АЛТЫНОРДА
Новости

2012 жылы еліміздегі діни бірлестіктердің 32 пайызы таратылды

Астана. 01 ақпан. BAQ.KZ. Бұл туралы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде 2013 жылға қойылған міндеттер туралы бүгінгі өткен алқалы отырыста мәлімдеді.

 

«Қазіргі таңда дін саласындағы мемлекеттік саясат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың және діни үдерістерді алдын ала болжап бақылаудың бірыңғай жүйесін құру туралы стратегия шеңберінде одан әрі қалыптасуда.
Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал аталмыш саланы реттеуде мемлекеттік институттар мен тетіктер рөлінің арта түсуімен сипатталып отыр.
Бастапқы кезеңде пайда болған қоғамның діни сана-сезімін радикалдандыру дәстүрлі емес діни ағымдар белсенділігінің артуына байланысты әлдеқайда төмендеді.
Агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірігіп, 2012 жылдың ішінде дін саласындағы маңызды оң өзгерістерге қол жеткізе білді» деді төраға Қайрат Лама Шариф.
«2011 жылы елімізде 46 конфессияға қарайтын 4551 діни бірлестік  болған. Ал, 2012 жылы17 конфессияға қарайтын діни бірлестіктер саны 3088-ға  дейін қысқарды. Нақтырақ айтқанда еліміздегі діни ағымдардың 32 пайызы таратылды деуге болады» дейді төраға.

Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстанда 15 діни оқу орны қайта тіркеуден өте алмады.
«Ең әуелі дін атын жамылған құрылымдар мен өз құрылтай құжаттарына күмәнді ақпарат қосқан діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізуге жол берілмеді. Сонымен қатар діни оқу орындарының саны да қысқарды. Бұрын қызмет еткен 28 оқу орнының 13 -і ғана қайта тіркеуден өтті», — деп атап өтті Қайрат Лама Шариф.
http://www.baq.kz/news/22709