АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жарияланбаған автономия[:]

[:kz]

Алаштың баласы осы жолы болмаса,

жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар

Әлихан Бөкейхан

 

Жүз жыл өтіпті. Жүз жыл!

Бүгін жетінші қыркүйек, ертең сегізі.

8 қыркүйек – тарихта «Уфа мәжілісі» деген атпен қалған, шешуші, сол кездегі қазақтың, дүйім қазақтың болмаса да, автономия жарияласақ деп жел өтінде жүрген есті азаматтардың үмітін қайта жаққан жиынның басталған күні.

1918 жылдың жаз тоқсанында Еділдің бойынан Сібір өлкесіне дейінгі аймақ Ресейдің демократиялы айдыны саналды. Маусым айында Чехословак әскерінің көмегімен Самара мен Омбының арасындағы ірі қалалардың түгелінде дерлік большевиктер биліктен кетті. Оның екпіні қазақ жеріне де жеткен еді. «Алашорда Алаш қаласында іске кірісті», «Алаш автономиясының территориясын Алашорда облыстық және уездік кеңестер арқылы басқарады», «Алаш автономиясы территориясында советтік билік шығарған барлық декрет жарамсыз саналсын» деп, Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов қол қойып, бірнеше қаулы шығаратыны осы кез.

«Барлық билік Құрылтай жиналысына берілсін!» деген ұран транспаранттар мен газеттердің бірінші бетіне қайта шықты. Петроград пен Мәскеудегі өзімбілемдіктен көңілі қалған эсерлер мен кадеттер, солдаты өзіне жөн үйретіп сорлаған генералдар, патшаны тақтан тайдырған ақпан төңкерісінің жемісін уысынан шығарып алған көсемдер жаздың соңына қарай бір жұтым бостандық ауасын іздегендей Сібірді бетке ұстады.

 

***

Уфа – башқұрт қаласы. Ақ Еділдің жағасында, көкжелекті, әдемі, губерндік шаһар. Башқұрттар өздері Өфө дейді. Ғұмар Қараш Үпі, «Абай» журналы Өфе деп келтіреді. Мағжан оқыған «Ғалия» медресесі, Кәрімовтар баспасы осы қалада. О кезде жан басы екі миллионға жетпеген башқұрт ерте отырықшы болса да, орыспен ерте араласса да, дәстүр-салтын, тілін, мінезін, ер мінезін жоғалтпаған халық. Бес миллионнан асқан қазақтан Жаһанша екі мың милиция, Семейдегі капитан Тоқтамышев үш жүз елу атты әскер жасақтағанда, башқұрттар большевиктерге қарсы тұруға екі дивизия шығарыпты. «Әскеріміз екі дивизия болды» деп Зәки Уәлиди жазады.

Башқұрттың сол Уфасы 8 қыркүйекте саяси оркестрлі сахнаға айналды. Таңертең сап түзеген салт аттылар шеруі өтті. Одан соң салтанатты митинг. Делегаттың бәрі «Сібір» қонақ үйіне түскен, онда гу-гу әңгіме. Ақпан төңкерісінен кейінгі Петроградтағы эйфориялық ахуал «Сібірдің» вестивюліне ауысқан. Сыртта мұздай қаруланған қарауыл.

Мемлекеттік мәжіліс қонақүйдің үлкен залында кешкі сағат алтыда басталды. Мәжілісті Брешко-Брешковская ашты. Мәжіліс төрағасы Н.Авксентьев. Челябіде келісілген алдын ала ұйғарым бойынша мемлекеттік жиынға 23 делегация қатысты. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің Самара Комитеті (Комуч), Сібір Уақытша үкіметі (Омбы), Орал облыстық үкіметі (Екатеринбург), Орынбор казак үкіметі, Орал казак үкіметі, Сібір, Иркутск, Жетісу, Енисей, Астрахань казак әскерлерінің өкілдері, Башқұрт үкіметі, Алашорда, Түркістан үкіметі, Ішкі Ресей мен Сібірдің түркі-татар ұлттық басқармасы, Эстон уақытша үкіметі, социал-революционерлер (Эсер), Ресей социал-демократ жұмысшы партиясы (меньшевиктер), Халықтық-социалистік Еңбек партиясы, Халық бостандығы партиясы (Кадет), «Единство» Бүкілресейлік социал-демократиялық ұйымы, Сібір, Орал және Еділ бойы земстволары мен қалалар съезі өкілдері, «Ресейдің қайта жаңғыру одағы», Сібір облыстық думасы сияқты ұйымдардан 200-ден астам адам келіпті. Мәжіліске қатысқан 157 делегаттың нақты аты-жөні белгілі. Делегаттардың бірінің жазуынша, «кіреберісте хатшылар ұсынған параққа кейбір азаматтар қол қоюды аса қажет санамаған». Тізім содан толық емес.

Мемлекеттік мәжіліске шетел делегациялары да құрметті қонақ ретінде қатысты. Олардың ішінде АҚШ консулдығының хатшысы Р.Шнейдер, француз әскери миссиясының өкілдері А.Гинэ мен Л.Жано, Чехословак ұлттық кеңесінің өкілдері Дундочек, Свобода, Патейдель бар.

«Сібір» қонақ үйі болған ғимарат бұзылмапты, Уфаның орталығында әлі тұр. Есігі сықырлап ауыр ашылады, темір жиекті баспалдақтары патша заманында сом темірден құйылған сияқты. Сырт пошымы да өзгермеген, ақ керіштің үстіне алқызыл арзанқолдау бояу жағып қана келелі кеңес өткен үйдің салмақты бейнесін жоғалтып алыпты. Бұл үйдің неғылған үй екенін білетін тірі пенде жоқ.

 

***

Ресейдегі жаңашыл күштер ХХ ғасыр басындағы мемлекет сипатын мүлде басқаша елестетті. Монархиялық билік, елді патшаның рапайсыз басқаруы ескірді деп есептеді. Ресейдің мемлекеттік формасын халық «Учредительное собрание» – Құрылтай жиналысы арқылы өзі таңдауы керек деген идея саяси орта мен зиялылар арасында кемінде он-жиырма жыл айтылып келе жатқан. Тіпті Николай патша тақтан бас тартып, билікті князь інісіне ұсынғанда, Михаил Романов бұл орынға өзін лайық көрмей, Ресей тағдырын Құрылтай жиналысы шешсін деп, бүкіл өкілеттілігін Уақытша үкіметке береді.

Құрылтай жиналысын – қоғамның мүддесін танытатын заңды талқыны өткізу Ресей саяси элитасының арманы. Ресейдің патшалық монархия қалпын сақтауы немесе демократиялы республика болуы; федерация немесе унитарлы болуы; парламенттік, я болмаса президенттік билік орнауы; меншік, құқық сияқты халықтың ойы мен еркін білдіретін конституциялық мәселелер Құрылтайда шешілуге тиіс. Романов айтсын, айтпасын, Уақытша үкімет ең бірінші осы жиналысты өткізуге мүдделі. Алдымен князь Львов, кейіннен Керенский басқарған Уақытша үкіметтің өзі Құрылтай жиналысына дейін қызмет атқаруы тиіс уақытша билік болатын.

 

***

Минск майданында қара жұмыста жүрген қазақ жастарына қорған боп барған Әлихан мен Міржақып бастаған азаматтар патша тақтан бас тартты деген хабарды естіген бетте қазақ даласының түкпір-түкпіріне: «Черняевтағы Тынышбаевқа, Петропавлдағы Көсемесовқа, Тілеулинге, Омбыдағы Тұрлыбаевқа, Павлодардағы Сәтбаевқа, Семейдегі Мәрсековке, Тұрағұлға; Қарқаралыдағы Жақыпқа, Смаханға, Хасенге, Зайсандағы Боштаевқа, Қараөткелдегі Райымбековке, Сұлтан Абылаевқа, Атбасардағы Сейілбек Жанайдаровқа, Сыздық Мишенбаевқа, Совенкедегі Шаһангерей Бөкеевке, Бақытгерей Құлмановқа, Жәнібектегі Ораш Шамбаловқа, Красный Ярдағы Ораш Шолтыровқа, Красный куттағы адвокат Ниязовқа, Ойылдағы Халелге, Уральскідегі Ғабидоллаға, Перовскідегі Бекқожаға, Хожа Ахмедке, Юсуфбекке, Ырғыздағы Шонановқа, Түркістандағы Өтегеновке, Қоқандағы Ақаевқа, Скобелевтегі Ғабдырахман Оразаевқа, Ташкенттегі врач Көтібаровқа, Әндіжандағы Қожықовқа, Қапалдағы Тұрысбековтарға, Ақтөбедегі Қасым Арғынғазиевқа, Торғайдағы Алмасовқа, Қаралдинге, Тоқтабаевқа.

Учредительный собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Біз қалайтын патшалық түрі – демократический республика», — деп арнайы хат жібереді. Бір жапырақ қана хаттың өзі Құрылтай жиналысынан көп үміт күткен көңіл күйді аңғартатындай. 1917 жылғы ақпан төңкерісі кезіндегі сол күндерде Міржақыптың Петроградта «Миллетлерге мұхтариат!», «Самоопределение нации» деген транспарант ұстап шығуы – қазақ қайраткерлерінің әу бастан автономия алуды ойлағанын көрсетеді.

Ресейде кадет, эсер, меньшевик, большевик сияқты партия көп. Бірақ олардың ешқайсысы қазақ халқының мүддесіне толық сай келмейді. Әсіресе, Құрылтайда ұлттарға автономия әперейік деген ешкімнің ойында жоқ. Сол себепті Әлихан «Алаш» партиясын құрып, дауысты шашыратпау үшін Құрылтай сайлауына сол партияның тізімінен ғана түсуді ұсынады. Орынбордағы І қазақ съезінде осы ұсынысқа сай «Бір облыста бір списоктан артық болмасын, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек» деген уағдаға тоқталады бәрі.

Әлиханды тыңдаған ер де бар, тыңдамаған ел де бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семей облысы сайлауға жалғыз тізім ұсынады. Семей облысында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты жастар «Алаш» партиясының үгітін жүргізген. Бірақ, алақандай ғана Бөкей ордасы екі тізім ұсыныпты: бірінші тізім – У.Танашев, Б.Құлманов; екінші тізім – Қ.Сармоллин, С.Нұралыханов. Жетісу облысы қазақтары да М. Тынышбаев тобы мен Ы.Жайнақов тобына бөлініп екі тізім беріпті.

Бір қыңқыл Торғайдан шығыпты. Торғай облысы қазақтары атынан сайлауға түсетін депутаттар тізімінің ең басында Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Бірімжанов, Міржақып Дулатов тұрған. «Үш кісі үшеуі де арғын, үшеуі де бір уезден деген сөз шығыпты, арғынды азайтайын, ең бастысы Торғай облысы жалғыз тізімнен түскені» деп, Міржақып Дулатов депутаттықтан бас тартады.

Қазақ съезінің қаулысына қарамастан, Сырдария облысында Серәлі Лапин мен Садық Қожа ишан съезд ұйымдастырып, жаңа тізім түзіпті. Тізімде саясатқа араласпаған ишандар басым екенін көріп, «Бірлік туы» газеті «Олар Петроградқа Николайдың жаңазасын шығаруға бармаса, Учредительное собрание секілді топқа түсуге жарайтын адамдар емес», — деп жазады.

 

***

Ақпанда билікке келген жаңа үкімет үш айда өткізеді деген Құрылтай сайлауы әуелгіде 1917 жылдың 17 қыркүйегіне жоспарланып, одан соң қарашаның 12-сіне белгіленеді. Бірақ, 25 қазанда уақытша үкіметті қарулы күшпен таратып, заңсыз жолмен билікке Ленин бастаған большевиктер келді. «Алаштың» үмітіне осы кезде бір көлеңке түседі.

Сайлау жөнімен өткен жоқ. Қазақ жерінің кейбір жерінде мүлде сайлау болмады. Соған қарамастан «Алаш» партиясы бұл сайлауда ең көп дауыс жинаған партиялар қатарында болды.

Құрылтайда ең көп дауысты социал-революционер – эсер партиясы алды. Сайлауға қатысқан халықтың 40,4 пайызы эсерге дауыс берген. Большевиктер 24,0 пайыз. Украина эсерлері 7,7; кадеттер 4,7; меньшевиктер 2,6; Грузия меньшевиктері, Әзірбайжанның «Мусаваты», Арменияның «Дашнакцутюны», солшыл эсерлер және «Алаш» партиясының әрқайсысы бір пайыздан көп дауыс жинаған. Сайлауда көп дауыс жинаған он партия осылар.

Бір пайыз аз сияқты. Шын мәнінде аз емес. Бұл сайлаудың бүкілресейлік сайлау екенін, қазақ халқының үлес салмағын, жердің шалғайлығы мен елдің тұрмысын, Жетісу өңіріндегі аштықты, Сырдария облысында сайлаудың мүлдем өтпей қалғанын ескерсеңіз, бір пайыздан асу үлкен жетістік. Әлихан Бөкейхан сайлау алдында жазған «Қазақ депутаттары» атты мақаласында 5 миллион 249 мың қазақтың 1 миллион 21 мыңы Сырдария облысында тұрады, 5 депутат осы облыстан сайлануға мүмкіндік бар деп жазады. І съезд қаулысында Сырдария облысының тізімін Мұстафа Шоқай мен Санжар Асфендияров бастап тұр еді. 200-250 мың адамнан бір депутат сайланады деген сайлау туралы қаулыға сүйеніп, Әлихан қазақ депутаттарының саны 22-26 болуға тиіс деп болжайды.

Бір пайыз төңірегінде ғана көрінгенімен, «Алаш» партиясы сайлау өткен облыстардың түгелге дерлігінде жеңіске жетті. Әсіресе қазақ тұтас қонған жерлерде «Алаш» тізіміне дауыс бермеген адам кемде-кем. Жетісу облысында 57,5, Торғай мен Орал облыстарында «Алаш» 75 пайыз дауыс алыпты. Бұл қазақ халқының «Алашты» нақ қолдауы. Торғай облысының Ырғыз уезінде «Алаш» 51351 дауыс, эсер 181 және эсдек 193 дауыс алған. Торғай  уезінде «Алаш» 54978, эсер 110, ал Әліби Жангелдин бастаған эсдек партиясы небәрі 41 дауыс жинапты.

Семей облысының Семей уезінде «Алаш» 14 партияның ішінен ең көп 85,6% (58331 адам) дауыс жинайды. Одан кейін тұрған эсерлер небәрі 5 пайыз иеленген. Казактар 4,6% болса, большевиктер 2,8%. Семей қаласында «Алаш» партиясы 3304 дауыс алса, Көлбай Төгісовтің «Үш жүз» партиясына бір-ақ адам дауыс берген.

Құрылтай депутаттарына сайланған азаматтардың нақты тізімін жасаумен айналысқан ресейлік зерттеуші Л.Протасов қазақ депутаттарының санын 12 адам деп көрсетеді. Әлиханның қазақтан кемінде 22 депутат сайлануы тиіс деген болжамы мен Сырдария облысында сайлау өтпей бес орыннан қазақ құр қалғандығын ескерсек, 12 адам (800-дің 1,5 пайызы) аз емес. Әрі зерттеушінің сайлау нәтижелері туралы жергілікті мұрағат пен сол кездегі қазақ баспасөзін оқымағаны тағы бар.

 

***

Құрылтай жиналысы Петроградта 1918 жылдың 5 қаңтарында басталды. Басталған бетте жабылды. Ленин қарулы солдаттарға «делегаттар сыртқа шыққан соң, Таврия сарайының есігін жауып, ешкімді кіргізбеңдер» деген тапсырма береді. Өйткені, Құрылтай делегаттары большевиктер билігі заңсыз екенін жариялап үлгерген еді. Ленин билікке келген соң, «Алаш» партиясының Құрылтайдан автономия сұраймыз дегені сағымға айналғанын білген соң, қазақ съезі Алашорда үкіметін құрды. Съезде Алаш автономиясы жарияланбады. Әлихан автономияны легитимді түрде жариялау керек деген позиция ұстанды. Легитимді жариялаудың үмітін Уфа мәжілісі қайта жаққан.

 

***

Уфадағы Мемлекеттік мәжіліс ең әуелі бүкілресейлік орталық билік жасақтауды қолға алды. Ол билік Құрылтай жиналысын қайта өткізе ме, әлде Құрылтай жиналысын жаңа сайлау арқылы өткізе ме деген мәселе де мәжілістің негізгі пікірталасына айналды.

Жиырмадан астам делегацияның қай-қайсысы болсын мәжіліске тастүйін дайындықпен келген. Әр топтың ойында өзінше қалыптаған билік моделі бар. Талқы алғашқы күні бастала қоймады. Кешкі алтыда ашылған жиын бірінен соң бірі мінберге шыққан делегаттардың құттықтауымен, үмітті сөздерімен, Ресейдің түкпір-түкпірінен келген жеделхаттарды оқумен өтті. Төралқа одақтас ел басшылары: АҚШ президентіне, Ұлыбритания, Италия, Франция, Жапония үкіметі төрағаларына және Чехославакия ұлттық кеңесінің төрағасына ынтымақтастық сәлемін Жолдауды ұсынды.

Мәжілістің екінші отырысы араға бір күн салып, 10 қыркүйекте өтті. Осы отырыста құрамына барлық делегация өкілдері кіретін келісім комиссиясы құрылды. Ресейдің орталық билігін құрудың принципті мәселелерін талқылайтын комиссия жұмысы Уфа Мемлекеттік мәжілісінің ең мүдделі ісі еді. Комиссия құрамына Түркістан үкіметінен Мұстафа Шоқай, Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхан, Башқұрт үкіметі атынан Зәки Уәлиди, Сібір мұсылмандарынан  Сұлтанбек Мамлеев кіреді.

 

***

Уфадағы Мемлекеттік мәжіліске Алашорда, Түркістан, Башқұрт үкіметі мен түркі-татар басқармасынан саяси іске жетік азаматтар көп келген еді. Түркістан Мұхтариаты уақытша үкіметінен Мұстафа Шоқаймен қоса, Әбдірахман Оразаев мәжіліске өкіл ретінде қатысқан. Қазақ азаматтарының кейбірі жиындарға Алашорда атынан қатысса, енді бір бөлігі Құрылтай жиналысының мүшесі ретінде аталады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Ахмет Бірімжанов, Сәлімгерей Жантөрин, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев, Әлімхан Ермеков, Уәлитхан Танашев, Ғұбайдолла Әлібеков, Нұрғали Ипмағанбетов, Сағындық Досжанов, Имам Әлімбеков, Әбдрахман Байділдин сияқты азаматтар сол кезде Уфада болды. Тіпті, Алашорда үкіметі құрылғаннан бері оның он бес мүшесінің көп болып басы қосылғаны тек осы жолы ғана. Орынбордағы Алашорда құрамы анықталған съезге де оның небәрі жеті мүшесі қатысқан. Бұл жолы Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Уәлитхан Танашев, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлімхан Ермеков, Ахмет Бірімжанов – Алашорданың сегіз мүшесі Уфада еді.

Алашорданың жеті мүшесі 11 қыркүйекте үкімет отырысын өткізеді. Әлиханның келісім комиссиясындағы ұстанымы осы отырыста талқылануы әбден мүмкін. Өзін Түркістан үкіметінің өкілі (төрағасы) есептеген М.Шоқай бұл жиынға қатыспаған. Премьер-министр һәм министр шеніндегі тұлғалардың басқосуы Ойыл уәлаятын таратып, Алаш автономиясының батыс бөлімін құрумен аяқталды. Бұл қазақ жерін бөлшектемей, біртұтас территория ретінде қорғауға, ІІ съездің заңды қаулысы – Алаш автономиясын құру туралы стратегияны жүзеге асыруға керек маңызды шешім еді.

 

***

Келісім комиссиясына әр делегациядан бір-бір ғана мүше кіргенімен, әр тұлға өзінің үкіметінің, саясы ұйымы мен партиясының принципті позициясын көрсетті. Бұл комиссия Ресейдің сол кездегі саяси һәм әскери элитасы мен истеблишментінің жылдар бойы сүзгіден өтіп қалыптасқан мемлекет құрылысы және оның билігі туралы идеяларын пікірталасқа салды. Әр делегаттың сөзінде салмағы зіл-батпан ой.

Комиссия отырысының алғашқы күні – 12 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан сөз сөйледі. Әлихан империялық сананы сынап, үкіметтен тең құқық сұрайды: «Азаматтар! Мен мұнда осындағы Құрылтай Мәжілісінің мұсылман мүшелерінің және Түркістан, Башқұртстан, Алашорда автономиялық облыстарының үкіметтері және Ішкі Ресей мен Сібірдің Түркі-Татар ұлттық Басқармасы атынан келіп отырмын… Облыстық үкіметтердің құрылуын кейбіреулер сеператизм санағысы келеді; мұнда ешқандай сеператизм жоқ… Сеператизм жасады деп есептейтіндер самодержавиелік Ресейде өзге ұлттарды құл, ал ұлы Ресейдің өкілдері құл иеленуші деп ойлауға үйренген… Бірақ, бұндай ойдан енді бас тарту керек.

Біз Ресейдің жоғарғы билігі Құрылтай Мәжілісінің осы шақырылымында болуы керек деп есептейміз! Ал коалициялық билік осында қатысып отырған ұйымдардың өкілдерінен құрылуы тиіс. Бүкілресейлік Құрылтай Міжілісінен төрт өкіл, Сібір Үкіметінен – бір өкіл, қатысып отырған казак әскерлерінен – бір өкіл, Түркістан, Башқұртстан, Алашорда автономиялық үкіметтерінен – бір өкіл болуы керек»

Әу бастан комиссияда мемлекет билігі бір ғана адамның немесе бірнеше адамның қолында болуы керек пе, үкімет партиялық негізде құрыла ма, әлде коалициялық сипатта бола ма деген мәселелер талқылауға түсті. Әу бастан-ақ комиссия халықтық билікті қолдайтындар мен ашық айтпаса да әскери диктатура орнатқысы келетіндер болып екіге жарылды. Халықтық билікті қолдайтындардың ең салмақтысы Комуч, диктатура орнатуды көксейтін казак атамандарына сүйенген Сібір үкіметі.

Түркі-мұсылман жұртшылығының мүддесін бірге қорғауға уағдаласқан төрт делегация үшін партиялық негіздегі үкімет қолай емес – төрт делегацияның төртеуі де партия атынан келіп отырған жоқ. Әскери диктатураның да пиғылы белгілі – Десейді федерация емес, қайтадан империя ретінде құрғысы келеді. Сондықтан олар ұлттық мүддені қорғауға барын салады.

Комиссия мүшелері ұлттық-территориялы автономия дегенге қатты шүйлігеді. Бұл «Мұсылмандар делегациясы» үшін ең ауыр соққы болады. Эсер Гендельман: «автономия Құрылтай жиналасының мәселесі деп, орталық биліктің автономиялармен қарым-қатынасы туралы әңгімені мүлде қозғамауды сұрайды. Ал, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, З.Уәлиди «ұлттық территориялы автономияның Ресей федеративті үкіметіне қарайтын өз үкіметі болады. Ол үкімет Сыртқы істер, әскер, теміржол мәселелерінен өзге істің бәрін өз территориясы шеңберінде өзі шешеді» деген ұстанымды барынша қорғап түсіндіреді.

Орал үкіметінің өкілі Войтов «Ресейде федерация жоқ, орталық билік федеративті құрылысты күшейтумен айналыспайды» дейді. Бұған З.Уәлиди қарсы шығып, «қазіргі бар бостандық қысқармауы керек» деп шырылдайды.

Мұстафа Шоқай жаңадан құрылатын үкімет жер заңына Құрылтай жиналысының 1918 жылғы 5 қаңтардағы қаулысын алатын болса, ұлттық саясатқа қатысты да сол кездегі мемлекет құрылысының формасы нормалары алынуын талап етеді. Ол форма «федералды демократиялық республика» болатын дейді М.Шоқай.

Комиссияда «билік диктатура қолында емес, халықтық үкіметте болуы керек», — деп есептейтіндердің саны көбірек болса да, салмақ бірте-бірте Сібір үкіметі жағына ауады. Сібір үкіметі маңына топтасқандардың ойы – империяны қайта қалпына келтіру, диктатура билігі. Халықшылдар оппозициясының талабымен ғана олар диктатураның көп кісілік формасы – директорияны таңдайды.

Күнара талқылауы түн жарымына дейін созылатын комиссия отырысы екінші аптаға жалғасады. Бүкілресейлік билік партиялар немесе коалициялар құрайтын үкімет емес, директория болады дегенге барлығы лажсыз келіскен. Енді «мұсылман делегациясы» Әлихан айтқандай, Алашорда, Түркістан, Башқұрт автономиялық үкіметтерінен ортақ бір өкіл директория мүшесі болсын дегенге күш салады. Бірақ, бұл ұмтылыс та бірден қарсылыққа ұшырайды.

Социал-демократиялық еңбек партиясының өкілі Кибрик: «Әр ұлт өкілі үкіметке мүше ұсынса, Ресей бірікпейді, бөлшектенеді» дейді. Кадет Кроль: «Мүмкін бұларды министрліктегі статс-хатшы функциясы қанағаттандырады» деп кемсіте сөйлейді. З.Уәлиди статс-хатшылық бізді қанағаттандырмайды деп кесіп түседі. Социалист Марков «Әр ұлттан мүше таңдаса, кісі көбейеді» деп, директория құрамын үш-ақ адам жасауды ұсынады. Оны эстон үкіметінің төрағасы қолдайды. Ақыры М.Шоқай «Біз адам ұсынғанда ұлттық мәселенің өткірлігін ескердік. Ол адам қалайда мұсылман болсын демедік. Егер ұлттық мәселелерді толық шеше алатын болса, мүддемізді қорғауды орыс ұлтынан шыққан өкілге де сеніп тапсыра аламыз» деп өз топтарының келісімін білдіреді. Ә.Бөкейхан да үкіметке бүкіл елге белгілі тұлғалар сайланады деген үмітпен өз өкілдерін ұсыну туралы ойынан бас тартатынын мәлімдейді.

Көп көптігін істейді. Мемлекеттік мәжіліс Н.Авксентьев, Н.Астров, В.Болдырев, П.Вологодский, Н.Чайковский – бес адамнан тұратын Директория сайлап, 23 қыркүйекте аяқталды. Бүкілресейлік уақытша үкімет – Директория туралы актте автономиялар құзіретін анықтауды Бүкілресейлік үкіметтің данышпандығына (мудрость) тапсырды. Бұл актке жарты айға созылған мәжіліске соңына дейін қатысқан 106 азаматтың ішінде  Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, Ә.Оразаев, И.Әлімбеков, А.Бірімжанов, С.Досжанов, Н.Ипмағамбетов те қол қойған. Автономия мәселесін түпкілікті шешу тағы да Құрылтай жиналысына қалдырылды. Құрылтай жиналысы 1919 жылдың 1 қаңтары күні басталады деп жоспарланды. Уфа мәжілісі аяқталғанда Директория мүшелерімен қатар тұрып суретке түскен қазақтың аяулы перзенттері Әлихан мен Мұстафа бір-бірін соңғы рет осы қалада көрді.

 

***

Директория 1918 жылдың 4 қарашасы күні Алашорданы тарату туралы бұйрық шығарды. 18 қарашада билікке Колчак келіп, Директорияның өзін таратып жіберді. Колчак әскері Екатеринбургте М.Шоқайды, Омбыда Ә.Бөкейханды тұтқындады.

Алаш автономиясы 1918 жылы да жарияланған жоқ.

Болат Мүрсәлім

Abai.kz

[:]