Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Әділет министрлігіне жыл басынан бері 7 бастамашыл топтан партия құру ниеті туралы хабарлама түсіп, Halyq Uni ақпарат агенттігі тіркеуге хабарлама жіберген саяси партиялардың саны мен оларды тіркеу процедурасының қай кезеңде тұрғанын білу үшін Әділет министрлігіне сауал жолдаған болатын, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

2022 жылы шілдедегі жағдай бойынша, бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізілімінің мәліметінше, 6 саяси партия тіркелген. Олар «Amanat» партиясы, «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «ADAL» саяси партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партисы».

Сондай-ақ, жыл басынан бері министрлікке 7 бастамашыл топтан партия құру ниеті туралы хабарламалар түскен. Атап айтқанда, «Партия Еl Тiregi», Қазақстанның Жасыл партиясы «Байтақ», «Namys», «Алға Қазақстан», «Жанашыр», «Қазақстанның Халық Конгресі» және «Bizdin Tandau» партиялары.

Министрлік «Namys» саяси партиясынан өзге қалған алты партияның хабарламасы растаусыз кері қайтарылғанын мәлімдеді.

Тіркелмеген «Namys» саяси партиясының ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасына тіркеуші орган растама құжатын берді. Қалған ұйымдастыру комитеттеріне Заңның 6-бабы 1-тармағының, 8-бабының, 10-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес ескертулердің анықталуына байланысты хабарламалары растаусыз қайтарылады, — делінген ресми жауапта.

«Алға Қазақстан» партиясының жетекшісі саясаткер Жасарал Қуанышәлин бастаған топ құжаты толық болмай, өтінішін өткізе алмағанын бұдан бұрын мәлімдеген болатын.

Ал «Namys» саяси партиясының жетекшісі Санжар Боқаев 19 шілде баспасөз мәслихатын өткізетінін, онда партия құру жолындағы кедергілер мен заңға енгізілуі қажет өзгерістер туралы айтылатынын хабарлады.

«Ертең осы мәселе бойынша «Namys» партиясының баспасөз мәслихатын өткізбекпіз. Ең бастысы тіркелу барысындағы негізгі мәселелер, заңға қандай өзгерістер енгізуі тиіс деген сұрақтар көтеріледі», — деді ол Halyq Uni тілшісіне.

Ведомство таратқан мәліметінше, Заңның 6-бабына сәйкес саяси партия саны мың адамнан кем болмауы тиіс. Сонымен бірге, саяси партияның Құрылтай съезін шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін азаматтар тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның Құрылтай съезіне жеке өзі қатысады.

Ұйымдастыру комитеті тіркеуші органға тиісті құжаттарды қоса бере отырып, тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша саяси партия құру ниеті туралы хабарлама береді. Тіркеуші орган хабарламаны және осы баптың 3-тармағында көрсетілген өзге де құжаттарды алған күні ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамына олардың ұсынылғанын растайтын құжатты береді.

«Адырна» ұлттық порталы 

Рубрика: