15 сентября, 2019 Comments Off on “Жалюзи сатып алуға мәжбүрледі”: Алматылық мұғалім мектепте ақша жиналатынын айтып шағымданды

“Жалюзи сатып алуға мәжбүрледі”: Алматылық мұғалім мектепте ақша жиналатынын айтып шағымданды

Алматыда лицей мұғалімі мектепте ақша жиналатынын айтып шағымданды. Мұғалімнің сөзінше, білім беру мекемесінің директоры мұғалімдерді өз ақшасына кабинеттерге перде сатып алуға мәжбүрлеген. Ал директордың өзі мұндай айыптауды жоққа шығарып отыр.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

25 жыл мұғалім болып жұмыс істеген Ләззат Мұсанованың сөзінше, ол осы жылдар бойы бордан бастап, шүберек, шкаф пен стендке дейін, яғни түрлі оқу материалдарын сатып алу үшін өз ақшасын жұмсаған. Ол мектеп басшылығының ақша жинайтыны туралы айтпай келген.

«Ол менен жалюзи туралы сұрады. Мен әлі ілмегенімді айттым. Себебі ұлым Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс істеуге кеткен. Оның көшуіне көп ақша кетті. Пәтер жалдады. Ол маған: «Білмеймін, ілу керек», - деді», - деп шағымданады қаладағы №143 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Мұсанова. 

Ақырында мұғалім жалюзиді сатып алған. Мектептегі басқа мұғалімдер де осылай жасапты. Алайда Ләззат мектеп басшылығынан екі жалюзиге жұмсаған 14 мың теңгесін сұрауды ұйғарыпты. Артынша анықталғандай, ол жалюзи үшін өзге мұғалімдерге қарағанда аз төлеген екен. Үлкен кабинеттердегі жалюзилердің бағасы 30-дан 40-мың теңгеге дейін тұратын көрінеді. 

Мұғалім жалюзи сатып алғаннан кейін өмір сүруіне ақшасы қалмағанын айтады. Сол кезде ол өзінің проблемасы туралы әлеуметтік желіде жазған. Мұғалімнің даулы жазбасына білім беру басқармасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіндегілер назар аударған.

Анықталғандай, жалюзиді орнатуға қалалық бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлінген. Бұл ретте лицей директоры мектепте ақша жиналғанын жоққа шығарып отыр. Оның сөзінше, мұғалімдер пердені өз бастамасымен сатып алған. 

«Ол ешкімге айтпай, жалюзиді өзі сатып алған. Меңгеруші оған телефон арқылы жазып, жалюзи сатып алудың керегі жоғын айтқан. Ал ол: «Маған қиын емес. Өзім сатып аламын, уайымдамаңыз», - деп жауап беріпті. Мен ешкімді мәжбүрлемедім. Бәрінен сұрасаңыздар, айтады. Тіпті, мен де жайлылық үшін жалюзи сатып алдым», - дейді мектеп-лицейдің директоры Гүлнара Байеділова. 

Ендігі бюджеттен жалюзиге бөлінген қаржыны өзге де қажеттіліктерге жұмсамақ. Директордың бұл ойын мұғалімдер де қолдап отыр. 

«Оның қажеті бар-жоғын мұғалімдер өздері шешеді. Егер маған кабинет берсе, қажет заттарды өз ақшама сатып аламын. Оған ешкім мәжбүрлемейді. Ешкім шағымданбайды. 40 жыл жұмыс істеп жүрмін, барлық стендті өзіміз сатып алғанбыз. Ешкім ол туралы айқайлап айтқан емес», - дейді аталған мектептің мұғалімі Бақыт Омарова. 

Десе де мұғалімге жалюзиге жұмсаған 14 мың теңгесі қайтарылыпты. Ал өзге мұғалімдердің басшылыққа шағымы жоқ. Алайда осыған қарамастан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіндегілер бұл оқиғаға назар аударды. 

«Бұл жемқорлыққа қатысты қылмыс емес. Алайда бұл бұзушылық болып табылады. Бұлай жасауға болмайды. Мемлекет мектепке қажетті заттарға ақша бөледі. Бұл деректі, тіпті, мұғалімдер білмейді», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Елнар Игіліков. 

Ләззат Мұсанова салалық департаментке шағым түсірген. Мұнан әрі қарайғы тексерісті қалалық білім басқармасы жүргізетін болады.

Загрузка...

Комментирование закрыто.