Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Еліміздің Бас прокуратурасының ресми өкілі Дархан Дүйсембай ведомствоның YouTube желісіндегі ресми арнасында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кеден саласында жүргізілген тексерістердің нәтижесі туралы айтты.

Дүйсембайдың мәліметінше, тексеріс нәтижесінде кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері анықталған.

Салдарынан мемлекетке 165 млрд теңге залал келген. Тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі тіркелген. «Кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы үшін уәкілетті экономикалық операторлар соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған счет-фактураларды жасаған. Тексерістің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды.

Мысалы, GROUP OF THE COMPANIES TDA компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Аталмыш компанияның директоры қамауға алынды», — дейді Бас прокуратура өкілі.

Сонымен қатар тексеріс барысында кеден саласындағы жұмыскерлердің де өз қызметін лайықты орындамағаны анықталған. Атап айтқанда, 27 қаңтарда «Нұр жолы» кеден бекетінің маманы Мошканов «Берекет Логистик» компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 келі деп көрсеткен. Бірақ прокурорлар жүкті қайта тексерген кезде декларацияланбаған тауардың салмағы 22 тонна екені анықталған.

Ол тауардың құны 127 млн теңгені құраған. «Бұдан бөлек ақпараттық жүйелерде мәліметті заңсыз өзгерту салдарынан 9 импорттаушы бюджетке 143 млн теңге шығын келтірген. Бұл іске алматылық Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар. «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың АҚШ доллары көлемінде, ал «Cargo Management» операторының өкілі 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара берген. Алайда прокуратура қызметкері олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, арнайы шаралар жүргізу кезінде пара берушілердің әрекетін әшкерелеген», — дейді Дархан Дүйсембай. Оның сөзінше, қазіргі уақытта жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ кедендік реттеу саласындағы проблемаларды жою үшін үкіметке прокурорлық қадағалау актісі енгізілген.

kaz.nur.kz

Рубрика: