Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялауда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

«Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі 1 жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», — деді Президент.

Сондай-ақ Тоқаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер туралы айта кетті. 

“Осы ретте бүлікшілер қандай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы айдан анық. Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, транформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көздеді. Сол үшін қандықол қылмыскерлер, қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара бірігіп билікті басып алғысы келді. Президентті орнынан алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты. Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсаттарына пайдаланды.Олар президентті биліктен кетіргісі келді”, – деді ол. 

Оның айтуынша, Қастандық жасаушылардың арам пиғылдары іске аспады. 

«Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді», -деді Президент.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауын 1 қыркүйекте жария еткен еді. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау және басқа да бағыттарды қамтыды.

Бүгінгі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына депутаттық корпуспен қатар, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бастаған Үкімет мүшелері, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, Конституциялық Кеңес пен ҚР Жоғарғы сотының төрағалары мен мүшелері, ҚР Президентіне тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар басшылары қатысып жатыр.

Рубрика: