Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Шетелдіктер «Рапунцель» деп атап кеткен алматылық ару Мөлдір Бекжанның бұрымы 2 метрге дейін жетеді екен. Ерекше сұлулық иесінің сөзінше, ол 9 жасынан бері шашына қайшы жолатпапты. «Бұрымды қыз» байқауының жеңімпазы Stan.kz тілшісіне шаш күтіміндегі басты қателіктерді атап, қыз-келіншектерге өз кеңестерін айтты. 

«Шашымды 9 жасымнан бастап өсірдім. Есімде, 8 жасымда 2-сынып оқимын. Сол кезде басымды тақырлап, шашымды алып тастады. Сонан кейін өсті. Міне, сол уақыттан кейін шашыма қайшы тимеді. Үйде анамның, сонан кейін тәтелерімнің , жалпы барлығының шашы осындай ұзын. Сол себепті шашымды қию керек деген сияқты ойлар келмеген. Бір жағы, солардың ұзын шашына қызығып өсірдім», – деп Мөлдір бұрымының ұзын етіп өсіруінің негізгі себебін айтып берді. 

 

Оның сөзінше, бүлдіршіндердің шашын өсіру дұрыс емес. Бұған қоса, жалпы шаш күтімінде ескерілуге тиісті факторларға тоқтала отырып, пайдалы кеңестерімен бөлісе кетті.

«Адамдар 1-2 жастың өзінде балаларының шашын ұзын қылып өріп қойып, қызық көріп жатады. Ол кезде кішкентай баланың шашын өсірмеу керек. Керісінше, оның басын, шашын қырып отыру керек. Ұл балалардың шашын қырамыз ғой, сол сияқты. Мысалы, ер адамның да сақалын қырған сайын, ол қалың өседі ғой, шаш та тура сол секілді қырған сайын қалың бола түседі. Содан кейін қазіргі кезде қыздар бұйралау, үтік дейді, оның бәрі шашты, былайша айтқанда, бүлдіретін дүниелер. Ондай құралдарды мүлде қолданбау керек. Енді екі-үш жылда бір рет болса, жарайды дейік. Ал былай жиі ондай нәрселерді пайдаланған бұрымға зиян», – дейді ару.

Бұрымды арудың шашы 2 метрден асады. Бір қарағанда сұлулықтың сырын ашатындай бұл шаштардың күтімінің өзі біраз күшті талап етеді, дейді ол. 

«Енді, шаш тараудың өзіне біраз уақыт кетеді. Баяғыда есімде, жатақханада қыздар таңертең ерте тұрып, боянып жатқан кезде мен шашымды тарап жататынмын. Ал боянуға уақыт та болмайтын. Нақты айта алмаймын. Дегенмен тез-тез болуым керек дегеннің өзінде бір 10-15 минуттай уақыт кетеді. Ал енді баптап тарасам, баптап өретін болсам, оған енді кәдімгідей уақыт кетеді», – дейді Мөлдір Бекжан. 

Табиғат сыйлаған сұлулықтың негізі табиғилық екенін  айтқан Мөлдір шашты жеңіл тараудағы өз лайфхактарымен де бөлісе кетті.

«Соңғы кездегі бір лайфхагым – күріштің суы. Күрішті жуып алғаннан кейін, соның суымен шашымды жуардан бұрын, жарты сағаттай сулап алам. Себебі, жуғаннан кейін жеңіл таралады. Яғни шаш бір-бірімен шатаспайды. Ал енді бұрыннан осы сұрақты маған көп қояды қалай күтесіз, не пайдаланасыз дегендей. Ол енді, былайша айтқанда, табиғаттың сыйы. Арнайы айран жағып, жұмыртқа жағып, ондай ешнәрсе пайдаланып көрмеппін. Өзі өсетін шаш өседі екен негізі. Содан кейін жаңағы шашымды жайып жүрген емеспін, үнемі өріліп тұрғандықтан, ешнәрселерге көп жұлынбағандықтан, деген сияқты шаш өз бабын, өз күтімін сақтап тұрады», – дейді алматылық ару.

Еуропаның біраз қаласын аралаған қазақ қызының осындай ерекше ұзын шашына өзге ұлт өкілдерінің де көзі түсіп жатады екен. Бұрымымен бәрін таңдандырған аруға тіпті шетелдіктерден көптеген ұсыныстар да түсіп тұрады екен.

«Шетел әдебиетінде Рапунцель деген осындай шашы ұзын кейіпкер бар ғой. Соған байланысты Instagram-да «Рапунцель», одан бөлек, «girls with long hair» деген сияқты ұзын шашты қыздардың аккаунттары өте көп. Ол аккаунттарды арнайы жүргізетін  арнайы адамдар да бар. Солар бүкіл дүние жүзінің шашы ұзын қыздарының фотоларын, видеоларын жинайды. Мен ағылшын тілінде адамдармен емін-еркін сөйлесіп, емін-еркін жазатындықтан, маған да көптеген шетелдіктер жазады. Суреттерімді сұрайды. Олардың шашқа келгенде қызығушылықтары өте жоғары. Былайша айтқанда, олар нағыз ұзын шаштың фанаттары. «Қандай керемет, тамаша!»  деген сияқты өздерінің жылы лебіздерін, тілектерін, жеткізіп жатады. Соған қарап мотивация аласың. Одан кейін жұмыс бірге істейік деп ұсыныс жасайтындар да көп. Бізге осынша видео, сурет жіберіңіз,  есесіне ақша төлейміз деген сияқты сондай келісімге тартатындар да бар!» – деп ағынан жарылды бұрымды қыз. 

Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнамыздан тамашалай аласыздар:

Сұхбатты дайындағандар: 

Гүлсезім Мұхатай  

Нұрсұлтан Нұрманбек 

Рубрика: