АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Застава бастығы баламды өлтірді»[:]

[:kz]

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Гүлнар БАҚТЫНОВА әділдік таппай жатқанын айтады. Айтуынша, ұлын шекара қызметінің шендісі ұрып өлтіріпті.

Қайғылы оқиға Күршім ауданында 2018 жылы маусым айының 22-сінен 23-іне ауған түні болған. Сағат бірлердің шамасында әскерилер марқұм Олжас БАҚТЫНОВТЫ жанындағы алты адаммен бірге шекара режимін бұзды деп ұстаған. Шекара күзетшілері оларды «Балықты бұлақ» шекара заставасына әкімшілік хаттама толтыру үшін ертіп апару керек болған. Бірақ, Балықты бұлақ ауылына жеткенде, Олжас Бақтынов бір үйдің ауласына кіріп кетеді. Ал жанындағылар қашып кетеді. Әскерилердің дәл осы кезде әлдері жетпеген секілді, сол үйге «Балықты бұлақ» шекара заставасының бастығы Махат ЕСЖАНОВТЫ алып келеді. Шақыртумен келген Махат Есжанов пенен Олжас Бақтынов жеке сөйлесу үшін үйді айналып кетеді екен. Одан әргі жағдайды жанындағылар сотта әртүрлі суреттеген…

Марқұмның анасы болса, баласын шекара шендісі қасақана ұрып өлтірді деп ойлайды. Тұла бойы тұңғышының денесінің сау тамтығы қалмағанын қаймыға еске алған Гүлнар  Бақтынованың көкейінде көп сұрақ: — Өзі бұл иттің баласы шегіп алған ба? Соншама айуандықпен адам өлтіретіндей не басына күн туды? Біздің шекарамызды қандай адамдар қорғап жүр?..

Өзегін өкініш кернеген ана: — Ұлымды сол жерде ұрып өлтірген. Алғашқы айтқандары бойынша Махат Есжанов бір-ақ рет ұрыпты. Өзі құлап, есінен танған екен. Алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде кеуде сүйектері сынып кеткен екен. Бұл ертегіге кім сенеді? Қылмыстық істі жүргізген бірінші тергеуші Матымов деген болды. Сол созбұйдаға салып жіберді. Істі сотқа жеткізбей тастады. Содан кейін шыдамай тағы да арыз жазып, істі дұрыс қарауды өтіндім. Құдайға қараған адамдар Нұр-Сұлтан қаласынан табылды. Арнайы мамандар келіп, баламның сүйегін қазып алып, қайта тексерді. Сол кезде он бес шақты соққы тиген деген қортынды жасалды. Басының жеті жеріне соққы тиіпті. Екі жағындағы да қабырғалары быт-шыт болып сынған. Төс сүйегі сыныпты.  Айтыңыздаршы! Бұл не деген жауыздық. Жасанды дем беру әдісінен өлуі мүмкін емес екені анықталды. Соттан әділ жаза беруді сұраймын! – дейді.

Марқұмның өзге туыстарының да талабы осы. Судья тек әділ жаза тағайындап, кінәлі тиісті жазасын алса болғаны. Тіпті, төртінші реткі сот отырысында, мемлекеттік айыптаушының жәбірленуші тарапқа 18 миллион теңгеден астам ақшаны моральдық және материалдық шығын ретінде өтеуі қажет деген қаражаты да қажет емес дейді.

— Ағамды әдейі өлтірді. Бұл жердегі ең басты мәселе шекара қызметкерлерінің жемқорлық әрекеті. Мұны күллі ел біледі. Бірақ жұрттың көбі қорқып айтпайды. Шекара режимін бұзуға шекарашылардың өздері жол береді. Осы Марқакөл аумағындағы ел құрт тереді. Сонымен күн көреді. Ауылда басқа жұмыс жоқ. Халық енді аштан өле ме?! Амалсыздан осы іспен айналысады. Құрт теретін жерге шекарашылармен алдын ала келісіп барады. Оның бағасы 300 мың теңгеден басталады. Осы ақшаны берсеңіз, аман-есен табыс тауып келесіз. Менің ағам оған келіспеді. Қолындағы беретін ақшасы жетпеді. Немесе арнайы тапсырыспен өлтірілді. Бір үйді ғана асырап емес, бар әулетіміздің арқа сүйер азаматы еді. Бәрімізді оқытып, жеткізген осы асыл ағам болатын. Енді міне, артында аңыраған туысы қалды. Әкесін көрмеген баласы жетім қалды. Әйелі жесір қалды. Обал-сауабы кімнің мойнында? Қанішер әділ жазасын алсын! Қазіргі тағылып отырған айып бойынша белгіленген бап, өзгертіліп, Заңды бұзған екен, әкімшілік айыппұлын салып неге қоя бермеді, – дейді марқұм Олжас Бақтыновтың қарындасы Еркежан РАХЫМЖАНОВА.

Жәбірленушілердің сөзін күні кеше ғана өткен төртінші сот отырысында мемлекеттік айыптаушы да қолдады. Күдіктінің қылмысы толық дәлелденгенін айтып, судьядан бір емес, бірнеше бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Әскери шенінен айырып, қатаң жаза кесу қажет екенін айтты.

— Сотталушы Есжановтың жасаған қылмысы толық дәлелденді. Сот медициналық сараптамалар бойынша да, куәгерлердің сөзі бойынша да оқиғаның анық-қанығы толықтай анықталды. Қызметін асыра пайдаланған. Қасында қызметкерлер болды. Неге марқұм Олжас Бақтыновпен бірге оңаша кетеді. Бірнеше адамның бір адамға шамалары жетпей ме? Тіпті Олжас Бақтынов қарсылық білдірмеген де ғой. Жанындағыларға қолына кісенді салғызып, заставаға алып келу керек болған. Бірақ ол олай істемеді. Ал тергеу жүріп жатқан кезде Өскеменде болуы керек болған. Ол олай да істемеді. Былтырғы жылдың желтоқсан айында ұшаққа отырып, Шымкент қаласына кетіп қалған. Ол жақтан ақпан айының төрті күні тағы да ұшақпен ұшып келген. Мұны біз ұялы байланыс операторлары арқылы қалта телефонының номері арқылы анықтадық. Бұл да жеке бір бап бойынша жауапқа тартылуы тиіс – деді, мемлекеттік айыптаушы Еркін ТҰРСҰНОВ.

Ал сотталушы судья берген соңғы сөзде марқұмды ұрғанын жасырмады. Мен іс басталған кезде бір рет ұрдым – деп, айттым деген, Махат Есжанов: — Бақтынов Олжасты шекара аумағынан алып келген кезде және оны ұстау барысында өрескел қателіктерді әскери қызметшілер жіберген. Бұл бұл оқиғаның болу себебі де солардың қызметтерінде жіберген қателіктерінен болып отыр – деп, мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың қорғаушысының сөздеріне қарсы пікір білдірді.

Қорғаушысы да Махат Есжановтың еш кінәсын көріп тұрмағанын түсіндірді. Тергеудің бір жақты жүргізілгеніне дәлел келтіріп, істі толық қайта қарау керектігін судьядан сұрады. 19 том, 4 000 парақтан тұратын соттың келесі отырысы Өскемен гарнизоны әскери сотында оныншы маусым күні өтеді.

Жас Алаш 

Фото автордікі. 

[:]