АЛТЫНОРДА
Ақорда жаңалықтары

[:kz]АСТАНА АТЫ “АЛТЫН ОРДА” БОЛУЫ КЕРЕК! – Қазыбек Иса[:]

[:kz]

 

«АЛАШ ОРДА» АТАУЫ ДА ЖАҚСЫ

Бұрыннан қозғалып, ел қарсы болып келе жатқан, қазір қоғамда өткір пікірталасқа өзек болып болып отырған Астананың атын ауыстырсақ, қайтадан “Астана” деп қою ыңғайсыз менің ойымша. 

Біз кезінде “Астана” атының өзіне де қарсы шыққанбыз. «Қазақтың бай сөздік қоры қайда, “Астананың аты Астана” деген не кемтарлық?”-деп жазғанбыз. Бірақ ол ат өкінішке орай қойылып кетті. Сол кезде тура болжағанымыздай, бұл болашақта Нүрсұлтан Назарбаевтың атын қою үшін жасалып отырған алдын ала шара деп, дәл тауып айтқанымыздай, бір күнде “Нұр-Сұлтанға” ауысты. Енді сол біз жақтырмаған «Астана» атауының өзіне де зар болып, қайта аталуын қалап жатқандар да бар… 

Иә, 2019 жылы 20 наурызда Қазақстан астанасының аты — Нұр-Сұлтан қаласы болып ауысты. Ал 25 наурызда осы атауды саяси-қоғамдық ұйымдардың қолдауы ретінде шақырылған “Қазақстан — 2050” демократиялық күштер коалициясы жиынына “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев барудан бас тартты да, төрағаның орынбасары ретінде жиынға мен қатысуға тура келді…

Жиын басталмай жатып бас салған қаптаған журналистерге де, жиында да айтқаным:  

-Осыдан үш күн бұрын елордаға елбасының атын бердіңіздер, бірақ Назарбаевқа дейін де тарихымыз бар ғой. Өйткені Назарбаев аяқ астынан тақырға пайда болған жоқ. Оған дейін де біздің ел тарихында шешуші рөл атқарған атақты хандарымыз бар. Ақыр елорда атын елбасының атына, адам атына ауыстырдыңыздар, енді бұны ұлттық мүддеге сай жалғастырып алып кету керек. Ендеше, енді тариxи сабақтастық ретінде Петропавл қаласына кезінде өзінің ордасы тұрған, үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы xаны Абылай xанның атын, Павлодар қаласына қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы xаны Кенесарының атын, кезінде Алаш қаласы атанған Семейге қазақ тариxында ғана емес, Орта Азияда тұңғыш саяси партия құрған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлиxан Бөкейxанның атын беріп, жалғастырып алып кетуіміз керек. Кеше ғана Қазақ xандығының 550 жылдығын тойлауды «Ақ жол» партиясының ұсынуымен Елбасының өзі бастағанын білесіздер. Ендеше, бұл тариxи тамырымыздың тереңдігін, саясатымыздың кемелдігін көресетер іс болады деп білемін. 

Мәслихаттарымыз да, Парламентіміз де қала атын ауыстырудың ғарыштық жылдамдығын көрсетіп отыр, ендеше 28 жылдан бері неге созып келгенбіз бұл қалалардың атын ауыстыруды?..

Тек кеше «Қазақ үні» ұлттық порталы дабыл қағып, жазғандай, шаш ал десе, бас алған әкімдердің «социалистік жарысы» арқасында ұлы тұлғаларымыз Абайдың, Әбілқайыр ханның, Төле бидің, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың аттарын, тіпті Тәуелсіздік атауын ауыстырып жіберіп жатқанын қалай түсінуге болады? Батыр бабаларымыздың қанымен келген, бағасы да, баламасы да жоқ Тәу етер Тәуелсіздігіміз болмаса, Ел бола ма, елбасы бола ма?»-деп сөйлегенім тек қазақ баспасөзінде емес, Ресейдің басты ақпарат құралдарында да жарияланып, үлкен шу болды. 

Иә, шынында да, жағымпаздық жарысына түскендер Тәуелсіздік көшесінің өзін Назарбаевтың атына ауыстырып жіберді. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Осы ұлы тұлғаларымыз Абайдың, Әбілқайыр ханның, Төле бидің, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың аттарын, тіпті атап айтқанымдай, Тәуелсіздік атауын ауыстырып жіберген үш қаланың (басқа қалаларда да болса, үн қосыңыздар) облыс әкімінің, қала әкімінің, мәслихат депутаттарының тізімін біз «Қазақ үні» ұлттық порталы мен газетінде жариялағанбыз. Келешекте ұлт мүддесіне қарсы шыққандардың «қара тізімі» ретінде қалуы үшін. 

Бұл жөнінде біздің өкінішті болса да, тәжірибеміз бар. 2004 жылы «Қазақ үні» газетінде Парламентте қазақ тіліне қарсы шыққандар тізімін жариялаған « Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламен таратылсын» деген мақала жазып, қоғамда сенсациялық бомба жарғанбыз. Оның екінші кезеңі 18 жыл өткенде, биыл, мен 2022 жылы 27 сәуірде Мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдауды талап етіп, ол үшін Конституциядағы тіл туралы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялағанда жалғасты.

Бұл Тәуелсіздік атауына қарсы шыққандар туралы мен осы алдағы дүйсенбіде мәселе көтеріп, сол тізімдерді қайта жариялаймын. Егер солардың ішіндегі, Тәуелсіздік атына қарсы шыққандар әлі күнге мәслихат депутаттары ішінде болса, (бұл мәселемен «Қазақ үні» редакциясы журналистері айналысуда), өздері арыздарын жазып, алдын ала кете беруіне болады… Реті келгенде, айта кетейін, мен ұлт мүддесіне қарсы шыққандардың қара тізімін «Қара тізім» атты кітабымда жариялаймын жақында. Олардың ішінде ұлттық мүддемізге қарсы шыққан, билікте болған, қазір де билікте отырғандар да, кезінде «Оппозияның атын Президенттің бас газетінде қалай жазуға болады, тез құртыңдар» деп, қазір өзін-өзі «бас оппозиционер» деп жариялағандар да, Мемлекеттік тілді қолдау үшін бұрынғы ведомоствоаралық комиссияны қайта құруға қаулы қабылдаған құрылтайдың шешімін орындауға қарсы болып, Тәуелсіздіктің 30 жылында «Бұған Ресей мемлекеті қалай қарайды» деген масқара шешімді қолдаған жоғары лауазымда отырғандар да, жалпы «қазақ тіліне қарсы шыққандар да жетеді.

Қазір көбінесе, астананың атын «Алаш Орда» деп ауыстыруды қалап жатқандар да көп. «Елорда» деп ұсынғандар да бар. Әрине, мен мұны Алашшыл, ұлтшыл ретінде де, Алаш Орданы ұлықтаушы «Ақ жол» партиясы мүшесі ретінде де “Алаш Орда” атауын қолдаймын. Бірақ, бізге қазір ең басты қауіп – геосаяси жағдай болып тұр. Сондықтан, көрші империяның көз алартулары көбейіп тұрған кезде “Алтын Орданың тойын жасап, Путинді шақыру керек» деп мақала жазғанымдай, кезінде Еуропа мен Ресейді қол астына қаратқан ұлы империяның мұрагері екенімізді еске салатын үлкен сес ретінде «Алтын орда» атауы лайық қой деп ойлаймын. Бұл ұсынысымды осы сәрсенбіде, 7 қыркүйекте телеарналар тілшілері сұрауы бойынша айтқасын, өңірлердегі жұрт, ақын Сабыр Адайдан бастап, айтулы қоғам белсенділері, жалпы көпшілік жақсы қолдап та жатыр екен, рахмет.

Сол баспасөзге берген сұқбатымда айтқанымдай, астана атауын референдум жасамасақ та, әлеуметтік желіде елдің талқысына салайық. 

Сонымен , иә, әрине, астананың аты ауысу керек. Бірақ «Астананың аты- Астана» деген, «иттің аты – ит», «баланың аты-бала» дегендей сөздік кемтарлықтан құтылу керек. 

Ол үшін ұсынатын атауларымыз:

1.АЛТЫН ОРДА

2.АЛАШ ОРДА

3.ЕЛОРДА

Сонымен, Сіздер қай атауды қалайсыздар?

Қалың оқырмандар қалауын күтеміз.

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні

[:]