Қасым-Жомарт Тоқаевқа үкіметтің кеңейтілген отырысы алдында министрлер кабинетін толығымен таратып, бірқатар шенеуніктер мен әкімдерді жұмыстан босатып, жазалауға кеңес берілген. Ол өзіне “қоғам жақсы қабылдайды, абырой жинайсыз” деп айтылғанын жасырмады деп жазады KAZ.NUR.KZ президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook парақшасына сілтеме жасап. 

Тоқаев кез келген дағдарыс – әрбір көшбасшының кәсібилігін анықтайтын тест екенін жеткізді.

“Шынымды айтайын, бұл отырысқа дайындық барысында маған бірқатар өңірлер мен ведомстволардың басшыларын жұмыстан босатып, тіпті бүкіл үкіметті таратып жіберуге кеңес берді. “Халық мұны жақсы қабылдайды, ұпай жинайсыз” деді.

Маған ұпай, өтірік абырой керек емес. Мен жауапты адамдарды тыңдауға және тыңдай білуге қашанда дайынмын. Алайда, ел алдында өтірік ойнамаймын.

Олай жасайтындай жаста да, жағдайда да емеспін” , – деді мемлекет басшысы. Сонымен қатар, президент бірнеше әкім ескерту мен сөгіс алып үлгергенін айтып, жазалауға тұрарлық тағы бірқатар шенеунік бар екенін алға тартты.

Алайда Тоқаевтың ойынша, еліміздегі жағдайға байланысты мұндай мәселелерге әзірге уақыт жоқ. Басты нысана – коронавирус пандемиясын тоқтату.

 

https://kaz.nur.kz/1864352-paj-zinajsyz-dedi-tokaevka-kimetti-taratyp-ziberuge-kees-bergen.html

Рубрика: