АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]»Арандатып жүр екен». Ерлан Орынбасаров Желідегі видеоға қатысты пікір білдірді[:]

[:kz]

 

Әлеуметтік желіде белгілі әнші Ерлан Орынбасаров балаларды балағаттады деген видео тараған еді. Tengrinews.kz тілшісі әншімен сөйлесіп, оқиғаның анық-қанығын сұрады.

Желіде видео тараған соң әнші Instagram-парақшасында жазба жариялаған еді.

«6 жасар балаңыздың толықтығын орысшалап боқтап, күнде кемсітіп достарының арасынан 14-16 жастағы ересек балалар қуып жіберсе, әрбір ата-ананың жанына батады… Осындайда сіз эмоцияңызға ие бола аласыз ба?», — делінген жазбада.

Әнші Ерлан Орынбасаров оқиға қалай басталғанын түсіндіріп берді.

«Біздің 6 жасар Назарали есімді баламыз бар. Бір жылдан асты, көшедегі балалар сол баламызға «толстый, лошара» деп тиіседі. Оны өз құлағымызбен де талай естідік. Олардың ата-анасына да айтып, сөйлескенбіз. Бірақ ата-анасы да «Видеоға түсірілген дәлеліңіз бар ма?» деп, балаларын жақтап сөйлейді», — деді әнші.

Осындай жағдайдан кейін бала далаға шығудан қалыпты.

«Содан бері бала далаға шыққысы келмейді. Сондықтан әкесі ретінде мен ешкімнен қорықпай, біреу бірнәрсе айтса, маған айт деп далаға жібердік. Бұл жолы баламызға 14-16 жас аралығындағы ересек балалар біраз жаман сөз айтып, қорқытып жіберген. Содан кейін мен шығып, ол балаға ескерту айттым. Ол бала «Дәлелде, қалай дәлелдейсің? Видео бар ма?» деп дөрекі жауап берді», — деді Ерлан Орынбасаров.

Кейін оқиға былай өрбіген.

«Біраздан соң балам тағы келді. Балам «Папа, маған ана бала «Сені ұрып-соғу үшін құрдастарыңа ақша бердім» деп айтты. Бірге жүрші, велосипедім сол жақта қалды, қорқамын, велосипедімді алып келейікші» деді. Содан мен шығып, сол балаға олай жасауға болмайтынын түсіндіргім келді. Әлгі бала былапыт сөздер айта бастады. Өзімнің де ашуым келіп тұр еді, мен де былапыт сөзбен жауап беріп жатыр едім, ол бірден сыпайы болып, өзіме ақыл айта бастады. «Балалардың көзінше былапыт сөз айтпаңыз» деп, «сен» дегеннен «сіз» дегенге көшті. Сөйтсек, осы видеоны түсіру үшін арандатып жүр екен. Себебі бұл видео 10 минут ішінде пабликтерға бірден тарай бастады», — деді белгілі әнші.

Әнші кешке баланың ата-анасымен сөйлескенін айтты.

«Кешке баланың әкесі жұмыстан келгенде сөйлесіп едік. Әкесі баласы қазір «ересек болдым, өстім, бәрін өзім білемін» деп ойлайтын кезеңде жүргенін айтып, кешірім сұрады», — деді Ерлан.

Әншінің айтуынша, ата-аналар осындай жағдайға жиі тап болатын секілді.

«Бұл тек біздің басымыздан өтіп жатқан оқиға емес. Бізді аз-маз танитын адамдар болған соң, көзге түскенбіз. Толық, томпақ адам дәлел ретін үнемі камерасын қосып жүруі керек пе? 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер өзінен бірнеше жас кіші балаларды қорқытуы дұрыс па?» — деді әнші ашынып.

 

[:]