АЛТЫНОРДА
Новости

Абайдың корей тіліне аударылғанын көп жұрт білмейді

Абайдың өлеңдер жинағының тұңғыш рет корей тілінде Сеул баспасынан жарық көруіне қазақстандық ақынның бастамасы себеп болған.

Үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда алғаш рет корей тіліне аударылған Абайдың өлеңдер жинағы екі мыңдай таралыммен шыққан еді. Абайдың туған күні қарсаңында Азаттық тілшісі Қазақстанда көпшілікке әлі белгісіздеу осы кітаптың шығуына атсалысқан адамдармен жолықты.

НАЗАРБАЕВТЫҢ САПАРЫМЕН ОРАЙЛАСТЫРУ

Абай өлеңдерін корей тіліне аудару туралы бастаманы корей поэзиясын орыс тіліне тәржімалап жүрген қазақстандық ақын Станислав Ли көтерген. Абай өлеңдерімен бірге корей тіліне тағы екі кітап аударылатын болады – «Қазақстандық тоғыз ақын» топтамасы мен Станислав Лидің өлеңдер жинағы. Ли корей тілінің оқытушысы болып істейтін ескі танысына Абайдың өлеңдерін тәржімалау туралы қолқа салыпты.

– Ким Бён Хакты бұрыннан білетінмін. Ол Сергей Есенинді, Расул Ғамзатовты корей тіліне аударған. Сондықтан оның қолынан келеді деп түйдім, – дейді Станислав Ли.

Ақын әрі аудармашы Станислав Ли. Алматы, 29 сәуір 2013 жыл.Ақын әрі аудармашы Станислав Ли. Алматы, 29 сәуір 2013 жыл.

Үш кітап та Корея Республикасында Қазақстан мәдениетінің жылы деп жарияланған 2010 жылы жарық көрді. Сол жылы сәуір айында Кореяға Қазақстан президенті барған еді. Станислав Ли кітаптардың президент сапарына орайластырылып шығарылғанын жасырмайды.

Ол Кореяның Қазақстандағы елшісі болып істейтін танысы арқылы Корея сыртқы істер министрлігіне Абай өлеңдерінен корей тілінде кітап шығару туралы ұсынысын жеткізгенін айтып берді. Ол жақтан байланысқа шыққандар Назарбаев Сеулге келгенде оған аталған кітапты сыйламақшы екендерін айтып, 20 дана кітап сұратып өтініш білдіріпті. Және кейін сапар кезінде ондай тарту жасалған. Кітаптың қалған даналары Қазақстан делегациясының басқа мүшелеріне сыйға берілген.

Кореяда да, Қазақстанда да Абайдың корей тіліне аударылған өлеңдер жинағының арнайы тұсаукесері өткізілген емес. Баспасөзде бірнеше хабар, мақала берілген – бар болғаны сол. Сондықтан Абай өлеңдерінің корей тілінде жеке кітап болып шыққаны туралы көпшілік жұрт біле бермейді.

КӨШПЕНДІЛЕР МӘДЕНИЕТІМЕН ТАНЫСУ

Ким Бён Хак Алматыға корей тілін оқыту үшін келген. Сегіз жыл бойы тіл үйретумен айналыса жүріп өзі де орыс тілін меңгерді. Бұдан соң тағы төрт жыл осындағы жергілікті корейлердің газетінде журналист болып еңбек етті, ал қазір Оңтүстік Кореялық бір фирмада жұмыс істейді. Алматыда жүргенде Ким Бён Хак әдеби аудармаға ден қояды. Осында танысқан Станислав Ли оның аудармасын бағалап, Абайдың өлеңдерін бірге аудару туралы ұсыныс жасайды.

– Мен Абайдың «Қара сөздерін» ғана білетінмін, онысы бұған дейін корей тіліне аударылған. Абайды мен философ, ғибратшы адам деп ойлайтынмын. Ал оның табиғат лирикасы, махаббат жайлы өлеңдерін оқыған кезде таң-тамаша қалдым, – деді Ким Бён Хак Азаттық тілшісіне.

Оған әсіресе Абайдың жыл мезгілдеріне арналған өлеңдері, сонымен бірге

Абайдың табиғат лирикасы, махаббат жайлы өлеңдерін оқыған кезде таң-тамаша қалдым.

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын өлеңдері қатты әсер етіпті. Осы өлеңдердің арқасында ол көшпенділер мәдениетін танып-білуге құштарлығы артқанын мойындайды.

Ким Бён Хак корей тіліне Абай өлеңдерін жолма жол тәржімалағанын айтады. Бір жарым жылға созылған жұмыс барысында Абай поэзиясының орыс тіліне аударылған жаңа нұсқасы пайда болыпты.

– Қызығы да мол, қиыны да көп жұмыс болды. Кейде тіпті түсіме де аударма кіретін, – дейді Ким Бён Хак.

Евгений Сидоркиннің суреттерімен безендірілген «Алтын киіз үй өлеңдері» кітабының бір беті.Евгений Сидоркиннің суреттерімен безендірілген «Алтын киіз үй өлеңдері» кітабының бір беті.

Ол корей тіліне аударылған Абайдың өлеңдер кітабына әсем атау тауып қойған – «Алтын киіз үй өлеңдері».

Ким Бён Хак кітапты парақтап, оның құрылымы, безендірілуі, иероглифтермен жазылған тақырыптардың кейбір мағыналары туралы ыждаһаттықпен Азаттық тілшісіне түсіндірді. Кітапта барлығы жүз өлең бар, тақырыбына қарай алты тарауға бөлінген – табиғат жайлы, философиялық лирика, махаббат туралы және т.б.

Бір атап өтерлігі, кітаптағы әрбір өлеңнің атауы корей тілімен қоса қазақша да терілген. Кіріспе мақаласы, Абай туралы биографиялық мәлімет, корей оқырманына бейтаныс терминдердің анықтамалары берілген. Мысалы, аудару жұмысы барысында Абай өлеңдеріндегі мұсылман дініне қатысты әртүрлі ұғымдар көп қиындық туғызыпты. Сондықтан Станислав Ли тәржімашыны суфизм бойынша мамандармен жолықтырып, олар Ким Бён Хактың жұмысы барысында кеңестер беріп көмектескен. Жинақты шығарушылар кітапты безендіру үшін қазақстандық қылқалам шебері Евгений Сидоркиннің суреттерін пайдалану құқығын сатып алған.

Оңтүстік Кореяда екі мыңдай данасы басылған «Алтын киіз үй өлеңдері» кітабының түгел дерлік тиражы сол елде қалды дейді жинақты шығарушылар.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_poet_abai_kunanbaev_lirycs_kazakh_korean_translation/25071582.html