АЛТЫНОРДА
Новости

Әбдіуақап Қара: Түркия мен Еуропа қазақтары тілі мен мәдениетінен алшақтап барады

434_d527aa8cf38800cfbd1c10b403e2820aАСТАНА. 10 қыркүйек. BAQ.KZ – Жақында Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Түркиялық қандасымыз Әбдіуақап Қара іссапармен Астанада болып қайтты. Ғалым осы сапары кезінде BAQ.kz журналистерімен жолығып, шетелдегі қазақтардың, соның ішінде Түркия мен Еуропадағы қазақтардың бүгінгі кешіп отырған күйі жайлы әңгіме ортақтасырған еді. Түркітанушы ғалымның пікірінше Түркия мен Еуропадағы қазақтардың қазақ тілі мен мәдениетінен алшақтауына біріншіден, олардың санының аздығы, екіншіден, қазақтардың шашыраңқы орналасқаны себеп болды дейді.

– Түркияға қазақтар ең алғаш 1952 жылы келген ғой. Яғни, биыл 61 жыл болды. Қазақ айтады: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп. Бұрынғы көш бастаған ақсақалды аталар мен ақ самайлы аналар бақилық болды. Тіліміз бұрынғыға қарағанда нашарлады десек өтірік айтқан болмаймыз. Бүкіл әлемдегі диаспоралар ішінде Түркия мен Еуропадағы қазақтардың ең осал жері – тілі мен мәдениеті. Басқа жағынан озық тұрмыз. Өйткені бізде техника, білім, демократия өте дамыған. Ал Түркия қазағы қашан Қазақстанға келемін десе өз еркі. Екі елдің достық қарым-қатынастары мығым. Бұл жағынан біз бақыттымыз. Ешқандай шектеу жоқ. Бірақ Түркия, Еуропа қазағының тілі мен мәдениетінің артта қалған ең үлкен себебі – біздің санымыз аз. Бүкіл Еуропа мен Түркиядағы қазақтарды қосқанда санымыз 20 мыңға әзер жетеді. «Қысқа жіп күрмеуге келмейді» демекші біз қазақ тілінде мектеп ашайық десек мектепті толтыратын бала жоқ. Оның үстіне қазақтар шашыраңқы өмір сүреді. Бір ауданда барлығы шоғырланып отырған жоқ. Осылайша тіл мен мәдениеттен айырылып барамыз. Ал, Қытайға баратын болсаңыз, бір жағынан ол қазақтың ежелгі атақонысы. Онда 1 жарым миллионнан астам қазақ бар. Бір ғана Шыңжаң провинциясына қоныстанған. Ал, Моңғолия қазағын алсаңыз да ол жерде 100 мыңнан астам қазақ тұрады. Сондықтан қазақтың ұлттық мәдениетін, өнері мен тілін сақтау оңайырақ. Түркия мен Еуропа қазақтарына келгенде жағдай өзгереді. Санымыз аз, бытыраңқы қоныстанғанбыз. Балаларымыз түрік мектептерінде білім алады. Еуропадағылар француз, неміс, ағылшын тілдерін оқиды. Еуропа қазағына қарағанда Түркия қазағының жағдайы біршама жақсы. Өйткені Түркиядағы қазақ саны көп. 15 мың қазақ Түрік елінде өмір сүруде. Еуропа елдерінде бір қалада көп болғанда 50-100 қазақ отбасы ғана бар. Мысалы, Кельнде 80-90, Мюнхен қаласында 60-70 отбасы тұрады. Біздің балалардың екінші ұтатын жері, балаларымыз түрік тілінде оқиды. Түрік тілі мен қазақ тілі туысқан тіл. Себебі, түрік тілінде білім алған қазақтың баласы атамекеніне келгенде ұзағанда алты айда тілін сыныдырып кете алады. Ал, немісше, французша, ағылшынша оқыған баланы әкеліп бір жыл оқытсаңыз да қазақ тілін меңгерте алмайсыз. Өйткені оларда тілдің грамматикасы Батыстікі. Қазақ тілі мен айырмашылығы жер мен көктей. Сол үшін біз үлкендер жастарға Қазақ еліне жиі барыңдар деп кеңес беріп тұрамыз. Қазақстандағы тиісті құзырлы органдарға да құлаққағыс етіп, жастарды атажұртына жиі тартыңыздар деп отырамыз,-дейді белгілі ғалым.

Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН