АЛТЫНОРДА
Новости

Ахмет Байтұрсынұлының композиторлығы

Астана. 22 ақпан. Baq.kz- Қызыл коммунистердің қып-қызыл қиянатының салдарынан Алаш арыстарының өнер, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, ғылым, т.б салалардағы еңбектерінің кейбіреулері тып-типыл жойылып кетсе, енді бірі ұзақ жылдарға «қара құлыптың» астына салынды. Егер Кеңестер үкіметінің қазаққа жаны ашыса, осы өнертабыстарды ел игілігіне жаратқызар еді ғой. Ұлтымыздың енді бір аймаңдай серке ұлдарының еңбектері аттары аталмай қолдануға берілді. Солардың арасында қазақ тілі мен әдебиеттануының негізін қалаған Ахметтің Байтұрсынұлының ғылыми еңбектері сәл-пәл өзгертулер енгізіліп, кирилшеленген нұсқада оқу-ағарту саласында пайдаланылды. Күні бүгінгіге дейін қазақ мектептерінде оқытылып келе жатқан ана тіліміздің ғылыми жүйелену үлгісін ең алғаш осы Ахаң жасаған болатын.

 
Жоғарыда айттық, Кеңестер Одағы «халық жауы» деп айдар таққан ұлт ардақтылақтыларының өнер туындылары да қудалауға түсіп, тіпті атын атауға тиым салынды. Ал, қазақ қауымының ерекше махабатына бөленіп, ел аузынан тастамай айтып жүретін әндер «халық әндеріне» айналдырылды. Бүгінде «халықтікі» болып кеткен «Қаракөз», «Екі жирен», «Аққұм», «Ахау, достар», «Қарғаш» сынды әндердің төл авторы Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы екенін біреу білсе, біреу білмес. Ахаңның ән-өлеңге, жалпы халық ауыз әдебиетіне ден қоюында ерекше сыр бар. Ұлы ғалым: «…әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек…» деген әдебиеттанушы бабалардан мирас болған ән-жырларға, күй-толғауларға, дастан-қиссаларға зор көңіл бөлген, әрі оны ұлт әдебиетінің асыл қазынасы деп бағалап, өз зерттеулеріне тірек еткен. «…әуез өнері (еуропаша – музыка) – әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері» (Ахмет Байтұрсынұлы). Ғалымның өзінің де осы әуез өнерін терең меңгергеніне, халық аузынан тастамайтын сүйікті ел композиторларының біріне айналғанына жоғарыдағы шығармалары куә.
«Ел ішіндегі ауыз әдебиетінің түрлі нұсқаларын жинап, оларды сөз өнерінің бір тарауы ретінде жүйелеген. Ертегі жыр, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең, толғау, терме, тойбастар, жар-жар, беташар, бесік жыры, т.б. толып жатқан өлең-жырлардың құрылымы мен құрылысын зерттеген ол, енді олардың әуезіне жіті көңіл аударған»,- дейді Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының директоры Райхан Сахыбекқызы. Сондай-ақ, қазақ әндерін зерттеген және оны алғаш рет нотаға түсіріп, 1925 жылы Орынбордан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағын шығарған Затаевичтің еңбегінде А.Байтұрсынұлының аузынан жазып алынған ондаған әндер бар. Ахаң, сондай-ақ, домбыра мен күйсандықта шебер ойнаған екен. Ол кісі ән айтқанды ұнатыпты. Әдемі қоңыр даусымен нақышына келтіріп ән салғанда тыңдаушыларын ұйытып тастайды дейді. Күні кеше ғана қайтыс болған Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апамыздың «Ардақтап өтем әкемді» атты мақаласында «Ахмет атаекесінің қызыл домбыра мен күйсандықта қоңыр дауысымен әуелете әндететіні» туралы естелік дерек келтіріледі.
Дәулетқали Асауов
http://baq.kz/material/186