Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

 

Иә, бұл бүгінгі қатал қоғамның бір көрінісі ғана… Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектік жәрдемақыға ілігуінің өзі ақыреттің қылкөпірінен өтуден де қиын шаруа. Медициналық әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту үшін құжат жинау сау адамның өзін ауру қылады. Осыдан-ақ мүгедектерге тым қиын екенін бағамдай беруге болар… Емханадан мүгедектікті анықтайтын форма-88У жолдамасын алудың өзі ақырет екен. Анықтаманың бәрін жинап болып, енді МӘС-тен өту ең соңғы алынбас асу. «Бағы жанғандар» бір ақ күнде өтіп, құжатын тап-тұйнақтай етеді. Ал, басқалары ше?

Жылдап қызының мүгедек екенін дәлелдеу үшін майда-шүйде анықтамаларды қайта-қайта жинап, жүйкесі әбден тозып, арнайы «Адырна» ұлттық порталына шағымданған Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны, көпбалалы ана — Гүлзира Манабаеваның айтар өз шындығы бар… Жергілікті әкімдіктен министрлікке дейін көмек сұрап, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған көпбалалы ананың маңдайы тасқа соғылып, бюрократтық кедергілерді жеңе алмады. Оның есесіне өзіне айып тағылып, сөзі теріске шығарылып, жаны әбден жараланды…

 

— Қызым Рахим Айым 2008 жылы «Врождённый вывих бедёр» диагнозымен дүниеге келді. Содан бері консервативті ем қабылдап келеміз. Алайда жасалынған емнен нәтиже болмай, 10 жасында аяғын сылтып басып жүргенін байқадық. Сол кезден бастап Арыс қалалық орталық емханасында ем алып жүрдік. Қызымды 6 ай сайын Шымкентке апарып, оңалту орталығына жатқызып келемін, – дейді анасы…

ХИРУРГ-ОРТОПЕД «ТИЕСІЛІ ЖӘРДЕМАҚЫ БЕРІЛУІ ТИІС»

Айымды емдеп жүрген білікті хирург-ортопед Өмірбеков Болат анасына «Қызыңның оң аяғы сол аяғынан 2 сантиметр қысқа. Жамбас сүйегі мүжілген және қалпына келмейді. Уақытылы әр алты ай сайын ем қабылдайды. Әбден бойы өсіп жетілген соң, операциямен екі аяғын теңестіріп, темір салып береміз. Міндетті түрде Медициналық әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өтіп, тиесілі жәрдемақы берілуі тиіс» — деп  қызы үшін алаңдаған анасының көңіліне үміт ұялатады.

— Қызыма кальций, витамин, сондайлар көп қабылдау керек. Ал, менің оған жағдайым жоқ. Көпбалалы анамын. 5 балам да мектеп жасында. Ал, әкеміздің айлығы — 60 мың тенге. Күнделікті азық-түлігімізге де жетпейді. Осы уақытқа дейін қызымызды өз қаражатымызға Шымкентке үш мәрте оңалту орталығына жатқыздық. «Мама, маған келмейсіздер ма?»- деп хабарласқан сайын ары кетсе оған 1-2 рет барып қайтамыз. Өйткені, қайта-қайта күнде бара беруге жағдайымыз жоқ. Барсаң да, хабарлассаң да, кішкентай қызғалдағым «Мама, басқалардың мамалары күнде келеді, әр нәрсе әкеп береді» — деп жылайды… Сонымен ешқандай жағдайым болмай, ары-бері созып жүргенімде, қызымды Өмірбеков Болат деген білікті хирург-ортопедке тексертіп едім. Ол кісі «МЭС-ке 100% положено. Қызыңыздың аяғында барлығы көрініп тұр. МЭС-ке жібереміз!»- деген еді. Бірақ… — деп көпбалалы ана көз жасына ерік берді…

ЕҢБЕККЕ ЖАРАМСЫЗДЫҚ ПАРАҒЫН БЕРУШІ ДӘРІГЕР 1 ЖЫЛ АНДА-МЫНДА ШАПҚЫЛАТЫП, ӘБДЕН СОРЛАТҚАН…

— 2020 жылдың қазан айында бас дәрігердің еңбекке жарамсыз парағын беруші орынбасары Тәшімханова Құрбангүл ханымға бардым. Ол отпускідемін, келесі айда кел деді. Қараша айында барсам, желтоқсан айы демалыспен бітеді, жыл аяқталды деп үйге тағы қайтарды. Осылай жүре береміз ба? — деп қаңтар айында тағы мәрте бардым. Сөйтіп, 2021 жылдың 27-і қаңтар күні Арыс қаласының хирург дәрігері А.Акбаров және дәрігер Қ.Тәшімханова қызымды тексеруден өткізіп, «жамбас сүйегі мүжіліп жатыр» деген диагнозбен баланың мүгедектігін анықтайтын МЭС-ке жолдама берді, — дейді Айымның анасы.

Алайда, аудандық сараптама бөлімінің басшысы Бекпенбетов Марат Зеберханұлы жолданған жолдаманы негізсіз, баланың жамбасы мүжілгендігі, мүгедектікке жатпайды деген шешім шығарады…

— Сонымен, қызымды аудандық МЭС-ке апарған едім. Айымды тексерген дәрігер сараптама бөлімінің басшысы Марат Зеберханұлына: «Біржола жазып берейін ба?» – дегенде, МЭС-тың басшысы: «Жоооқ, бұған не положено!» деп бас тартты. «Неге?» – деп едім. «Мүгедектікке жатпайды бұл» — деді. Сомен, «Әә жарайд, деп кетіп қалдым…,- дейді көпбалалы ана.

50 МЫҢ ТЕҢГЕ ПАРА БЕРГЕНДЕР САУ БОЛСА ДА, МҮГЕДЕКТІККЕ ЖАРАМДЫ БОЛЫП ШЫҒАДЫ…

— Сөйтіп, жұрттардан сұрап едім. Мүгедектікке жатпаса, қолына мүгедектікке жатпайды деген қағаз жазып бермей ме ? – деді. Содан, барып сұрасап, «Жоқ, біз ондай анықтама бермейміз!» – деді. Сонымен, қоймай қолыма «инвалидность не положено» деген анықтама жаздыртым алдым. Бірақ, олардың қитырқы әрекеттеріне келісе алар емеспін. Өйткені, ол жерге ақша бермесең, бәрібір шығармайды екен. «50 мың теңге бергеннен кейін олар өзінікін дұрыстап алады. Әуре болмай-ақ қой…» — деп осы уақытқа дейін бәрі айтып келді. Ал ақша бергендікін не положено болса да, өздері диагнозды қосып-қосып жазып, инвалидность положено деп береді. Сараптама басшысы Марат мырза болса «Келіспесеңіз, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қызыңызды апарыңыз, егер сол жақ растаса мүгедек деген қағазды береміз» — деді. Қаншама себеп тауып отыр, — деп Айымның анасы қатты күйінді…

Осылайша, қызына қатысты аудандық МЭС-тің шығарған нәтижесіне көңілі толмаған Гүлзира ханым Арыс қаласынан Түркістанға жолға шығып, Түркістан облыстық МЭС-іне әділеттілікке қол жеткізбекші болады.

 

ОБЛЫСТЫҚ МЭС ҚЫЗЫМДЫ ӘБДЕН МАЗАҚ ҚЫЛДЫ

—  2021 жылдың 16 наурыз күні Түркістан облыстық МЭС-іне барсам, дәрігерлері түскі ас ішейін деп жатыр екен. Шамасы, біз Арыс қаласынан Түркістанға барамыз дегенше түстің уақыты болған. Кірген едік. «Ой, бірінші арыз жазып тастайсыздар ғой! Сосын, өзіміз шақырамыз ғой!» – деді дәрігер. Мен «Ойланып көріңіздерші, осы жердің өзіне ұзақ жолдан әрең келіп тұрмыз. Анда-мында барып жүретін ақшам да жоқ. Енді, көмекке келсеңіздерші!»,- деген едім. «Жоқ, заң сондай!» – деді.

— Сосын арызымды жаздым да, кеттім. Енді үйге келсем, арада 2 күн өткеннен кейін келіңіздер деп хабарласты. Барсақ, бізді мазақ қылып… Қызымды тексеріп… «Ой, мынаның ешнәрсесі жоқ қой! Мынау деген күшті ғой! Жоқ, мүгедектікке жатпайды екен жатпайды!» – деп тағы да қайтарды. Емдеп жатқан дәрігер біле ме, МЭС біле ме? Сонда, баланың мүгедек, не мүгедек еместігін анықтай алмаса не үшін отыр?,- дейді Гүлзира Манабаева.

Одан әрі облыстық МЭС-тен де тиісті жауап ала алмаған көпбалалы ана Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің қабылдауына кірмекші болып келеді. Алайда тағы жолы болмайды..

 

НАРЫМБЕТОВА НҰРХАН: «ҚЫЗЫҢЫЗ ЕРТЕҢ СІЗ ҮШІН НАМЫСТАНАТЫН БОЛАДЫ!»

— Наурыз айында облыс әкіміне қызымызбен бірге кірмекші едік, бірақ сол жерге Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нарымбетова Нұрхан келіп, өз кабинетіне мән-жайды білуге шақырып, «Сіздің қызыңыз туғанда Врождённый вывих бедёр диагнозымен дүниеге келді ма?» — дегенде,  «Иә, осы диагнозбен туған дедім». Сол жерде снимоктан көрді да,  «Онда қызыңызды Астанаға операцияға жіберейік та» — деді. Мен болсам, «Ал операциядан ешқандай нәтиже болмаса, сіз гарантия бере аласыз ба десем?», ол «Жоқ нәтиже бермейді, бірақ 2-3 ай инвалидность аласың ғой» — деп, қызым Айымды сыртқа шығарып жіберді. Одан әрі маған «Сіз қызыңыздың көзінше, үйте бермеңіз! Қызыңыз ертең сіз үшін намыстанатын болады! Үйтеді бүйтеді…» – деп өтірік ақылын айтып, жылы шығарып салды!, — дейді Айымның анасы.

Көпбалалы ана облыстан да тиісті нәтиже болмаған соң, тікелей министрліктерге хат жазуға көшеді.

 

«ҚАРҒА ҚАРҒАНЫҢ КӨЗІН ШҰҚЫМАЙДЫ!»

— Сонымен, бірінші ҚР Денсаулық сақтау Министрлігіне жаздым. Сөйтсем, олардан «Мүгедектік тобын белгілеу және жәрдемақы беру жөніндегі мәселе ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің құзыретіне кірмейді. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасына және Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аймақтық департаментігіне хабарласа аласыз» — деген жауап келді.

— Енді, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жазсам, «Түркістан облысы бойынша департаменттің мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың 27 қаңтар айында Сіздің 2008 жылы туылған балаңыз Рахим Айым Тастанбекқызына алғашқы куәландыру барысында, мүгедектік белгіленбеген. Қазіргі таңда оған мүгедектік белгілеуге негіз жоқ» — деген жауап келді. Өйткені, қарға қарғаның көзін шұқымайды. Олар да солай деп қоя салды. Мен оған да келіспедім,- дейді Гүлзира ханым.

Хат жазудан да ешқандай нәтиже шықпайтынын түсінген көпбалалы ана Нұр-Сұлтан қаласына жолға шығып, Министрліктің өзіне кіруге бел буады…

 

«АРЫСТАН КЕЛМЕК ТҮГІЛ, АМЕРИКАДАН КЕЛСЕҢІЗ ДЕ, АРЫЗЫҢЫЗДЫ ЖАЗЫП, ТАСТАП КЕТІҢІЗ!»

— Сөйттім де, тамыз айында каспи банктан кредит алдым. Болмайтын болса, мен қызымды Министрліктің өзіне апарайын деп шештім. Министрлікке кіргізбеді. Сол жерде ҚР Денсаулық сақтау Министрлігіне хабарласасың деді. Тұтқаны бір қыз алып: «Сіз арызыңызды жазып, тастап кетіңіз» — деді. «Мен арыз жазу үшін келген жоқпын. Сонау Арыстан келіп отырмын» – десем… «Арыстан келмек түгіл, Америкадан келсеңіз де, арызыңызды жазып, тастап кетіңіз! Бізде қазір карантин! Кіруге рұқсат жоқ!»,- деді да, телефонды қоя салды. Сомен ол жерге де арыз жазып, тастадым…

— Еңбек министрілігіне де кіргізбеді. Қабылдамай, шықпаймын дедім. Ол жерде Иманғали Ғазиза Ахметқызы деген маман шығып: «Денсаулық Министрлігіндегі мамандармен сөйлес. Бізге жатпайды» — деп, сол жақтан Дариға Рахметқызы деген маманды шақырды. Ол болса, маған «Сіз ауылыңыздағы емханаға барыңыз да, МЭС-ке қайтадан жолдама алыңыз. Астанаға қызыңызды әкеліп, емдетейік. Сұрақтар болып жатса, мына нөмерге хабарласыңыз!» — деді. Алайда ешқандай нөмерімен байланыса алмадым, — дейді Айымның анасы…

Екі министрліктен де көңілі әбден қалған Гүлзира ханым Нұр Отанға барып, жәрдем сұрайды.

 

ЕҢБЕК МИНИСТРІ: «СІЗДІҢ ҚЫЗЫҢЫЗДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА БІЛМЕЙМ ҒОЙ!»

— Сосын министрліктерден шешім болмағаннан кейін Нұр Отанға барған едім. Олар «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтың онлайн қабылдауына жазамыз. Көмектесеміз» – деді. Мен әйтеуір, бір шешім болатын шығар деп келістім. Нәтижесінде, 19 тамыз күні Еңбек Министрімен zoom платформасы арқылы сөйлестім.  Ол кісі маған «Енді, мен сіздің қызыңыздың денсаулығы жайында білмейм ғой» – деді. «Енді сіз білмесеңіз, не үшін сізді ол жерге бастық қылып отырғызып қойды?» — дедім. Сөйтсем, «Жарайды, енді мен қарастырып көрейін. Жазыңыз маған» — деп тіл қатты. Енді кеше жауабы келіпті. Сіздің қызыңызға дұрыс шешім шығарған. Қағазда дұрыс бәрі, әдемі… Бірақ, іс жүзінде…. Барлығы жауапкершіліктен қашып отыр,- деп қынжылды көпбалалы ана.

Осылайша, министрліктерден де ешқандай оңтайлы шешім таппаған Айымның анасы Арыс қалалық орталық емханасына қайтып келеді. Күні кешегіге дейін емханадағы дәрігерлердің бәрі Айымды 100% мүгедектікке жатады деп келген. Енді өз айтқан сөздерінен айнып отыр. Медбикенің айтуынша, олар қағазға басқа диагноз жазып қойған. Ал снимокта барлығы айдай анық көрініп отыр екен…

 

«СІЗДІҢ ҚЫЗЫҢЫЗДЫ БҰЛАР ӨТІРІК ӘУРЕЛЕП ОТЫР!»

— Ол жердегі ең әділ, білімді дәрігер Өмірбеков Болаттың өзі «Сіздің қызыңызды бұлар өтірік әурелеп отыр. Көрініп тұр ғой. Қызыңыздың аяғы снимок бойынша 100% мүгедектікке жатады» – деп еді. Сөйтіп, МЭС-ке жолдама беретін Тәшімханова Құрбангүл маған қызыңызды алып келіңізші деді. Алып барған едім. 100% қызыңыздың аяғы положено деген дәрігер басшының алдында мыңқ-мыңқ сөйлей алмай қалды… Сосын мен «Сіз басында бұл қыздікі 100% положено деп едіңіз ғой. Енді неге былай істеп жатсыз?» – десем, үндеген жоқ! Бәрі өзінікін туырлап, «мына жерде МРТ-ға да түсірген, мына жерде осындай екен» — деп өздері сөйлесіп,  мені алдап қайтарды, — дейді Айымның анасы…

«АНДА-МЫНДА САНДАЛТЫП, ӘБДЕН ИТ ҚЫЛДЫ!»

— Жанағы қызымның ортапед-хирургы мамыр айында барғанымда, тағы да бір ай ем алып, жатып келіңіздер деді. Ем алып, жатып келіп едік, енді МЭС-тегілер 1 ай демалады. Содан кейін келіңіздер деді. Жарайды, деп тағы 1 айдан кейін барсақ… Тағы қызыңызды МРТ-ға түсіру керек деді. Ортапедке бару керек деді. Қарызданып апарып қайттым. Енді кеше МЭС-ке жарамсыз қағаз беретін Тәшімханованың алдына кірсем, «Мен сізге өткенде бәрін түсіндіріп айтқан едім ғой! МЭС-ке қызыңызды жібере алмаймыз біз!» – деді. «Енді, не үшін мені осы уақытқа дейін әуреледіңдер? Бұл қыздың диагнозын терапевт сіз білесіз бе? Жоқ, қызымды емдеп жатқан хирург біле ма?» – десем, «Ондай болатын болса, хирургыңызды шақырып келіңіз» – деді.

— Дәрігерді шақырып келдім. Соның алдына кірді да, «міне тұр ғой снимокта бәрі, бұған артық не керек. Ертең қыздың аяғы сынып кетсе, кім жауап береді?» – деді дәрігер. Сосын, ішімнен ойпырмай, әйтеуір… балаға бір жаны ашып, бастығынан қорықпай шындықты айтқан дәрігер болды ау – деп қуанып қалдым. «Ондай болатын болса, мойнына аласың бәрін! – деді Тәшімханова. Емдеуші дәрігер «Болды, аламын бәрін, өзім жазып беремін»  — деп, бізге үміт сыйлады, — дейді Айымның анасы.

Сөйтіп сыртқа шыққаннан кейін, емдеуші ортопед-хирург Гүлзира ханымға азанда қызыңызды алып келіңіз, барлығын реттейміз деп үйіне қайтарады. Гүлзира ханым осы уақытқа дейін босқа жүрмеппін деп сенеді… Алайда…

— Сонымен,  қызым азар да, безер болды емханадан. Өйткені, «Апай, бүгін Айымды емханаға апарамын, МРТ-ға түсіремін» – деп мұғалімінен сұраймын да тұрам. Қызым бармаймын деп жылайды… Өйткені, Астанаға барғанымыз бар… Қанша рет Түркістанға барғанымыз бар… Қанша рет ит қылып, мазақ қылып… Баланың обалынан қорықпай, осылай сандалтып жан-жаққа жіберіп отыр…- деп еріксіз көзіне жас алды Айымның анасы.

Осы жәрдемақыны берсе, қызымды Ташкентке, Нұр-Сұлтанға апарып, емдеткім келеді дейді.

 

«АПАЙ, ҚАҒАЗДА БӘРІН БАСҚАША ЖАЗЫП ҚОЙЫПТЫ»

— Азанда бізді сендірген хирургқа звондасам, «Апай сіздің қызыңыз болмайды екен… Кеше біз сіз кеткеннен кейін, тағы сөйлестік… Болмайды екен» — деді. «Кеше ғана басқаша айтып едіңіз ғой? Не болып қалды? Бастығыңыз маған неге қарсы шығып жатырсың? Жұмыстан айырылғың келе ма?» — деп айтты ма десем, «Апай, өткенде келген екенсіздер ғой. Сол кезде дәрігерлер андай-мұндай деп қағазда бәрін басқаша жазып қойыпты. Енді, ешнәрсе істей алмайсыз» — деді маған…

— Айтатындары осы…Ешқандай хабар жоқ! Нәтиже де жоқ, жауап та жоқ! Шаршадым!  Қызымның денсаулығы жайында барлығы снимокта тұр. Ал дәрігерлер өздерінің арттарын тазалау үшін қағазға не жазғандарын білмеймін… Денсаулығы жақсы андай-мындай деп жазған болар… Жоғарыдан білікті дәрігерлер, ортопед-хирургтар көріп, нақты бір шешім қабылдаса екен деймін. Менің мақсатым – мүгедектік алып, қарық болу емес! Мен бұл жерде ақшасына қызығып отырғаным жоқ. Қыз болашақ ана! Қазақстанның бір азаматшасы дүниеге ұрпақ әкелетін! Емделуі керек, ертеңіне алаңдаймын…

— Менің мақсатым  — қызыма көмектесіп, жәрдемдесу. Бала көп жүре алмайды, кешке аяғым ауырып жатыр, арқам ауырып жатыр деп мазасызданып жылайды. Омыртқасына әсер етіп жатырма деген күдігім бар, сүйек мүжілмек түгілі, бір жерімізді ұрып ауыртып алсақ, соның өзі жанымызға батады. Ақшасы барлар ақша беріп шығарып алады да, ал біз сияқтылар шындықты дәлелдей алмай жүреміз… Соған күйініп, ашынам! Ойларын келгенін, білгенін істеп отырады! Ал мүсәпір халық шындықты дәлелдей алмай жүреміз… Міне, біздің Қазақстанның дәрігерлерінің ойлау қабілеті. Мүгедектікті МҮГЕДЕК болса ғана береді екен, емделуі үшін емес, — дейді Арыс қаласындағы көпбалалы ана Гулзира Манабаева.

Ия, бұл мыңдаған мүгедектің мұңы. Бүгінгі ақиқаты жоқ қоғамның шынайы бет-бейнесі. Ел ішінде «Мүгедектікке шығаруда осы мекеме ақшасыз өткізбейді» — деген әңгіме де басым. Бірақ бұл ешқашан дәлелденбейтін шындық… Әрі дәлелденуі де қиын ақиқаттың бірі… Осындай безбүйректердің кесірінен талай мүгедек жылап жүр. Ия, мүгедектердің шешімін таппаған мәселелері шаш етектен… 

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Рубрика: