен? Жоқ, біледі екен. Білсе де әдейі істеп тұрған болып шықты. Өйткені осы кезде жолаушылардың ішіндегі қартаңдау әйел кондуктордың аялдама атын бұрмалағанына шыдай алмай, ренішті сөзін ақтарып салды. «Мен көбіне осы автобуспен жүремін. Үнемі еститінім осы. Көшенің Тілендиев атындағы екенін білсе де «София» деп қақсауын қоймайды. Сенің олай айтуға қандай хақың бар?» деп еді, кондуктор мұны құлағына ілмей «қалай хабарлау керек екенін өзім білем» деді. Бұған шыдай алмаған үш-төрт жолаушы қартаң әйелдің ескертпесі дұрыс екенін айтып дауысымызды көтердік. Осыдан кейін ғана кондуктор жігіт екпінін басты.
…Биылғы сәуірдің сегіз, тоғыз­да­рында ғаламтордың ең алғашқы бетіндегі «Қазақстандағы жарнама» айдарымен Алматыдағы «12 месяцев» деген құрылыс маркетінің жарнамасы берілді. Онда маркет жұртшылықты 12-15 сәуір аралығында өтетін «Открытие года» деген мерекеге шақырады. «Төмен бағалар!», «Керемет жеңілдіктер!» деген жазулар менмұндалап тұр. Жарнама соңында маркеттің мекенжайы берілген «ул. Ташкентская, 516 (угол ул. Саи­на)» делінген. Алматыда Ташкент көшесі бар ма? Бұл көшенің Райымбек атындағы даңғыл болып өзгергеніне қай заман? Көшеге бұдан ширек ғасырға жуық, яғни 1990 жылдың 17-шілдесінде Алматы қаласы әкімінің шешімімен қазақ батыры, атақты қолбасшы ­Райым­бек Хангелдіұлының есімі берілді. Айтпақшы, бұл даңғылдың Ташкент атауынан кейін Октябрьдің 50 жылдығы деген де аты болған. Ауызекі тілде айтылса бір жөн. Сан мыңдаған адам көз тігетін ақпарат көзінде көзді бақырайтып қойып бұлайша жазылуын қалай түсінуге болады.
Мұндай келеңсіз жайттар не себепті орын алып отыр? Сана жетілмей жатыр ма, әлде «мұнда тұрған не бар?» дегендей келте ойдың жетегінде жүрміз бе? Алайда бұл жүрдім-бардым қарайтын нәрсе емес. Әйтпесе, кезінде тиісті шешімдер қабылданбас еді ғой. Демек, шешімге де, заңға да пысқырмайтындар бар деген сөз. Себебі жіберген кемшіліктері үшін жазаланып жатқан ешкім жоқ. Осыны білгендіктен шығар, енді әбден қалыптасқан, халықтың өзі де, көзі де үйренген «Алматы» атауын бүйректен сирақ шығарып «Алма-Ата» деп өзгертсек дұрыс болар еді» деген ұсыныс та айтыла бастады. Бұл мүлде қисынсыз. Әлгіндей пікір айтушылар тарихтан, сөздің құрылымынан, тілдік нормадан мүлдем бейхабар адамдар.
«Сонда не істеу керек?» дерсіз. Былай істеген жөн болар. Бұл мәселе «Ана тілі» газетінде жиі көтеріліп жүр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: елімізде «Тіл инс­пекциясы» құрылғаны жөн. Бұл құрылым сөзді, атауды бұрмалағандарға айыппұл да сала алады, басқа да қатаң шараларды жүзеге асыра алар еді. Осы құрылым өмірге келсе жарнамадағы, көшелердегі қателер үшін адамдардың жүйкесі де тозбас, әлдекімдерге «ақыл-кеңес» айту да тыйылар. Ең бастысы қоғамда қазақ сөзі орынды қолданылар еді.

Нұрперзент ДОМБАЙ

 

http://anatili.kz/?p=13497