АЛТЫНОРДА
Новости

Берлинде Украина жайлы министрлер келіссөзі өтеді

Бүгін Берлинде Германия, Франция, Украина және Ресей сыртқы істер министрлері Украина дағдарысын реттеу жөнінде келіссөз өткізеді. Берлиндегі кездесу қаңтардың 15-інде Астанада өтуі ықтимал төрт ел басшыларының саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Бірақ Германия канцлері Ангела Меркель қаңтардың 10-ы күні Ресей президенті Владимир Путинге саммит ұйымдастыруға «әлі ерте» деген. Меркель мұның алдында келіссөзге қыркүйекте Минскіде жасалған келісім шарттары орындалатындай болса ғана баруға болатынын мәлімдеген.

Франция президенті Франсуа Олланд Астанадағы кездесуге «дағдарысты реттеуде нақты қадамдар жасалса ғана» баратынын білдірген.

Украина президенті Петр Порошенко өткен айда қаңтардың 15-інде Астанада Германия, Франция және Ресей президенттерімен кездесу жоспарланып отырғанын мәлімдеген.

БҰҰ мәліметінше, Украинаның шығысында былтырғы сәуір айынан бері үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы соғыстан қаза тапқандар саны 4700 адамнан асқан.

12 қаңтар 2015

http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26788268