Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыс кезінде үйлері қираған кейбір қайнарлықтар «шенеуніктер құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр» деп елді алдап отыр деп ашынды. Айтуларынша, бірнеше күннен бері құрылысшылар қажетті материалдардың жоқтығын айтып, жұмысты тоқтатып қойған. Ал тұрғындар тігілген жұп-жұқа палатка жел тұрса ұшып, түнде суықтан қалтырап әрең ұйықтайтындарын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

1 ай бұрын болған жойқын жарылыс кезінде қайнарлық Гүлайна Масалинованың тірнектеп тірлік етіп тұрғызған баспаналары қирауға шақ қалған. Ә дегенде қарқынды басталған қалыпқа келтіру жұмыстары да тоқтап тұр деп ашынды ол. Айтуынша, қажетті құрылыс материалдары жоқ екен. Ал бірнеше жылдан бері қайнарлықтарды басқа жаққа көшіру мәселесі де көтеріліп келіпті. 

“Былтыр да айтылды. Былтыр да қозғалды. Оның алдында да сендерді көшіреді деп айтылып жүрген.  Сонымен былтыр несие алып, газ кіргіздік. Көшіреді деп еді, тоқтап қалды”, – дейді Гүлайна Масалинова. 

Құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтындардың бірі – Жанар. Ол министр, әкімдер келіп көретін үйлерде ғана жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр деді. 

“Енді Instagram-да жазып жатыр. Барлық үйдің төбесі жабылды. Барлық үйге кіріп жатыр деп айтуда. Ешқандай үйге кіріп жатқан жоқпыз. Енді ғана жасалып жатыр. Түнде мына палаткада жатамыз. Боран, шаң-топалаң. Қалаға барып душқа түсіп келеміз. Бала-шағамыз жан-жақта”, – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікова.  

Қазірдің өзінде Қайнарда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын үйлер бар. Шенеуніктер баспаналарды 17 қазанға дейін аяқтауға уәде етіпті.

Естеріңізге сала кетейік, 27 тамызда  Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам ажал құшқан. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.

Рубрика: