АЛТЫНОРДА
Новости

Байлығын бұлдағандар бұқарадан бонусын неге жасырады?

Қолында есебі жоқ қаржысы барлар бүгінде өзгелерден ерекшелігін мате­риалдық байлықпен көрсетуге тырысып, тыраштанып жүр. Ақшаны оңды-солды аямай шашу – байлықты қайда жұмсарын білмей шарасыз­дыққа душар болғандардың әрекеті екені белгілі. 

 

Алматыдағы үлкен шетелдік компа­нияның топ-менеджері «Ақшамның көп­тігі сонша, оны қайда жұмсарымды біл­-мей дал боламын. Жылына жұбайымыз екеуміз екі-үш рет шетелге барып, қыды­рып, көңіл көтеріп, киім-кешегімізді

алып келеміз. Кең сарайымыз бар, мін­геніміз – ең қымбат көлік» деп мақта­ныш­пен ойындағысын ақтарып салғаны бар. Былайғы жұрттың армандай алмай­тын әлеуметтік ахуалына ие мұндай жас топ-менеджерлер елімізде некен-саяқ емес. Олардың мінген көліктері мен тақ­қан сағаттары, мойындары мен қол­да­­рындағы әшекейлері – әрқайсысы бір пәтердің құнына пара-пар екенін де жұрт біліп қалды. Оларды көріп жүрген басқа жастар да, «болмасаң да ұқсап бақ» деген­дей, тыраштанып, қымбат швейцарлық сағат, дөңкиген көлік мінгісі келіп, несиеге белшесінен батуда. Өйткені топ-ме­нед­жер­дікіндей жоғары жалақысы мен ала­тын бонусы жоқ. Бар армандары – қа­тардан, заманнан қалмау. Ал мұндай бе­керге ақша шашпақ пен «болмасаң да ұқсап бағуға» ұмтылушылық көзсіз есер­ліктің белгісі екенін материалдық бай­лықты басты құндылыққа айналдырып алғандардың түсінуге шамасы жоқ. Таза еңбектің құны жоғалып, жалаң мате­риал­дық құндылықтың бірінші кезекке шы­ғуына кім кінәлі?

Бүгінде елімізде Батыстың байларына еліктеушілік қана емес, дүние-мүлік пен са­райларға бас иетіндер көбейгенін бай­-қау қиын емес. Қазір «материалдық бай­лықтың құлына айналған« деген Батыс­-тың өзі мұндай үлгіден бас тарта бастаған. «…Бұл жайында қашанғы айта беруге болады? Батыстағылар шағын ғана отба­сылық көлік сатып алады. Өйткені жа­нармай шығыны аз және олар көшелер­-

де кептеліс туғызбайды. Ал бізде бұ­рын­-

ғы тақыр кедейлер «танк сатып алу керек» деп ойлайды. Танкте отыру, олардың ойын­ша беделін асыра түседі. Барып тұр­ған мәдениетсіздік пен білімсіздік» деген сөзді дөңкиген джип мінген шенеунік­терге арнап айту Елбасына оңай болма­ғаны белгілі. Бірақ айтуға тура келді. Себебі бұған дейін де Мемлекет бас­­шысы халық үшін қызмет ететін басқарушы­лардың материалдық байлықты құн­ды­лықтардың біріне айналдырып, қа­ра­пайым жұрттан ерекшеленуге құ­мар­­лы­-

ғын талай рет тұспалдап болса да, айт­қанын жұрт біледі. Өкінішке қарай, топ-менед­жер­лер мен халыққа қызмет ететін шенеу­ніктер ескертуді «тікелей өзіме арнап айтылмаған» деп қабылдап, құлақтарының сыртынан жіберуде. Енді Елбасының әр басқарушыны орнынан тұрғызып қойып, айтуы ғана қалған се­кілді.

Көктемнің алғашқы шуақты күндері­мен бірге Швейцариядан құс қанатымен ілесе бір жаңалық жеткен. Әлемдегі ең бай және өзінің консерваторлық-нарықтық құндылықтарымен белгілі алпауыт ел жо­ғары еңбекақы мен бонустардың шегін белгілеуді референдумға шығарып отыр. Швейцарлықтардың «Арам олжа мен еңбексіз пайда табуға қарсылық» деген тақырыпты қоғамдық талқыға шығаруы шынында да, таңғаларлық. Жалпы, тұр­ғындарының әлеуметтік жағдайы жағы­-нан әлемдегі алдыңғы қатардағы елдер­-

дің бірінен саналатын бұл елде де бос даң­­ғазалыққа бой ұрып, бекер мал шаш­паққа жол беріле бастағанын байқауға болады. Әрбір келетін тиынның қадірін білетін, «жұмыртқадан жүн қырқып», бір тиынды екі тиын жасау үшін жанталасатын еуропалықтар мұндай берекесіздікті ел тұр­ғындарының арасына қағылып жатқан сына деп қабылдайды. Қандай да бір дерт­тің алдын алмаса болмайтыны белгілі. Сон­дықтан да болар, Еуропаның ең ба­қуатты елі ол сынаны тереңдетіп алмай, дер мезгілінде суырып тастауға әрекет жа­сауда.

Ал бізде ше? Бізде ондай сынаның тереңдей бастағанына талай жыл болды. Байлар мен олардың балалары аса тоқ­шылық пен баршылықтан талтаңдап жүре алмай қалды. Өздерін қоғамның элитасы­мыз деп есептейтіндер тұтынудың нағыз тұрпайы да, ысырапшылдық мәнерін үлгі етіп ұсынуда. Көкірегі ояу, санасы был­ғанбаған өзге азаматтар «шопингтің» жете­гінде кетіп бара жатқан оларға жир­кенішпен қарайтыны да жасырын емес. Бұл қызғаныш емес, кейбіреулер ойла­ғандай, отандастарымыздың шүберек пен көлікті, сарайды өзінен жоғары қойып, соның құлына айналып бара жатқанына қынжылыс. Ондайлар аттөбеліндей ғана ғой, соған бола несіне таусыламыз дей­тіндер де бар шығар. Әйтсе де олардың өзге жастарға деген әсер-ықпалы зо­райып барады. Тұтынуға деген табынушылық

пен адал еңбекке жиркенішпен қарау жо­ғарыдан төменге қарай беріле бастауда. Күні-түні еңбек етіп, алатыны пәтерақы­сы мен күнкөрісіне жетпейтін жастар жан қинап жұмыс істемей-ақ, үлде мен бүлдеге оралып жүрген құрдастарына қарап, өз­дерін қор тұта бастайды. Байқасақ, көп адамдар кеден мен МАИ-ға жұмысқа тек көлденең табысы көп деп барғысы келеді екен. Прокуратура, сот органдарына да қызығушылардың басым бөлігі жан қинамай көлденең табыс табуға болады деген ұғыммен, бар таныс-тамырын са­лып, сонда орналасуға тырысады. Себебі материалдық құндылыққа ашкөздену процесі таза еңбек ету деген ұғымды тұм­шалап тастауда. Таза еңбектің қадірі осы­лай қашып барады. Мұның бәріне кінәлі қалтасында табысы мол шенеуніктер мен топ-менеджерлер деп айтуға болмас, әйтсе де олар қоғамның материалдық құнды­лыққа байлана түсуіне ықпал етуде. Швей­цариялықтардың жоғары еңбекақы мен бонустар шегін белгілеп, топ-менеджер­лердің тәбетін ауыздықтауға күш сала бас­тауы бір кездері өркениетті де мәдениетті елдің құлқын мен тәбеттің құлына айналып кетпеуінің алдын алудан туындап жатқан әрекет болса керек.

Біздің қоғам әлі ондай деңгейге жете қойған жоқ. Әлі материалдық құлдықтың адамзат санасын байлап-матап тастаса, нағыз апат болатынын сезіне алмай жатыр. Әзірше байлықты мықтылық деп ұғыну­-да. Оған қолында тегін келген мол қара­жаты бар тұрғындардың материалдық бай­лықты басты құндылыққа балап ал­ғаны сонша, ақшаны басқа қайда жұмса­рын білмей дағдарыс күйін бастан кешулері дәлел. Қайда жұмсарын білмей дал болып жүр­гендердің басына медициналық зерт­теу­лерге немесе жетім балаларға арнап қа­жетті құрылыс салуға жұмсап, қоғамның дамуына жұмыс істетуге болады деген ой келмейді. Әлемнің өркениетті байлары осылай істейді. Біздікілер «біз дәл олардай бай емеспіз ғой» деуі мүмкін, әйтсе де, коттеджден-коттедж, көліктен-көлік алып жинай бергенше өз қал-қадірінше қоғам­-ға бір пайдасын тигізуге болар еді. Бұл – еліміздегі тұрғындардың бір бөлігінің ахуалы.

Ал тұрғындарымыздың екінші бөлігі – алатын табысының төмендігіне қарамай, затқа табынушылықты басты құндылыққа айналдырып алғандар болса, қымбат сағат, көлікке қызығатыны сонша, бастарын мәңігілік қарызға тыға түсуде.

Бұл қашанғы жалғаса береді? Әйтсе де қазақстандық қоғамның аз ғана бір бө­лігінде біздің осылай қарыштай басып, тығырыққа бара жатқанымызды іштей түсінеді. Бұрынғы кеңестік дәуір кезіндегі «әркімге мүмкіндігіне қарай, әркімге сұранысына қарай» деген модельдің бір жағынан дұрыс та екенін іштей түсіне бас­тадық. Әрине, сол кезеңдердегідей тауар тапшылығы мен теңгермешілікті ешкім де аңсамайтыны белгілі. Санасы материалдық байлықтан ада азаматтар еңбек еткеннің есікте, сыбайлас жемқорлықтың төрде отыруының жалғаса беруін қаламайтыны рас. Бұл белден басушылық бір күні бол­маса, бір күні жарып шығатыны белгілі.

Қоғам санасы біртіндеп болса да ояна бастауда. Мұны жоғарыда отырған бас­қарушыларымыз да сезеді. Басымдықтар­ды ауыстыру жөніндегі мәселелердің күн­тәртібіне шығарыла бастауы соның бір көрінісі болса керек. Әлемдегі ең бай ел­-дің бірі болып саналатын Швейцарияда коммунистік көңіл күйді аңсаушылық қайдан туындап жатыр деген сауал туын­дайтыны заңды да. Әйтсе де, осындай бай елде де халықтың екіге бөлінуі баршы­-лық, бизнес-элитаның араны халықтың жүйкесіне тиіп бітсе керек. Швейцар­лық­тардың төзімін шегінен шығарып жібер­ген нәрсе мына бір оқиға болса керек: фар­мацевтикалық компаниялардың бірінің бұрынғы басшыларының біріне демалыстық бонус ретінде 70 миллион доллар көлемінде қаржы берілсе керек.

Не деген ақша дерсіз! Рас, аз ақша емес, әйтсе де біздің топ-менеджерлеріміздің қанша бонус, қанша еңбекақы алатынын бір Алланың өзі ғана біледі. Швей­цария­лықтар секілді қай топ-менеджерге қанша бонус берілгенін ақпарат құралдары ар­қылы жариялап отыратын болсақ, біздің қоғамда да сондай қарсылық болар ма еді, кім білсін?!

Дамыған елдерде адамдар әртүрлі компаниялардың акцияларына инвес­ти­ция салады. Сол арқылы олар компанияға бірлесіп қожалық жасау құқығына ие болып, компанияның табысын өндіріске салуына немесе дивиденттер төлеуіне мүд­делі болады. Сондықтан да шетелдерде компания басшыларына бас айналды­ратын бонус төлеу сирек. Әйтсе де олар­да да кейбір компаниялар өз табысын жа­сыру үшін акцияларын бұқара халыққа сата бермейтін кездер баршылық. Аз ғана көлемді акцияны сатуы мүмкін, сондық­тан да аз акцияны иемденушілердің дауы­сы басылып, ешқандай шешімге ықпал жасай алмайтын жағдайлар жетіп ар­ты­лады. Топ-менеджерлер мен шенеу­нік­тердің алатын бонустары мен ең­бека­қы­ларына шектеу қою жайындағы мәселе осындай себептерден туындауда екен. Швейцариялықтардың бұл бастама­сына француздар мен америкалықтар да қолдау білдіруде. Осындай бастама қазақ­стан­дықтардың қолдауына да ие болуы әбден мүмкін бе? «Бір қарағанда, бізде дамыған құнды қағаздар нарығының жоқ­тығы, ха­лықтың қаржысын акцияларға салмауы ондай құқықтың жоқ екендігінен хабардар ететін секілді болғанымен, елі­мізде мемле­кеттік компаниялардың бар екендігін ес­керуіміз керек. Қазақ­стандық­тардың оған қатысы бар. Сон­­дықтан да біздің әрқайсы­сымыз мемком­пания­лар топ-менеджер­лерінің алатын ең­бекақысы мен бонус­тары­ның көлемі қандай екендігін білуге құ­қымыз бар. Сол арқылы швей­царлық­-тар секілді оған шектеу қоюды талап ете

де аламыз», – дейді сарапшы Мағбат Спанов.

Елімізде халықтық ІPO жұмыс істеуде. Ұлттық компаниялардың акциялары халыққа белгілі бір көлемде сатылуда. «ҚазТрансОйл» өз акцияларының бір бөлігін сатты, кезекте «КЕГОК» пен «ҚазТрансГаз» тұр. Яғни біртіндеп болса да, елімізде ұлттық компаниялардың ак­цияларына ие болушылар қатары пайда болып келеді. Акцияларға ие болушы сол азаматтар басшыларға қанша жалақы мен бонус төленетінін сұрап біле ала ма? Олар­дың тәбеті ауыздықталсын деп талап ете ала ма?

Мәселе, заң жүзінде солай жасай ала­тынына қарамастан, мұның тек бос де­магогия болып шығатынына кәміл сене беріңіз. Өйткені бізде ашық ештеңе жоқ және ол ашылған күннің өзінде «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген қазақы процесс жүзеге асып, тосқауыл болып шыға келеді.

Мемлекеттік үлесі бар басқа да жеке компаниялар бізде жеткілікті. Солардың топ-менеджерлері қанша еңбекақы ала­тынын қоғам білмейді де. «Білуге құқымыз бар. Себебі мемлекеттің онда үлесі бар болса, ол үлкен қожайындардың алатын ақшасы тым жорықсы үлкен болмауын қадағалауы тиіс және соған мүдделі болуы керек. Егер компанияда артық ақша пай­-да болса, оны қарапайым жұмысшылар­дың қалыпты жағдайын жасауға жұм­салсын. Топ-менеджерлердің кезекті тағы бір элиталық пәтер немесе джип алуына емес», – сарапшы Спановтың пікірі осын­дай.

Бұл, әрине, әлеуметтік жағынан да әді­летті шешім болар еді. Әрі қоғамның екіге жарылып, ертеңгі күні қақтығыстарға апар­мауының да алдын алады.

 

 

Алма МҰХАМЕДЖАНОВА

 

http://www.aikyn.kz