Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Пияз бен нан ғана жеп отырмыз деген Ауғанстан қазақтары өздерін тезірек бұл елден алып кетулерін сұрайды. Бір күндік ақшамыз тек 4 килограмм ұнға ғана жетеді деген қандастар өмір сүру тым қиындап кеткенін айтып видео жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Жығылғанға жұдырық болып, азық-түлік бағасы да шарықтап кеткен екен. Ауғандағы қазақтар қазір ішер астың өзін әрең тауып отырғандарын айтады.

 

Күнде пияз бен нан ғана жеп отырмыз деген қандастар арнамызға фото-видео жолдады. Бір күн бойы жұмыс істеп, төгілген тердің құны 1 доллар ғана екен. Оған 4 килограмм ұн сатып алып, 20 адамға нан пісіреді. Күндегі тірлігіміз осы деген Ауған қазақтары берекесі қашқан елден алып кетулерін өтінеді.

“Жағдай қиын болып жатыр. Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Біз елшілікке хабарластық. Елшілік өздеріне шақырады. Біздің тұрған жерімізден елшілікке дейін 2 мың километр. Жол ұзақ. Біз бара алмаймыз. Қазақстан үкіметінен өтінеміз, бізді алып кетіңіздер”, – дейді Ауғанстан қазағы Абдулқадір Ықыласбай. 

Тағы бір отбасы да пияз қуырып жеп отырған суреттерін жолдады. Байланыс тым нашар болғандықтан, ұялы телефонға түсірген жазбаларын жолдай алмады. Бұл үйдегі ер адамдар қарауыл болып жұмыс істейді екен. “Бір күн жұмысқа шықпай қалсақ, кішкентай балалар аш қалады” дейді. Сондықтан әр күнді әупірімдеп әрең өткізетіндерін айтады. Ауғанстандағы қазақтар мәселесі бойынша Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан едік. Олардың жазбаша жауабында қазір өздерінің этникалық қазақ екендерін дәлелдеген 23 отбасы, яғни 200 адам бар делінген.

Қазақстан аумағына қандастар ретінде кіруге ниет білдіргендерімен, тиісті жұмыс жалғасуда. Ауғанстанның қазіргі саяси-әскери ахуалын ескере отырып, қосымша эвакуациялау рейсінің уақыты туралы нақты айтуға мүмкіндік жоқ.

Жақын арада елдегі жағдай тұрақтанып, қандастар Қазақстанға емін-еркін келе алатынына сенім білдіреміз» деген. Ал бізге хабарласқан қандастар ол жақтағы қазақтар 23 отбасынан да көп дейді. 

Рубрика: