АЛТЫНОРДА
Новости

Баспасөз мәлімдемесі

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен кездесті.

Келіссөздер барысында ғарыш саласындағы ынтымақтастық, «Байқоңыр» кешенінде экологиялық қауіпсіздікті және бақылауды қамтамасыз ету, Байқоңыр қаласы мен Ақай, Төретам ауылдарының  даму перспективалары, әскери-техникалық ынтымақтастықтың келешегі және басқа мәселелер талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев Қазақстан тарапы үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «КazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигін уақытылы іске қосуды жүзеге асыру өте маңызды екендігін атап өтті. Қазіргі уақытта аталған спутникті ресей кәсіпорыны академик М.Ф. Ретешнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйе» ААҚ құру жұмыстарын аяқтауда. Кездесуде мәлім етілгендей, геостационарлық орбитаға «KazSat-3» спутнигін мезгілсіз шығаруға қандай да бір техникалық себептер жоқ.

Бұдан басқа, Қазақстан тарабы ғарыш қызметі саласында (оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы бойынша) екіжақты ынтымақтастықтың                         2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеп қабылдау мәселелерін қарауды ұсынды, онда жүйелі негізде ұзақ мерзімді өзара тиімді  ынтымақтастықты қамтамасыз ететін нақты шаралар кешенін көздеу қажет. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, «Байқоңыр» кешеніндегі бірлескен қызмет және жаңа экологиялық қауіпсіз ғарыш ракета кешендерін құру жөніндегі бұдан бұрын қол жеткізген келісімдер жаңа тәсілдер мен шешімдерді талап етеді.

Кездесуде «Бәйтерек» ҒРК–ті құру және «Протон» ҒРК-ті экологиялық қауіпсіз ғарыштық ракеталық кешенге ауыстыру жөніндегі мәселелер жеке талқыланды.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ресей мәселелердің кең аясы жөніндегі екіжақты ынтымақтастықтың қарқынын күшейтуге міндетті екенін атап көрсетті. Екі мемлекет арасында ғарыштық және әскери-техникалық ынтмақтастық мәселелерінде толықтай өзара түсіністік орын алуда.

 

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі,

 (7172) 74-27-45