АЛТЫНОРДА
Новости

Будандаспаған қазақ малының етіне әлем қызығып отыр

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Өткенде Израильдегі Рафаэль Реканати атындағы интитуттың генетиктері қазақтың ет және ет өнімдеріне қатысты елең еткізерлік бір пікір білдірді. Бұл ретте Кларк былай деді: «Қазақ малының еті сапасы жағынан гендік модификацияға түспеген. Қазақтың малы таза табиғи шөптермен қоректенген. Сондықтан келешекте бұл елдің етіне және ет өніміне әлемдік тұрғыда сұраныс өсе түседі».

Сол-ақ екен, осы саланы зерттеп жүрген біраз мамандар қазақтың мал шаруашылығы саласын електен өткізуге кірісіп кетті. Мысалы, кеше Ресей экономист-сарапшысы Олег Лурьев твиттердегі парақшасында тағы да біздің елге қатысты пікірін білдірді. Лурьев мемлекетіміздің осы уақытқа дейін мал шаруашылығы саласына қатысты біршама оңды істер атқарып отырғанын, бірнеше ірі-ірі бағдарламалар қабылдағанын айта келе, бірақ біздің әлі де болса мал басын сақтандыру қорларын құруға аса мән бермей отырғанымызды алға тартты.

Рас, біздің мемлекетіміз осы уақытқа дейін мал шаруашылығы саласына серпін беру мақсатында бірнеше бағдарламалар легін жасақтады. Мал басын көбейту мақсатында асыл тұқымды мал өндіру ісіне бірқатар жаңашылдықтар енгізілді, мал өсіремін деген шаруаға мемлекеттік жеңілдіктер де қарастылуда. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Десек те бұл ретте мәселенің бетін ғана сылап-сипап отырған тәріздіміз.

Біздің қазақта «жұт айтып келмейді» деген нақыл бар. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ біз сол айтып келмейтін жұттан сақтана алып отырмыз ба?! Басқа сала өз алдына тек мал шаруашылығына қатысты сөз етсек, бүгінде қазақтың малы ағын суға ағып опат болса да, дауыл соғып қақыраса да, ауруға шалдықса да шығынға ұшыраған малдың 100 пайыздық төлемін алу тым қиын. Осыдан болар ауыл шаруалары «мал бір жұттан қалмайды» деп қолындағы асырап отырған малы ақсақ-тоқсақ бола бастаса немесе қандай да бір ауруға шалдықса бірден етке өткізіп жіберуге бейіл. Мұндайда «осы біз қора-жайды, мал басын сақтандыру мәселесіне неге мән бермей отырмыз?» деген сауал өзінен-өзі туындайды.

Мысалы, бұл ретте шетелде жекелеген ұлттық сақтандыру компанияларының үлесі зор. Асыл тұқымды мал өсіруде алдына жан салмайтын Австралия мен Бразилияда бұл мәселенің тетігі әбден шешілген. Бұл аталған екі елде де арнайы мал шаруашылығын сақтандыру қорлары бар. Осы қорға елдің алпауыт ұлттық компаниялары белгілі бір пайыздық мөлшерде қаржы салып отырады да, ол қаржы малдың жем-шөбін; жайылымын, тіпті қажет болған жағдайда мал басының өз шығынын өтеуге жұмсалады.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

– Ақиқатын айтсақ, ауылда қазір мал өсіруге құмартып отырған жан өте аз. Қорасында бірлі-жарым мал ұстап күнделікті қажетін өтейтіндердің қарасы тіпті азайып барады. Ірі шаруа қожалықтарының өзінде малдың қажетін өтейтін заманға сай қарым мен қабілет өте аз. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер әлдеқандай жағдай болса бізде мал басын сақтандыру үрдісі бізде мүлде жоқтың қасы. Қандайда бір мал шығынға ұшыраса өтемақы төленген болып жатады. Бірақ ол өтемақыны алу үшін шаруаның қаншама құжат жинауы керек. Малдың шынымен де шығынға ұшырағанын дәлелдеуінің өзі бір қиямет. Ол берілген өтемақы тіпті малдың өз басын қайта сатып алуға жетпейді. Сондықтан біздің елімізге мал басын сақтандыру қорларын құру керек. Ол мемлекеттік бола ма, жекелеген сақтандыру қорлары бола ма, бірақ үкіметтің қадағалауында болуы керек. Егер болашақта мал шаруашылығын сақтандыру қорларын құрып, сол арқылы осы саланың жоқ-жітігін түгендер болсақ мәселе сәл де болса жеңілдер еді. Әсіресе сол сақтандыру қорларының жұмыс істеуіне ірі холдингтер септігін тигізіп, белгілі бір пайыздық мөлшерде қаржы аударып отырса бұл да үлкен көмек болар еді. Міне, осылайша мемлекеттен бөлінер қаржыдан бөлек холдингтер мал шаруашылығына болмашы инвестиция бөлсе, елде мал шаруашылығының тынысы ашыла түсер еді. Жалпы, мал шаруашылығына серпін беру ет және ет өндірісі экспортын ұлғайтуға әсер ететіні белгілі. Сондықтан ет экспортының межесін бағындыру үшін мал шаруашылығы саласын сақтандыратын арнайы қор құру қажет деп есептеймін. Мұндай қор құру ет экспортындағы жоғары межені өсіруге мол мүмкіндік береді.

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, арнайы сақтандыру қорларын құру мал шаруашылығындағы межені еселеуге; мал басының өнімін ұлғайтуға, өнім сапасын арттыруға жол ашпақ. Осыған орай мамандар «бірінші кезекте мал басын сақтандыруға назар аударуымыз қажеттілік» дейді.

Сондай-ақ мамандарымыз ешқандай будандастырудан, шағылыстырудан өтпеген ежелгі мал тұқымдарының басын сақтауға қатысты да арнайы бір бағдарлама қажеттігін де алға тартып отыр.

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

– Білесіздер, 1990-2000 жылдары қазақтың мал басы өте қатты кеміді. Бұл жылдар қазақ мал шаруашылығының тоқырау кезеңі болды. Ол кезеңде елдегі қойдың басы төрт есеге кемісе, жылқы малы 1 млн 200 мыңнан, 600 мыңға дейін кеміді. Осы тұстары ең алдымен елдегі тұқымдық малдардың зауыттары құрдымға кетті. Сол зауыттардың аясында жасалған қазақ малының гендік қоры да жойылып кете барды. Мәселен, Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды қой, Еділбай қойлары  өсірілсе, Орталық Қазақстанда бес ата қойлары, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды қойлары мен, әр түрлі құйрықты қойлар, моңғол тұқымдас қойлар өсірілді. Қазір елде сол 26 тұқымның төртеуі ғана сақталып қалды. Аңғарғанға, бұл дабыл қағатын үлкен мәселе. Біз үшін нақ қазір бұл өткір мәселелердің бірі ретінде мемлекеттік бағдарламаға енгізілуі тиіс. Әйтпесе  ең кемі бес жылдан соң біз ата-бабаларымыз азық етіп, күн көрісінің бір бөлшегіне айналдырған ежелгі мал тұқымдарын тек суреттен ғана көріп отырамыз. Келешекте әлемде гендік модификацияға түспеген ас-ауқатқа сұранысы арта бастайды. Сол кезде біздің қазақы қойларымыздың еті де үлкен сұранысқа ие болады. Қазірдің өзінде Еуропа елдері қазақ малының табиғи таза екендігін, денсаулыққа пайдасы зор екендігін зерттей бастады. Ендеше осы арада бізге де бүгінгі кезеңнен бастап ежелгі мал тұқымдарына қатысты түйдектелген мәселелерді шеше бастаған абзал.

Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/budandaspagan-kazak-malyinyin-etne-alem-kyizyigyip-otyir-57555/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі