АЛТЫНОРДА
Новости

Беларусьте саяси тұтқын түрмеден шықты

Түрмеден босап шыққан Алесь Беляцкийді (ортада) темір жол вокзалында күтіп алғандар. Минск, 21 маусым 2014 жыл.Беларусьтегі белгілі құқыққорғаушы Алесь Беляцкий түрмеден шығып, Минскіге жетті деп хабарлайды Азаттықтың Беларусь қызметі. Бұның алдында Беляцкий әйелі Наталья Пинчукке телефон шалып, өзінің бостандыққа шыққанын және Минскіге поезбен келе жатқанын айтқан.

Азаматтық белсендіні туыстары мен серіктері бүгін Минск темір жол вокзалында күтіп алды. Оны түрмеден жаза мерзімі бітпестен не себепті босатқаны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Беларусь халық майданы оппозициялық қозғалысын құруға атсалысып, «Вясна» адам құқығын қорғау орталығының жетекшісі болған Алесь Беляцкийді 2011 жылы 24 қарашада Минск қалалық соты «салық төлеуден жалтарған» деген айыппен төрт жарым жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеуге үкім шығарған еді.

Тергеушілер Беляцкий Литва мен Польшада банктік есеп шоттарын ашып, содан алған ақшаны Беларусьте құқыққорғау ісіне пайдаланып заң бұзған деп айыптаған. Құқық қорғаушы өзін кінәлімін деп есептемейді.

«Халықаралық амнистия» ұйымы оны ар-ождан тұтқыны деп жариялаған. АҚШ, Еуропа одағы мен халықаралық ұйымдар Минскіден белсендіні босатуды бірнеше рет талап етті.

Соңғы бірнеше жылдары қоғамдық ұйымдар Алесь Беляцкийді Еуропарламенттің Андрей Сахаров атындағы «Ой азаттығы» сыйлығына, Еуропаның бірқатар саясаткерлері оны Нобель бейбітшілік сыйлығынаұсынған еді.

http://www.azattyq.org/content/news/25430448.html