АЛТЫНОРДА
Новости

Бас Прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаев: Пара ұсыну фактісінің өзі қылмыс

в.jpgо.jpgр.jpgл– Нұрмаханбет Молдалыұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы» атты Қазақстан халқына  жолдауында, кемелденген мемлекеттің жаңа саяси бағыты – сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту екендігін айтып, тиісті органдарды міндеттеді. Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп,  сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға бағытталған көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, коррупциямен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Халықтың санасына сіңіп, жалпы жұртшылықты жайлап алған осы бір жағымсыз құбылысты түп-тамырымен жоюға не кедергі болып отыр деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда біз қарастырып отырған жемқорлық проблемасы түбегейлі көзқарастар мен ойластырылған шешімдерді талап ететін көптеген мәселелердің арасында алғашқы орындардың бірінде қала бермек. Бірінші кезекте, тараптардың жауапкершіліктеріне тоқталғым келеді. Жемқорлық фактілерінің орын алуына пара беруші де, пара алған адам да жауапты. Бұл жерде әңгіменің пара беруші жазадан босатылатын, параны қорқытып алу жағдайы туралы болып отырмағанын ерекше атап өткім келеді. Бірақ, сот статистикасына сүйенер болсақ, ағымдағы жылы сыбайлас жемқорлық туралы республика бойынша жүзден астам іс қаралса, соның ішінде небәрі 9 адам ғана параны қорқытып талап етудің құрбаны болған. Ал қалғандары параны өздері тықпалап, өз еріктерімен бергендер. Олар неге бостандықта жүруі керек?! Егер беруші болмаса, алушы да болмас еді ғой? Жемқорлық дегеніміз – халық арасында «беруші мен алушы» деп аталып кеткен мүліктік игілікті беру және алу болып табылады. Алайда, бізде жемқорлықтағы екінші тарап, яғни, пара берушінің жазасыз қалуының жаңсақ практикасы әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді, мұның өзі сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюға айтарлықтай кедергі келтіреді.

–  Қазір қаржы полициясы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарға қаржылай сый көрсетіп жатыр. Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысында коррупционерді көрсеткен он үш адам ақшалай марапатталды. Сонда қалай болғаны, бұл адамдар параны қасақана, шенеунікті ұстатып жіберу үшін бере ме?

– Жоқ әрине. Жемқорлық пара алу ғана емес қой, оған, мысалы, мемлекеттік мүлікті ұрлау немесе ысырап ету және басқа да қылмыстар жатады. Бұл жерде әнгіме қорқытып пара алу немесе пара беру туралы өз еріктерімен хабарлады-мыс деген шындыққа жатпайтын дәйектер туралы. Бірақ бәрінен сорақысы, көптеген жағдайларда пара берушілер шенеуніктерді заңсыз әрекеттер жасауға итермелейді, олар параны да сол үшін береді. Осындай адамдар қылмыс жасауға бейім мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда қоғамға қауіпті азырақ келтіреді деп ойлайсыз ба? Негізінен парақорларды жасайтын пара берушілер. Егер тиісті құқық қорғау органдары парақорлықтың бастамашысын (ынтагерін)  — «пара берушіні» жазаламайтын болса, іс жүзінде оларды «басынан сипап», марапаттаған болып шығады. Беру бар жерде алу да бар, бірақ осының өзі бүгінде адамдардың тағдырын күл-талқан ететін диірменге айналып барады. Мемлекеттік қызметке енді араласып, тәжірибе жинап жүрген жас шенеуніктерді былай қойғанда, кейбір тісқаққан шенеуніктердің өздері әккі арандатушының арбауына түсіп қалуы әбден мүмкін. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Алматы қаласында бір адам делдалдар арқылы сот-тергеу органына пара алғаны үшін айыпталған туысының пайдасына заңсыз шешім қабылдау үшін едәуір сомадағы АҚШ долларын берген. Алайда сот әділ шешімін шығарып, кінәлі адам тиісті мерзімге бас бостандығынан айырылған. Осыдан кейін пара беруші өзі пара берген адамдардың үстінен шығым түсіріп, оларды алаяқ ретінде көрсетеді. Бұл іске қатыстылардың барлығы да ұсталды, бірақ істі негізгі ұйымдастырушы және жемқорлық қылмысқа бірден бір себепші болған пара беруші, осы әрекеттерді өз мүддесі үшін жасалғанына қарамастан, жазасыз қалып отыр. Пара беру және парақорлыққа делдал болумен байланысты қылмыстар өте аз анықталады. Менің көзқарасым бойынша, заңсыз әрекеттер жасау үшін пара берген адам да өзі сатып алған адамдармен бірге сотталуы тиіс.

– Нұрмаханбет Молдалыұлы, бұған сот органдары қалай қарайды екен?

– Кейбір облыстық соттар да осындай көзқараста, оларда да осыған ұқсас мәселелер туындай бастады. Батыс Қазақстан облысында сот пара алушыны соттап қана қоймай, оны сыбайлас жемқорлыққа итермелеген екі адамға қатысты да «пара бергендері үшін жауапкершілікке тарту туралы» жеке қаулы шығарды. Біз оны қолдадық, пара берушілердің бірі де істі болып, сотталды. Бұл барлық жағдайларда қолданылмаса да, тәжірибеде бар. Біз пара берушілердің тамырына осылай балта шапсақ, шенеуніктерді пара алуға ешкім мәжбүрлемес еді. Сонда қорқытып алушы шенеунік-парақорлардан басқа ешкім қалмас еді. Ал қорқытып пара алушылардың саны статистика бойынша онша көп емес.

Жуырда сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес саласындағы заңдылықтың жай-күйі тақырыбында Бас прокуратурада болып өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мүшелері қалыптасқан жағдайға түбегейлі және объективті баға берді. Онда сыбайлас жемқорлықтың таралуының, сондай-ақ онымен күрес тиімділігінің төмен болу себептері талданды. Талқылау қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресуге, оның кез-келген көріністерін уақтылы анықтау және жолын кесуге мүмкіндік беретін нақты заңнамалық және ұйымдастырушылық-практикалық шаралар жөнінде бастама көтерілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіру аясында қылмыстық заңнамада пара беру үшін жауапкершілікті пара алуға қарастырылған санкциямен бірдей етіп күшейту ұсынылды.

– Бұдан қандай қорытынды шығарамыз? Күші бар заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, жазаны қатайту керек пе?

– Қорытынды біреу: жаңа Қылмыстық кодексті күтпей-ақ, таяу уақыттың ішінде, шенеунікті, мемлекеттік қызметкерді сатып алуға әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізу туралы осыдан он жыл бұрын айтқан ұсынысымызды қайта қарауға оралған жөн. Пара ұсыну фактісінің өзі қылмыс деп есептелуге тиіс. Бұл көптеген адамдардың, оның ішінде шенеунікті пара алуға итермелеп, арандатушылардың да есін жиғызады. Сонда ондайлар қазіргідей ашық пара беруден жасқанатын болады.

– Сонымен арандатушылардың итермелеуімен пара алатындардың да, оларды өз пайдасына «сатып алатын» пара берушілердің де заң алдында жауапкершілігі бірдей болып, қатаң жазаланатын болсын делік. Ал параны мәжбүрлеп, қорқытып алатындарға қандай шара қолданылуы керек? Олар да жоғарыда аталғандармен бірге, Қылмыстық кодекстің сол бабымен соттала ма, әлде оларға арналған жеке бап немесе қосымша тармақ қосыла ма?

– Параны қорқытып алғандар қазірде аса қатаң жазалануы тиіс. Менің айтып отырғаным басқа: олар пара алмай-ақ, біреуге осындай талап қою фактісінің өзі үшін қылмыстық жазаға тартылуы тиіс деп санаймын. Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе және оны бізге де енгізу қажет. Осындай қатаң шаралармен сыбайлас жемқорлықты жоюға болатын шығар деп ойлаймын.

Нұрмаханбет Молдалыұлы, бүгінгі таңда жиі кездесетін мынадай мәселенің ара жігін ашып беріңізші: қолында билігі бар мемлекеттік қызметкердің пара алуы, әрине, сыбайлас жемқорлыққа жатады, ал шенеуніктің өз мүддесі үшін қызметтік құзырлығын асыра пайдалануын коррупцияға жатқызуға бола ма?

– Иә, шенеуніктер тарапынан ондай жағдайлар кездеседі. Бұл жерде сіз мүліктік пайда табу мақсатын көздемейтін адамның іс-әрекетіндегі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы және теріс пайдалануы туралы айтып отырсыз ғой. Шын мәнінде, қазір бізде кәдімгі жалпы қылмысты және өзге де жиі жасалатын қылмыстарды сыбайлас жемқорлық санатына жатқызатын әдеттен тыс тәжірибе қалыптасты. Мұндай фактілер кездесіп тұрады. Ал қызметтік құзырлығын асыра пайдалану үнемі мемлекеттік қызметкердің өзінің немесе басқа адамдардың мүддесі үшін жасалмауы мүмкін. Бұған мынандай мысалдарды келтіре кетейін. Қарағанды облысында полиция қызметкерлері қылмысты ашу көрсеткіштерін жақсарту мақсатында ұрлық жасаған адамды мәжбүрлеп, жасамаған басқа қылмысты мойнына ілген. Тағы бір факт: Астана қаласында жедел уәкіл өз таныстарынан келіп түскен қоңырау бойынша аудандық ішкі істер бөліміне келіп, онда уақытша ұстау камерасында төбелес фактісі бойынша жеткізілген азаматты соққыға жығады. Иә, бұл жерде жедел уәкіл қызметтік өкілеттігін пайдаланған, бірақ азаматтың мұндай жеке басына қатысты заң бұзушылықты сыбайлас жемқорлыққа қалай жатқызуға болады? Іріктеп тексеру барысында біздер сыбайлас жемқорлық қатарына жатқызылған осындай бірқатар қылмыстарды анықтадық. Кейде тіпті ақылға сыймайтын жағдайларға куә боласың. Осындай тағы бір оқиғаны мысалға келтірейін. Қостанай облысында қызметтік нысанды киім киген полиция қызметкері жұмыстан кейін өзінің аяқ киімін жөндеуден бас тартқан аяқ киім жөндеушіге күш көрсетіп, жөнге салмақ болады. Қатардағы бұл бұзақылықты қаржы полициясы сыбайлас жемқорлыққа жатқыза отырып, полиция қызметкері қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған деп, қылмыстық іс қозғаған. Ал прокурор оны ешбір ойланбастан сотқа жібереді. Тек сотта ғана мемлекеттік айыптаушы тергеу барысында жіберілген қатені түзетті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысы жоқ, бірақ әртүрлі заң бұзушылықтарға барған шенеуніктерге қолданылатын бап Қылмыстық кодексте бар емес пе?

– Ондай баптар бар. Қосымша, 2011 жылы Қылмыстық кодекске жасалған толықтырулар мен өзгерістер бойынша, 348-бапқа арнайы норма енгізілген. Қызметтік көрсеткіштерді ұлғайту мақсатында әкімшілік құқық бұзушылықтарды бұрмалаған деп айыпталған қызметкерлер жазаға осы бап бойынша тартылуы тиіс, өйткені оның сыбайлас жемқорлыққа қатысы жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты адамдар Қылмыстық кодекстің басқа бабымен жазаға тартылады. Алайда, өкінішке қарай, қаржы полициясының органдары мен жекелеген прокурорлардың өз қызметіне салғырт қарауы салдарынан осы күнге дейін қызметтік құзыретін асыра пайдаланған кінәлілерді бірден екі бірдей жемқорлық баптары бойынша негізсіз жазаға тартып келді. Ол баптар – Қылмыстық кодекстің 307-ші және 314-баптары. Оған себеп, әрине, өз жұмыстарын көрсету, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу.

– Соның салдарынан сот процестерінде тергеу барысындағы шикіліктер көптеп шығып жатады…

– Осыған байланысты статистика мәселелерін қозғағым келеді. Біз сотқа және судьяға қылмыстарды емес, оларды жасаған нақты адамдарды береміз. Олай болса, біз оның негізіне адамдар туралы деректерді алуымыз керек. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері көп жағдайда, арасында өздері жасанды жолмен асыра көрсетіп қоятын қылмыстардың саны туралы есеп беруге әуес. Нәтижесінде бұрмаланған көріністер мен қылмыстар, оларды жасаған адамдар туралы деректер арасында өте үлкен айырмашылық орын алып жатады. Олардың қайсысы дұрыс? Әрине екіншісі. Сондықтан да, менің көзқарасым бойынша, осы мәселе егжей-тегжейлі пысықтауды және ведомствоның өз ішінде емес, жалпы мемлекеттік мүдделерге бағытталған шешім қабылдауды талап етеді.

– Жоғары лауазымды шенеуніктер қатардағы  қызметкерлерден гөрі сыбайлас жемқорлыққа аз бара ма деймін, әлде олардың «иммунитеттері» бар ма?

– Ол рас. Әдетте, көп жағдайда болмашы қылмыстар үшін қатардағы қызметкерлер  қылмыстық істердің фигуранттарына айналып жатады,  ал жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасайтын лауазымды тұлғалар уәкілетті органдардың назарынан тыс қалады. Мысалға, биыл республикалық деңгейдегі 6 және облыстық деңгейдегі 167 әртүрлі басшылық қызметтегілер ғана жауапкершілікке тартылған.

– Сыбайлас жемқорлық қатарына көзді жұмып жатқыза салатын қылмыстың басқа қандай түрлері бар?

– Жемқорлық қылмыстардың қолданыстағы тізбелері бойынша да айтатын мәселелер көп. Мәселен, лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған тауарлармен контрабандасы (Қылмыстық кодекстің 209-бабының 3-бөлігінің «а» тармағы) сыбайлас жемқорлыққа жатқызылған, ал нақ сол лауазымды тұлғалардың қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған есірткі заттарымен контрабандасы немесе оларды сатуы (Қылмыстық кодекстің 250-бабының 2-бөлігі және 259-бабының 3-бөлігі) неге сыбайлас жемқорлыққа жатқызылмайды? Түптеп келгенде олар да пайда көру мақсатында жасалды емес пе? Есірткі айналымына қарсы күресетін мемлекеттік қызметкерлердің өздері өкілеттігін пайдаланып есірткі таратқан фактілер бар. Мынандай мысал: Қостанай облысында және Алматы қаласында есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жедел қызметкерлер және олардың басшылары өз мүдделері үшін есірткіні сатуды белгілі бір адамдарға жүктеген. Белгілі бір көлемде жүйелі түрде өздеріне қаржы түсіру үшін героинді сату жөніндегі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша нақты шаралар қабылдамаған. Керісінше оларды қорғаштап жүруі мүмкін. Сонда бұл сыбайлас жемқорлыққа жатпай ма? Меніңше, біз сыбайлас жемқорлық қылмыстарын білдіретін нақты белгілерді айқындай отырып, қылмыстардың нақты тізбесін белгілеуден аулақ болуымыз қажет.

– Нұрмаханбет Молдалыұлы, келтіріп отырған мысалдарыңызға қарағанда, құқық қорғау органдарындағы жедел қызметтегілердің арасында қылмыскерлерді бүркемелеу немесе оларға «крыша» болу фактілері жиі кездесетін сияқты. Қадағалау органдарының ресми көрсеткіші не дейді?                   

– Алдын ала талдау көрсеткендей, құқық қорғау органдары ішінде, әсіресе, жедел қызметте істейтіндер неғұрлым тәуекелге жақын, сыбайлас жемқорлық бейім келеді. Статистика бойынша ағымдағы жылы полиция қызметкерлері жасаған 334 сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде тергеушілер мен анықтаушылар 27 қылмысқа барса, жедел уәкілетті орган қызметкерлері 60-тан астам қылмыс жасаған. Осы заңдылық басқа органдарға да тән. Қаржы полициясы органдарының қызметкерлері жасаған 5 қылмыстың барлығын да жедел бөлімшелердің қызметкерлері жасаған. Ал 33 қылмыс жасаған кеден органдары қызметкерлерінің тізімінде тергеу саласында істейтін бірде-бір анықтаушы жоқ. Бұл тергеу бөлімшелеріндегі іс жүргізу қызметінің өзінің ашықтығы жөнінен сыбайлас жемқорлық факторларына аз ұшырайтынын, яғни, олардың қызметтерінің қалай болғанда да бақыланатынын көрсетеді. Сонымен бірге, жедел бөлімшелерде жасырын жолдармен сыбайлас жемқорлықтың туындауына әкеп соғатын себептер де жеткілікті. Тергеушілер көбінесе, жедел қызметкерлерден кезекті материалдарды ала отырып, тексеруге ненің себеп болғанын, прокурордың санкциясын талап ететін қандай арнаулы іс-шаралардың жүргізілгенін және олардың нәтижелерін білмейді. Мынандай жағдайлар болады. Қарағандыда ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілетті қызметкері тергеушіге жол полициясы қызметкерінің өзінен пара талап еткені туралы адамның арызы бойынша материалды берген кезде оған арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларының материалдарын қоса бермеген. Кейін белгілі болғандай, осы құжаттардың барлығы да жоғалып кеткен. Таразда Бас прокуратура қызметкерлері заңсыз ұсталған адамды анықтап, босатып жіберген. Алайда, полицияда ешбір адам: бастық та, басқа да лауазымды тұлғалар да ұсталған адамды кім, не үшін және қашан жеткізілгенін түсіндіре алмаған, тексерушілер ол туралы деректерді бірде-бір тіркеу журналынан таба алмаған. Ең алдымен бұл – азаматтың конституциялық құқықтарын бұзу болып табылады, ал екіншіден дәл осындай жағдайда одан полицияның кез-келген қызметкерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауы мүмкін екендігін көруге болады.

– Полиция қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа баруға жағдайлары да, мүмкіндіктері де бар екені белгілі. Ал енді басқа салалардың қайсысына қолайлы жағдайлар жасалған деп ойлайсыз?            – Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешенінің опырылып құлағаны, Атырау қаласында Орал өзенінде салынып жатқан көпірдің қирағаны барлығымыздың есімізде, өкінішке қарай, соңғы оқиғада адам өлімі болды. Оған жауап беретін кім? Бұл ретте, бізде құрылыс объектілерін салу мен жөндеуді техникалық қадағалауды жүзеге асырған адамдарға қатысты қозғалған бірде-бір қылмыстық іс жоқ.  Мұның бәрі мердігерлер мен тапсырыс берушілердің өз жұмыстарына, міндеттеріне атүсті қарайтындығынан, салғырттығынан туындап отыр. Ал адамгершілік жағынан да, заңға сүйенсек те бұл олардың тікелей міндеттемелері, олар сол үшін сыйақы алады. Сондықтан өз жұмысына әркім жауап беруі керек. Бұдан әрі де осылайша жалғаса бермеуі үшін біз осындай адамдарды қылмыстық жазалауды қарастыратын нормалар енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл бастапқы жұмыс құнын арттыратын жобалаушыларға да қатысты болады. Сонда жауапкершілік те күшейеді, апаттардың да алдын аламыз.

– Тағы қандай салаларда коррупцияға қарсы күрес күшейтілуі тиіс деп ойлайсыз?

– Сыбайлас жемқорлық жағынан қатты қадағалауды қажет ететін банк саласы деп айтар едім. Егер мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жақсылы-жаманды жүргізіліп жатса, банк жүйесі қызметінде осындай жұмыстар жоқтың қасы. Нақты өндіріспен айналысатын адамдар арасында банк саласындағы парақорлық туралы әңгімелердің жиі болып тұратыны құпия емес. Бұл арада әңгіме бірнеше мың емес, бірнеше жүз мың немесе миллион болатын теңге, тіпті басқа да валюта туралы айтылады. Мәселен үстіміздегі жылы қозғалған коммерциялық сатып алу туралы 7 қылмыстық істің бірде-бірі банктермен байланысты емес. Тікелей қатысы болса да тергеу ісі оларды айналып өтті. Сонымен бірге, бізде көптеген миллиондардан тұратын, доллармен есептелетін, қасақана қайтарылмайтын несиелердің көзді жұмып берілу фактілері аз емес. Ол несиелердің қайтарылмайтынын, құрдымға кететінін банк қызметкерлерінің білмеуі және оларды банк қызметерлерінің қатысуынсыз жасау еш мүмкін емес. Нағыз сыбайлас жемқорлық фактілерін осы жерден табуға болады. Бұл банк қызметкерлерінің несие беру туралы оң шешім жасау үшін ақшалай қаражаттар талап ету фактілерін анықтау жөніндегі жұмыстарды қаржы полициясының жандандыруын талап етеді.

– Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді заңсыз тексеру көп екендігін, бірақ сол үшін жауапқа тартылып жатқан кінәлі лауазымды тұлғалардың тым аздығын Бас прокуратураға сын ретінде айтқан еді. Сыбайлас жемқорлықтың бір ұшы осы мәселеге келіп тірелетін сияқты. Бұған не айтар едіңіз?

–  Орынды айтылған сын. Тексеруші органдардың биылғы жылы жоспарлаған 100 мыңнан астам тексерулерінің екі мыңын біз заңсыз деп танып, жоспардан алып тастадық. Биылғы жылы жоспарланған 2 мың заңсыз тексерулер анықталған болса, былтыр бұл көрсеткіш 13 есе көп, яғни, 26 мыңға жуық болған. Осы екі мың факті бойынша прокурорлардың ұсыныстарымен 204 қызметкер, оның ішінде 185-і – тәртіптік, 19-ы – әкімшілік жазаға тартылды. Олардың 90 пайызы санитария мен эпидемиология, төтенше жағдайлар, ветеринария және экология салаларының қызметкерлері. Бұл бағыттағы біздің жұмысымыз тек осы шаралармен шектеліп қалмайды. Оның үстіне, аталған сын тек жоспарланған тексерулерге қатысты. Ал, жалпы биылғы жылы прокурорлардың араласуымен 11 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, 1 мың лауазымды тұлға жазаланды. Дегенмен, бақылау органдарының басшылары көп жағдайда өз қызметкерлеріне тиісті жаза қолданбай, оларды жауапкершіліктен босатып, прокурорлардың ұсыныстарына формальды жауап беріп жатады. Сондықтан әрбір жергілікті прокурорға осы айдың аяғына дейін өзінің енгізген ұсынысы бойынша жазаланбаған кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

– Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қандай жұмыстар жоспарланып, жүргізілуде?

– Ең алдымен – заңсыз тексерулерді болдырмау бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден қорғау үшін 2009 жылы әрбір облыстық, қалалық, аудандық прокуратура жанында мобильді топтар құрылған. Олар заңсыз тексеру туралы сигнал түскен жағдайда тез арада кәсіпкерге барып, жағдайды анықтап, тиісті шаралар қабылдайды. Үстіміздегі жылы мобильді топтарға осындай 758 хабарлама түскен, олардың жартысына жуығы заңсыз екендігі анықталып, 4 қылмыстық және 32 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, 140 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге 2011 жылдан бастап кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін «Бизнес тірегі» жобасы жұмыс істеуде. Ол бойынша кез-келген кәсіпкер «115» нөміріне телефон шалып, тағайындалған тексеру туралы ақпарат ала алады. Мұндай ақпаратты онлайн режимде де интернет немесе ұялы байланыс арқылы алуға болады. Мемлекеттік бақылау және қадағалау үрдісінде субъективті факторды алып тастау үшін жыл соңына дейін Бас прокуратура “Тексерулерді электронды жоспарлау” және “Тексерулерді электрондық тіркеу” жобаларын іске қоспақ. Осыған қоса биылғы жылы Үкіметке “адал кәсіпкер” ұғымын заңнамалық деңгейде бекітіп, мұндай санатқа жатқызылған бизнес субъектілерін жоспарлы тексеруден бас тарту туралы ұсыныс берілді. Осы сыбайлас жемқорлық сияқты теріс әрекеттермен нақты күрес біздің мемлекетімізде бұрыннан бері айқындалған мәселе, ол қандай да бір көрсеткіштермен немесе белгілі бір мерзімдерде ғана емес, үздіксіз жүргізілуі тиіс. Ең маңыздысы, оны сауатты түрде, ойланып жүргізу керек, арандатушылыққа және өш алудың кез-келген фактілеріне жол берілмеуі тиіс. Осының барлығы жинақтай келгенде, мемлекеттік билік органдарына қоғамдық пікірлерді қалыптастыруға және азаматтардың сенім артуы деңгейін арттыруға оң әсер етуге тиіс.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН