АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жамбыл облысында терезеден құлаған бала шындықты айтып берді[:]

[:kz]

 

Жамбыл облысында қамқоршылардың озбырлығына шыдамай, екінші қабаттан секіріп кеткен 10 жастағы баланың оқиғасына қатысты тың деректер шықты. Асырап алушылардың жеткіншекке тәулік бойы тамақ бермей, бөлмесінде қамап ұстағаны былай тұрсын, оған жасаған сорақылықтары көп көрінеді. Мұның бәрін Даниил өзі айтып беріпті.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал баланы өз қамқорлығына алған туыс ағасы оған көрсетілген озбырлықты жала деп айтып, ешқандай қиянат жасамағанын мәлімдеді.

 

«Түсінесізбе, ондағы менің өмірімнен тіпті көлге батып кетуге болар еді. Онда тұрмасам болғаны», — деген 10 жастағы Даниил өзіне қазір қамқорлық жасап, тамақ тасып жүрген бейтаныс әйелге. 

Ата-ана мейірімін көрмеген бала ішіне бүккенінің бәрін осы Қаратау ауданының тұрғынына айтыпты. Екінші қабаттан секіріп, 12 сағат бойы үнсіз жатуына сол қамқоршыларынан қорқып қалғаны себеп болған. 

«Анам мен әпкелерім түртпектеп, күн көрсетпейтін, сол кезде тіпті өмір сүргім келмей кетті», — дейді Даниил.

«Балаға тамақ беріп отырып, тізесіне көзім түсіп кетті, үлкен тыртық бар екен. Жайлап сұрастырдым, жай тыртық емес еді. Даниил мынау не десем, бидайға тіземмен отырғызып қоятын, соның ізі деді. Төбе шашым тік тұрды, ауырды ма десем, шыдамасам болмайтын еді деді сыбырлап», — дейді Қаратау ауданының тұрғыны Наталья Ульянова. 

Даниил басынан өткен жағдай қоғамда резонанс тудырды. Бұл іспен «Не Молчи» қорының жетекшісі Диана Смаилова да таныс. Наталья баламен арадағы әңгіменің аудиожазбасын белсендіге берген, оның болашағына алаңдайтынын айтып, араша сұраған. 

Қоғам белсендісі құқық қорғаушылар мен халық қалаулыларының осы мәселені басты назарда ұстауын талап етіп отыр.

«Ресми түрде қамқоршы міндетінен шеттеледі. Дегенмен, Валерий Рихтер палатаның жанында отыр. Ересек адам болған соң, оның мысын басады. Бала ойын ашық айта алмайды. Меніңше, бұл жерде психолог баламен жақсылап жұмыс істеуі керек. Және ол мектеп психологы емес, кәнігі маман болуы керек. Баламен 1-2 ай жұмыс істеп, содан кейін ғана нәтижелерін шығару керек», — деді Диана Смаилова.

Өткен жолы арнаға берген сұхбатында Валерий Рихтер барлық айыптауларды жоққа шығарып, жала деп атаған еді. 

«Даниил үй алдындағы машиналарға қараймын деп абайсызда терезеден құлап кетті. Кейін біз оған ұрсамыз ба деп көршіміздің ауласына барып тығылып қалған екен. Желіде біз туралы әртүрлі әңгімелер тарап жатыр, әдейі лақтырды, тамақ бермеді, ұрды деп айып тағып отыр. Бұған сенбеңіздер, балам сауығып кеткен соң, бізге жала жапқандардың бәрінің үстінен арыз жазамын. Ал қазір бәрінен бұрын баламның денсаулығы маңызды»,  — деді Валерий Рихтер.

Бұл оқиғаның басы 2018 жылда жатыр. Даниил мен оның екі әпкесін Валерий Рихтер асырап алды. Әу баста, өнегелі жанұя болып көрінгенімен, кейіннен үйдегі былықтың шеті шыға бастаған. Рихтердің балаларға ас бермейтінін көршілері де растаған. Кейін бұл мәселеге қатысты құзырлы органдар тексеріс бастады. Даниил қазір кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналасқан. Онымен психологтар жұмыс істеуде.

Бұған дейін шенеуніктер Даниилді қорғамақ болған мұғалімді қорқытып отырғаны хабарланды. Баланың сынып жетекшісі Рихтер отбасындағы оғаш жағдайлар туралы алғашқылардың бірі болып хабарлады. Ол баланың мектепке үнемі аш келетінін, көшеде сирек болғанын, сондай-ақ оны ауруханадан бөтен адамдар алып кеткенін айтты. Бірақ қазір мұғалім сөздерінен бас тартып, сұхбатты өшіруді сұрап отыр.

[:]