Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Полицей қыз Диляфруз Кенжеханова 75 жастағы қарияны немерелерімен бірге асырап алды. Ол қарияның жағдайын көріп, оны жалғыз қалдыра алмағанын айтады. Өзінің бес баласымен бірге төрт баланы асырап алған. Бүгінде бір отбасыға айналды. 

Бұл туралы “Пендеміз ғой” бағдарламасында айтылды.

 

Кәрім ақсақал 2 жыл Таразда 20 жыл Шөлдала ауылында тұрды. Екі ұлы мен жан жары болды. Кенжесі құдыққа түсіп, көз жұмған. Ал үлкені ер жеткенде Қазақстанға жұмыс істеймін деп кетеді. Әйелі ауыр дертке шалдығып, қайтыс болады. Жалғыз қалған әке Қазақстанға ұлын іздеп келеді. 

Ол кезде ұлы үйленіп 4 баланың әкесі атанған екен. Келін баласымен, немересімен бірге тұрады. Алайда қуанышы көпке ұзамай ұлы әйелі мен бала-шағасын, әкесін тастап кетіп қалады. Қайғыға шыдамаған келіні суға кетіп мерт болады. Жақындарынан айырылған қарт әкеге ауыр жүк түсті. Ол немерелерін өзі бақты. 

“Қыздар ол кезде 5-6 сынып оқитын. Оларға ана керек екен. Қатты уайымдадым. Мен оларға қарадым. Жұмыстан шығып кеттім. Тамағын жасау керек болды. Үйге қарау керек болды. Жағдайымыз болмай кетті”, – деді қария. 

Кәрім ақсақалдың жағдайын білмек болып барған комиссия мүшесінің ішінде Диляфруз Кенжеханова бар еді. Ол кезде Диляфруз жасы кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуші инспектор қызметін атқарған. 

“Біз отбасының жағдайын білмек болдық. Ол кезде үй ішіне көмек керек болды. Балалардың киімі кір болды, үй де лас болды. Комиссия балаларды жетімдер үйіне өткізу керек деп шешті. Кәрім ата мені өлтіресіңдер деп жылады. Олар кетсе, мен өлемін ғой деп жылады. Мен ол кісінің қайғысын түсіндім. Жалғыз қалдыра алмадым. Солай өзімнің үйіме әкелдім. Менімен бірге барасыз дегенде балаша қуанды”, – дейді Диляфруз. 

Кәрім ақсақал Диляфрузды өз қызындай көреді. Оған алғыстан басқа айтары жоқ. 

“Егер ол болмағанда біздің жағдайымыз қалай боларын білмеймін. Әбден амалым таусылды. Ол мені өз әкесіндей қарайды. Жылы төсек, таза киім, ыстық тамақ береді. Балаларым да жақсы көреді. Ол алтын адам ғой”, – деді ақсақал. 

Кәрім қарияның азаматтығы болмағандықтан зейнетақыдан да қағылған. Алайда Диляфруз оған таршылық көрсетпей келеді. 

“Атам да бала секілді. Кейде ренжіп қалады. Балаларға бірнәрсе әкелсең, маған жоқ па деп ренжіп қалады. Өзі жүреді. Тамағын өзі ішеді. Үлкен кісіге жақсы қарасаң, жақсы жүреді”, – деді ол.

Полицей қыздың үш жыл бұрын әкесі қайтыс болған. Ол әкесінің қызы еді. Енді Кәрім ақсақалды әкесіндей көріп жүр. 

“Әкемдей бола алмаса да, бауыр басып қалдым. Жақсы көремін. Үйде береке бар. Кей адамдардың үйіне барсаң, бәрі бар. Байлығы бар, басқа ешнәрсесі жоқ. Ал біздің үйде махаббат бар, сыйластық, береке бар”, – дейді Диляфруз. 

Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Рубрика: