АЛТЫНОРДА
Новости

Бірінші Алаш республикасы қалай құрылды?

Бірінші Алаш республикасы қалай құрылды?«Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біздің ендігі міндетіміз – осы тәуелсіз мемлекетімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек».

Нұрсұлтан Назарбаев

Жаңа күнтізбеге сәйкес, бүгін желтоқсанның 25-сі күні (ескіше жыл санаумен 12 желтоқсан) қазақтың Бірінші Республикасы – Алаш Республикасы құрылғанына 97 жыл толды. Жаңа күнтізбеге бүкіл өркениетті әлем көшкенде біз неге қалуымыз керек? Ресейдің өзі 1917 жылғы 25 қазандағы большевиктердің билікті басып алуын жаңа күнтізбе бойынша 7 қарашаға көшірді емес пе? Сонымен, ескі күнтізбе бойынша 1917 жылдын 5-13 желтоқсан аралығында, ал жаңа күнтізбеге сәйкес 18-26 желтоқсанда Орынбор қаласында ІІ-ші жалпықазақ съез өтті. Бұл, сол жылдың шілде айында, сол жерде өткен І-ші жалпықазақ съезінің жалғасы болатын. Жалпықазақ съезге ұлы даланың әр аймағынан келген болыстық, уездік, облыстық 68 съездерден іріктеліп шыққан легетимді делегаттар қатысқан болатын. Съезге ресми саны 82, жалпы саны 300-ге тарта адам қатысты. Бұл съезді ұйымдастырушылар – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Сағындық Досжанов, Міржақып Дулатов болатын.

Съезд қараған өзекті мәселе Алаш Республикасын құру болатын. Съезд күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: Алаш автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды. Алғашқы баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасап, ол жөнінде қауыл қабылданады. Қауылда – қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі мәселерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.

Баяндама бойынша съезд: Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы һəм Əмудария бөлімдеріндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы һəм Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ – қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық-территориялы автономия құрады;

– Қазақ автономиясы «Алаш» деп аталсын.

– Ұлт Кеңесі құрылсын, мұның аты «Алашорда» болсын.

– Алашорданың тұратын орны — Семей қаласы болсын деген қаулы шығарды.

1918 жылдын 22 қаңтар күні алаш арысы Әлімқан Ермеков «Сарыарқа» газетінде жариялаған мақаласында Алаш Республикасы құрылғаны туралы былай еске алған болатын «Декабрьдің 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді…автономия бізге өмірлік мақсұт еді».

ІІ-ші жалпықазақ съезі 15 министірден тұратын Алашорда үкіметінің құрамына осы саясаткерлерді сайлайды: 1) Бөкей ордасынан – Уəлитхан Танашев (1887-1968), заңгер, 2) Оралдан – Халел Досмұхамедов (1883-1939), әскери дәрігер, 3) Ақмоладан – Айдархан Тұрлыбаев (1877-1937), заңгер, 4) Торғайдан – Ахмет Бірімжанов (1871 – 1927), заңгер, 5) Семейден – Халел Ғаббасов (1888-1931), физик-математик, 6) Жетісудан – Садық Аманжолов (1889-1941), заңгер, 7) Сырдариядан – Мұстафа Шоқай (1890-1941), заңгер, Облыстардан тысқары: 8) Арқадан – Əлихан Бөкейхан (1866-1937), заңгер, экономист, математик, 9) Орал облысынан – Жаһанша Досмұхаметұлы (1887-1930), заңгер, 10) Қарқаралыдан – Əлімхан Ермеков (1891-1970), математик, 11) Жетісудан – Мұхаметжан Тынышбаев (1879-1937), инженер, 12) Бөкей ордасынан – Бақтыгерей Құлманов (1859-1919), шығыстанушы, 13) Лепсіден- Базарбай Мəметов (1888-1946), заңгер, 15) Шығыс Қазақстаннан – Отыншы Əлжанов (1873-1918), мұғалім. Осындай ғылыми-интелектуалды, кәсіби үкімет құрамы әлемдік тарихта көп кездесе бермейді. Сол уақытта Ленин бастаған большевиктердің интелектуалды деңгейі Алашорда үкіметімен салыстыруға да келмейтін. Ал Сталиннің бар білімі – православ семинариясынан аса алмаған. Әрине нақты, гуманитарлы терең ғылыми ойлау қабілетінің иестері – алашордашылар қасында кремльдік аватюрист жендеттер түк білмейтін, надандар болып олармен интелектуалды бәсекелесуге күштері жетпеген.

Алашорда үкімет мүшелері сайланған соң, Алашорданың төрағасын сайлау өткізілді. Яғни, бұл дегеніміз – қазақ мемлекетінің тарихындағы тұңғыш республикалық негіздегі демократиялық принциптерге сай жүргізілген баламалы әділ сайлау болатын. Сонымен, Алаш Республикасының президенттігіне 3 үміткер сайлауға түседі, олар: Бақтыгерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев, Əлихан Бөкейхан. Сайлау қортындысы бойынша: Құлмановқа – 19, Тұрлыбаевқа – 20, Бөкейханға – 40 адам дауыс беріп, Әлихан Бөкейхан қазақтың тұнғыш республикасы – Алаш Республикасының президенті болып сайланды. Бұл туралы президент Назарбаев 2005 жылы өзіңін «Еуразия жүрегінде» атты кітәбінде «Қазақстандағы алғашқы баламалы сайлау нәтижесінде, мұны атап өту керек, тәуелсіз Қазақстан Үкіметінің – Жалпықазақ Ұлттық Кеңесінің Төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды» деп жазып, Әлихан Бөкейханның тұңғыш президент екенің мойындаған болатын. Осы айдың басында Қазақстанға мемлекеттік сапармен Бесінші Француз Республикасының президенті Франсуа Олланд келіп кетті. Сапар аясында Бесінші Республиканың негізін қалаушы һәм тұңғыш президенті генерал Шарль де Голльға Астананың «Ақбұлақ-3» шағын ауданында Шарль де Голль атындағы классикалық француз стилінде орындалған «Француз орамы» тұрғын үй кешендері тұрғызылған көшеде ескерткіш ашу жоспарланған болатын, бірақ ескерткіш ашылмады, себебі белгісіз. Бірақ, айтайын дегеніміз ол емес еді. Классикалық француз стиліндегі үйлерде тұрғысы келетін билік, Францияның классикалық ғылыми саяси-тарихи мемлекеттік мұрагерлікті сақтаған мемлекетте тұрғысы келмейді. Осы орайда «Ашық Алаң» газетіне берген сұхбатында Алаш зерттеушісі, журналист Болат Мүрсәлім: «Әлихан Бөкейхан 1917 жылы «Бостандық! Теңдік! Туысқандық!» деген Францияның бірінші республикасының ұранын екі мақаласында келтіреді. Өзге алашордашылар да осы ұранды жиі айтқан сол кезде» деп, постотарлық мемлекеттер өздерінің республикалық жүйеге бүгін келмегенің дәлелдеп көрсеткенің одан әрі айтты: « …жақында Қырғызстан облыстық мәртебе алғанына 90 жыл толған мерейтойын кең көлемде атап өтті. Шетел тәжірибесіне қарасақ, Украина, Әзірбайжан елдері алаш қозғалысы кезеңін алғашқы республиканың қалыптасқан кезеңі деп санайды. Сол тұрғыдан алғанда Алаш автономиясы – бірінші, Кеңестік кезең – екінші, бүгінгі Қазақстан – үшінші Республика деп айтуға болады. Ол үшін қоғамдық пікір солай қалыптасу керек. Және билік те бұны ресми түрде тану керек» деп әрі қарай «2013 жылы ақпанда Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Әлихан Бөкейханның үзеңгілес досы, кезіндегі Дума депутаты, Кадет мүшесі Әлимардан Топчыбашының 150 жылдығы мен Әзірбайжан автономиясының 95 жылдығын лайықты атау туралы Үкіметке тапсырма беріп, Әзірбайжан Үкіметі өз қаулысында ол автономияны «Әзірбайжан демократиялық республикасы» деп көрсетті» деді, және Б.Мүрсәлім 4 жыл бұрын жазған мақаласында ойын былай жеткізді: ««Бостандық! Теңдік! Туысқандық!» Бірінші Француз республикасының ұраны болған, әлі күнге Франция Конституциясының Преамбуласында тұрған бұл категорияларды 1917 жылы Ә.Бөкейхан бірнеше мақаласында тектен-тек атамайды. Сол себепті Ә.Бөкейхан құрғысы келген автономияны Бірінші Қазақ Республикасына ұқсатуға болар еді. Әрі Әлихан Бөкейхан Алашорда үкіметіне жалпыхалық ұсынған делегаттардың дауыс беруі арқылы сайланды. Яғни, съездегі сайлауда ол 82 дауыстың 40-ына ие болды. Бұл қазақ тарихындағы тұңғыш республикалық негіздегі жалпыхалықтық әділ сайлау».

Мемлекеттік басқару фомасы республиканың ең маңызды белгісі – мемлекеттік билікке белгілі мерзімге сайланған органдар билікті жүзеге асыруы. Алаш Респблика ретінде, оның жоғарғы басқару билігіне органдар сайланған болатын. Бірінші Республика Алаш. Ал, қазір айтлып жүрген Кеңестік Қазақстан шын мәнінде Республика ма? Ойланып көрейік. Бұл кезекте президент Назарбаевтың осы сөзі маңызды «Қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін біз Ресей патшалығының, одан Кеңес Одағының боданы болдық». Президент осы сөзінен Кеңестік Қазақстан – Республика болмағаның, оның отар мемлекет болғаның аңғарамыз. Отар ел қалай республика болсын? Мәселен, Франциямен паралель жүргізіп көрсек 1870-1940 жылдары Үшінші Француз Республикасы болатын, 1940 жылы гитлерлік Германия ІІІ Республиканы басып алғаннан кейін, ол өзіңін тіршілігін тоқтатты, бірақ Франция азаттық алғанна кейін 1946 жылы Төртінші Француз Республикасы жанданып 1958 жылы Бесінші Республикаға дейін өмір сүрді. Біздің кезекте, І-ші Алаш Республикасы қазақтың ең соңғы ханы Кенесары өлтіріліп, қазақ мемлекеті орыс империясының отарына айналғанда, ұлттық тәуелсіздікті қайтарып, оны жандандадырғанда большевиктердің отарына айналды, ал ол отарлық езгіден құтылып шыққан қазіргі Қазақстан Республикасы І-ші Республиканың тарихи-саяси мұрагері ретінде ІІ-ші Республика болып есептелмейді ма? Халықаралық тәжірбиеде мынадай мысалдар бар: 1873 жылы Испанияда ІІ-ші республика болатын, ол 1 жыл дай өмір сүрді, ал конституцияға сәйкес Федералды Австрия Мемлекеті аталатын Австрия де-факто Республика болып І-ші Австрия Республикасы деп аталынатын, ол 1-ші мен 2-ші дүниежүзілік соғыс арасында өмір сүрген, өзіңін өмір сүруін нацистік Германияның аншлюсынан кейін тоқтатты.

Бірінші Француз Республикасының тарихы 1793 жылы Конституциясының қабылдануынан басталады. Бесінші Республиканың тарихы да 1958 жылы Конституциясы қабылданғаннан кейін бастау алады. Бірінші Алаш Республикасының Конституциясын – «Қазақ елінің уставы» деген ұлттық-либералды еңбекті Петерборда оқыған, білімді заңгер Барлыбек Сырттанов тұңғыш рет 1911 жылы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен жазып шыққан болатын. Тағы «Қазақ елінің уставынан» басқа Конституция болып есептелінетің, 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасы мемлекеттік құрылымын анықтайтын нағыз конституциялық мәнге, мазмұнға, сипатқа ие, демократиялық ұстанымдағы құжат. Бұл туралы президент Назарбаев «Біз қазір 1917-1919 жылдарда күшінде болған Алаш үкіметінің бағдарламалық құжаттарының өзі кеңестік үлгідегі барлық Конституцияға қарағанда неғұрлым көбірек конституциялы болғанын барынша айқын айта аламыз» деп оны Конституция ретінде мойындаған.

Келесі жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады, ал 2017 жылы І-ші Алаш Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. І-ші Республиканы мойындамай қалайша Қазақ хандығының құрылғаның атап өтеміз? Билік, Алаш Республикасын І-ші Республика деп ресми мойындау қажет, себебі І-ші қазақ республикасы мойындалмаса қазіргі ІІ-ші қазақ республикасы легетимсіз һәм негізсіз болып болып табылады ғой! Қазақ хандығының тікелей тарихи-саяси және тарих хронология бойынша мұрагері болып І-ші Алаш Республикасы есептеледі! Қарапайым логикаға салып қараңызшы: бір болмаса екі қалай болады? Мемлекет тамырына балта шабу емес па? І-ші Алаш Республиканы мойындамау – үлкен саяси қателік, тарихқа қайшы келу және өз-өзіңді мойындамау, Қазақстанның қазіргі территориясын мойындамау, себебі 1920 жылы 24 тамыз күні І-ші Республика үкіметі Ленин мен Сталинді иландырып Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірді. Президент Назарбаев бастаған мемлекеттік саяси билік І-ші Алаш Республикасын мойындап Қазақстанды ІІ-ші Республика ретінде жариялап оның тарихи-саяси мұрагерілігін жалғастырған жағдайда ІІ-ші Қазақ Республикасы Еуропа мен Жапония үлгісіндегі ұлттық мемлекет болып табылып, демократиялық саяси жүйе орнайды, сыртқы саясатта қазіргі Қазақстан ұстанатын «көпвекторлық саясат» аталатын тәуелсіздікке қауіпті жалан риторика мен еуразияшылдық сияқты маргиналды идеялардан бас тартып, І-ші Республика және оның президенті берік ұстанған батысшылдықты бағытын таңдайды.

2023 жылы Түркия Республикасы құрылғанына 100 жыл толады, және оның негізін қалаушы Ататүрктің есімі республикамен бірге тойланады. Тарихқа сәйкес Әлихан Бөкейхан қазақтың тұнғыш президенті (оны президент Назарбаев өз кітәбінде мойындағанын жоғарыда жаздық) һәм І-ші Алаш Республикасын құрушы. Енді Президент мұны ресми түрде мойындау керек, сонда ғана әр жылдың 1 желтоқсанында аталып өтетін тұңғыш президент күні тарихи мағынаға ие болар еді, ал мойындаған жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы де Голль сияқты қазіргі ІІ-ші Қазақ Республикасын құрушы және оның тұңғыш президенті болар деі. Бірақ, Республика құрып оның тұңғыш президенті болу билікте мәңгі отыруды білдірмейді. Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай «Бітімі бөлек бір адам – де Голль. Ол азарды да, эмиграцияны да бастан өткерді, бірақ кереметтей өрлік-ерлік көрсетіп, Францияны азат мемлекет ретінде қалпына келтіріп қана қоймай, Алжирден асқақ туы жылжымай кете білді, азамат соғысының алдын алды. АҚШ-қа әскери тәуелділіктен арылды, батыс әлемінде Францияға ерекше орын әперді» деп үлгі тұтатын Шарль де Голльдің өзі, өзі орнатқан авторитарлы билігінің асқындауының кесірінен 1968 жылы Париж көшелеріне наразылық білдіріп шыққан жастардың көтерілісінен кейін кеткені белгілі.

Президент Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегiндегi Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiндегi Алаш партиясының алатын орны мен қызметiн зерттеу – Отандық тарихымыздың ең өзектi мәселелерiнiң бiрi. Өйткенi кезiнде «Алаш» партиясының жетекшiлерi ұсынған қағидалары күнi бүгiнге дейiн өз маңызын сақтап отыр» деп жазған болатын. Әсіресе қазіргі танда тәуелсіз газет журналдарға қысым көрсетіліп, сөз бостандығына шектеу процестері жүріпжатқан кезде «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасының «Негізгі құқық» атты үшінші бөлімінде «Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, кітап басуға, газет шығаруға – еркіндік» деп жазылғанды билік жақсылап зерттеп алса екен деп тілейміз.

25 желтоқсан – Бірінші Алаш Республикасы құрылған күн құтты болсын Алаш ұрпағы! Тұңғыш президентіміз Әлихан Бөкейханның 97 жыл бұрын «Қазақ» газетінде жазған мына сөзің естен шығармайық «АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ БҰЛ ЖОЛЫ БОЛМАСА, ЖАҚЫН АРАДА ӨЗ ТІЗГІНІ ӨЗІНДЕ БӨЛЕК МЕМЛЕКЕТ БОЛАР».

Әнуар Шотбай

(Түпнұсқадағы тақырып: «БІРІНШІ РЕСПУБЛИКА – АЛАШ»)

kerey.kz сайтынан

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/brnsh-alash-respublikasyi-kalay-kuryildyi-59997/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі