Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министі Дәурен Абаев атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жасалып жатқан алаяқтықтарға Үкімет кәдімгідей алаңдап қалғанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу ісінде алаяқтық жағдайы шынында да, көбейіп барады. АӘК тағайындалатыны хабарлана сала соттарды айырылысу туралы арыздар «көміп тастады». Өткен аптада БАҚ-тан бір отбасы өз баласын балалар үйінен алып кеткені туралы, ал АӘК-ті ресімдеп алғаннан кейін баланы қайта өткізіп жібергені туралы жаңалық оқыдым. Оралда тіпті кейбір адамдардың уақытша Қарттар үйінен қартайған әке-шешесін үйіне алып келгенін естідім. 8 миллион теңге жылдық кірісі бар кейбіреулер нақты табысын жасырған. Сол себепті, Үкіметті бұл жағдайға кәдімгідей алаңдатып тастады. Әлбетте, алаяқтықтың жолын кесіп, ол дертпен күресу керек», — деді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында. 

Дәурен Абаев сонымен бірге соңғы уақытта қайталанған көпбалалы аналардың митингіне қатысты пікірін білдірді. 

«Алаңға шыққан әйелдер кезектен тыс пәтер беруді талап етіп отыр. Ал бұл талап мемлекеттік көмекті әділетті түрде тарату қағидатын бұзады. Осы акциялардан кейін ол әйелдердің көбінің еңбекке жарамды күйеулері бары анықталды. Сондай-ақ, кейбір акцияға қатысушылардың үйі бары да белгілі болды. Олардың көбінің несиесі төленіп, атаулы әлеуметтік көмек, демеушілік көмек берілуде. Мемлекеттің өз міндеттерін орындаудан бас тартып отырмағанын түсіну керек. Бірақ, қазір қысымға беріліп, митингке шыққандарға пәтер бөліп берсек, күні ертең пәтер қалап, барлығы да митингке шығады. Сондықтан, митингке шыққанына немесе шықпағанына қарамастан, мемлекет көмекті халықтың әлеуметтік осал тобына кезегімен көрсететін болады», — деді Дәурен Абаев.

Рубрика: