АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Бүгін алғыс айту күні ғой…»: 1 наурызда мектеп оқушылары аналарына алғыс айтқанда неге жылады?[:]

[:kz]

Видеодан оларды мұғалімнің еркінен тыс мәжбүрлеп сөйлетіп қойғанын да, қазақ отбасында балалардың ата-анасымен ашық сөйлесе алмайтынын да аңғаруға болады

Бүгін Рахым Нұрлыкешов есімді азамат facebook парақшасына 1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңындағы бір видеоны жариялады. Онда тәрбие сағатын өткізген мұғалімнің тапсырмасы бойынша аналарына қоңырау шалып, телефон арқылы алғыс айтқан ұл балалар бірінен соң бірі жылап отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бастауыш сынып оқушыларының бұл әрекеттерінен қазақ баласына тән ұяңдықпен қоса, жасықтық байқалады. Видеодан оларды мұғалімнің еркінен тыс мәжбүрлеп сөйлетіп қойғанын да, қазақ отбасында балалардың ата-анасымен ашық сөйлесе алмайтынын да аңғаруға болады. Сол себепті, көп нәрседен тыйылып өскен ұлдар тақта алдында қысылып-қымтырылып әрең отыр.

Ал енді Алғыс айту күніне келсек, Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. Сол жылдың 14 қаңтарында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек», — деген болатын Назарбаев Ассамблея сессиясында.

Тарихтан да тарта отырсақ, қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанын бөлісті. Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды.

XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды. Ал 30-жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді.

Сондықтан елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс болды. Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатыр. Мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникааралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.

Қарапайым тілмен түсіндірсек, ол күні қазақтар бір-біріне емес, оларға, яғни осы ел мен жердің иесіне Қазақстанда орнығып қалған өзге этнос өкілдері алғыс айтуы керек болатын. Барар жер, басар таулары қалмай, тентіреп келгенде ата-бабаларымыздың қамқор болғаны, нәубеттен үрім-бұтағымен аман сақтап қалғаны үшін! Ал біздің ештеңенің байыбына бара алмайтын мұғалімдер болса, «анаңа алғыс айт» деп, қазақ балаларының сорасын ағызып қояды.

 

[:]