АЛТЫНОРДА
Новости

ӘСКЕРИ МЕДИЦИНА АРТТА ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

Күшті Армия болу үшін оның тылы мықты болуы шарт, сонымен қатар әскери медицинаның қызметі ауадай қажет. 

Қазақстан Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Қапшағай қаласындағы шабуылдаушы-десанттық бригадасында соғыс жағдайына барынша жақындатылған жауынгерлік жаттығу өткізді.

Соғыс жағдайында айтылатын «алтын сағат кезеңі» деген ұғым бар. Бұл – «әр нәрсенің уақыты бар, соны бос жіберіп алма, дұрыс пайдалан» дегенді білдіреді. Әскери медицинада «алтын уақыт» деп жараланған жауынгерге бір сағаттың ішінде көмекке жетуді айтады. Егер әскери дәрігерлер «алтын сағат ережесін» бұлжытпай орындайтын болса, өлім аузында жатқан сарбаздардың 30-35 пайызы тірі қалады, ал жалпы жаралылардың 70-80 пайызы қатарға қайта қосылады екен. Сондықтан ұрыс даласындағы дәрігерлердің әрбір секунды санаулы, оның әрбір қимылында адам өмірі тұр деп түсіну керек. Демек, Әскери-медициналық басқарма Қарулы күштердің ең маңызды, аса қажетті салаларының бірі болып табылады.

Әскери дәрігерлердің дала полигонында жаттығу өткізіп жатқаны бірінші рет. Әдетте жауынгерлік жаттығуларға бұлар да шығады, бірақ әскердің басқа түрлері жаттығып, үйреніп жатса, бұлар қызу жұмыс істеп жатады. Өйткені жаттығу кезінде жауынгерлер жарақат алатындай әртүрлі оқыс жағдайлар болады. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсету жаттығуға жатпайды, ол – дәрігердің күнделікті жұмысы. Жарақат алған жауынгерлерден басқа бұларға жергілікті тұрғындар да ауырып келеді. Гиппократтың антына адал дәрігерлер алдына келген адамдардың барлығына көмектерін аямайды. Мысалы, Отар гарнизонындағы хирургтер жылына екі жүзден астам ота жасайды екен. Өйткені Қордай асуы мен Алматы арасындағы күре жолда болатын көлік апаттарынан зардап шеккендердің барлығы дерлік орта жолдағы Отар гарнизонына жеткізіледі.

–  Жаттығудың алдын ала жасалған жөн-жобасы қысқаша мынандай: көрші елдердің бірінде қарулы қақтығыстар болып, бірнеше мың босқын еліміздің шекарасынан бері өткізіледі. Босқындармен бірге араласып екі жүздей лаңкестер қоса өтеді. Олар шекарадан өтіп алғаннан кейін босқындардан бөлініп, ішкі жаққа бет алады. Лаңкестерді жою үшін шабуылдаушы-десант батальоны аттанады. Ұрыс болған жерден шамамен 5 шақырымдай жерге әскери-медициналық рота дала лагерін құрып, жараланғандарды қабылдауы тиіс. Алдымен жаралыларды жеткізген көліктерді химиялық тазартудан өткізіп,  радиацияға қарсы дезактивизация жасалады. Содан кейін жараланған жауынгерлерді жарақаттарына қарай сұрыптаймыз. Ауыр жатқандарға бірден ота жасалады да, әрі қарай госпитальға жөнелтеміз. Бұл – кешенді дала госпиталі. Қажет болған жағдайда оның көлемін үлкейтуге мүмкіндігіміз бар, – дейді жаттығуға басшылық жасап жүрген полковник Нұрлыбек Байтақов.

Қазақстан Қарулы күштері Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы Иван Лидің айтуынша, соңғы онжылдықта Қорғаныс министрлігінің әскери медицина саласы дамымай, кенжелеп қалыпты. Қазір кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.

 

– Армия барлық жағынан қарулануы керек. Бүгінде азаматтық медицина әлдеқайда дамып кетті. Бұл жағынан біз көп артта қалдық. Алдағы уақытта әскери-медицинаны барлық жағынан жетілдіру жөнінде Мемлекет басшысы, Жоғарғы Басқолбасшының тікелей тапсырмасы бар.  Біз соны орындап жатырмыз. Ең күрделі оталарды өзімізде жасайтындай жағдайға жетеміз деген үмітіміз бар. Мәселен, қазіргі заманауи техникалардың көмегімен жүрек тамырларын, сіңір, омыртқаларды ауыстыру білікті мамандар үшін аса қиындықтар тудырмайды. Сол үшін ең жаңа, заманауи медициналық техникаларды, құралдарды сатып алып, кадрларды дайындап жатырмыз. Жыл сайын 25-30 адамды шет елдерге жіберіп оқытамыз. Қазір Ресейде, Беларусьте, Батыс Еуропада оқып жатқан әскери дәрігерлер бітірген соң қатарымызды толықтыратын болады. Биылғы жылы Алматыдан Әскери-медициналық оқу орталығын ашпақшымыз. Оның орны белгіленіп, қажетті оқу құралдары алынып жатыр, – дейді Қорғаныс министрлігіндегі  Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы Иван Ли.

http://aikyn.kz/articles/view/51956