Қостанай облысы Жітіқара ауданының тұрғыны Юрис Мамедов қарапайым Волганы Кабриолетке айналдырды. Көненің көзіндей болған көлікті түрлендіру барысында өнертапқыш ескі бөлшектерді пайдаланған деп хабарлайды Хабар 24.

70-ке келген қария бұл іске жас кезінен ден қоя бастаған. Айтуынша, раритетті көліктерді жан рахаты үшін құрастырады. Өмір бойы жүргізуші болған зейнеткер мәселен осы ГАЗ-2410 маркалы Волганы қайта “тірілтіп”, түрлендіруге бір жарым жыл уақытын сарп еткен. Ол көлік салонын Италия былғарысымен қаптаған. Оның өзіне 700 мың теңге жұмсапты. “Бұл көліктің барлық бөлшегі қолдан жасалған. Заманауи. Тек шамдары мен бампері өзінікі. Қуаты 150 аттың күшіне тең. Қозғалтқышы инжектор. Гидрокүшейткіш орнатылған. Артқы белдемі “Чайка”, дискілері “Вольвоныкі”. Бес сатылы беріліс қорабы бар”, – дейді Юрис Мамедов. 

Зейнеткер көліктің қаңқасынан бастап барлық бөлшегін өзі жинастырған. Кейбірін ыңғайластырып жасағанымен көліктің түр-сипатына ешқандай өзгеріс енгізбеуге тырысқан. “Жаңа көліктерді онша ұнатпаймын. Ескілері өзіме қатты ыстық, әрі өте сәнді көрінеді”, – дейді ол.

Юрис Мамедовтің сөзінше, қыруар ақша ұсынып, Волга көліктерін сатып алуға ниеттенгендер көп болған. Бірақ қарияның оларды сатпақ ойы жоқ. Техниканың тілін мейлінше меңгерген қарт кісінің тапқырлығын достары мен туған-туыстары мақтан тұтады. “Әкеме дизайн бойынша көмектесемін. Жаңа идеялар ұсынудан жалықпаймын. Әрине, негізгі күрделі жұмысты өзі істейді. Қолынан келмейтіні жоқ”, – дейді ұлы Руслан Мамедов.

Зейнеткер енді 412-ші модельді Москвичті жаңғыртпақ. Қазір барлық бөлшегі дайын тұр екен. Тек салонын дұрыстау ғана қалған. 

Одан бөлек, Юрис Мамедов тұрақты түрде Қостанай, Лисаков қалаларында өтетін ретрокөліктер көрмесіне қатысып тұратынын айта кетті.

Юрис Мамедов жайлы сюжетті 2 минуттан бастап көре аласыз.

 

kaz.nur.kz

Рубрика: