Нұр-Сұлтанда сегізінші қабаттан құлаған үш жасар қызды құтқарған ер адам оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев өз өмірін қауіпке тігіп, бүлдіршінді құтқарған еді. 

Ер адам Нұр-Сұлтанға Қызылордадан жұмыс істеу үшін келген. Өзінің төрт ұл, үш қызы бар. Елордада құрылыста қара жұмысшы болып істейді. 

“Балаларым Қызылордада тұрады, мен осында баспана жалдап, жұмыс істеймін”, – деді Шонтақбаев. 

Ер адам жұмысына асығып бара жатып, сегізінші қабатта балконның ернеуіне ілініп тұрған бүлдіршінді байқаған. 

“Ілініп тұрған қызды көргенде оны құтқаруды ғана ойладым. Ол сәтте өзімді ойлайтындай болмадым”, – деп түсіндірді ол. 

Ептілігі мен мықты физикалық дайындығын ер адам бұрынғы қызметімен байланыстырады. Бұрын Сәбит Шонтақбаев шекарашы болған. 

“Жұбайым видеоны көріп, “жарайсың” деді. Қыздың ата-анасын көрмедім. Жұмысқа қатты асығып тұр едім, оны құтқарған соң, жетінші қабаттағы көршілерге табыстадым. Сосын жұмысыма кетіп қалдым”, – дейді ер адам. 

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда ер адамның өз өмірін қатерге тігіп, 8-қабаттан құлаған қызды қағып алғанын хабарлаған едік.

Рубрика: