Үндістандағы коронавирустың таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай күн санап өршіп барады. Мұнда күн сайын жүз мыңнан астам адам індетті жұқтыруда. Денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсіп, ауруханаларда орын мен оттегі, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы орын алуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Үндістанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осымен төртінші күн қатарынан мемлекетте науқастардың рекордтық саны тіркелуде: соңғы тәулікте елде коронавирус жұқтырған 349,6 мың адам анықталыпты. Бұл пандемия басталғалы бері елдегі ең үлкен көрсеткішке айналған. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди аурудың таралуын алапат дауылға теңеді. 

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Нью-Делиде әрбір төрт минут сайын бір адам коронавирустан көз жұмады екен. Ал жалпы алғанда бір күнде екі мың адам індеттің құрбанына айналуда. 

Тіпті, кремацияға арналған пеш мәйіттердің көптігін көтермей бүлініп жатқан көрінеді. Мәселен, Гуджарат штатында газ және отын қолданылатын кремациялау пештері көз жұмғандардың мүрделерін тоқтаусыз отқа жаққандықтан тұтастай деформациялануда. Мәйіттерді көшенің ортасында өртеп жатыр.

Рубрика: