АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]ҰҚК назарына! Тайшыбековке тыйым бола ма?[:]

[:kz]

«Alvares Sanches» – бұл «youtube» желісіне 2018 жылдың 1-маусымында тіркелген арна екен. Осыдан біраз уақыт бұрын “Қазақстан Ресейдің құрамына кіріп, бір губерниясы болуы керек” деп үгіт жасаған Ермек Тайшыбековтың каналы көрінеді. Біздің бұлай топшылауымызға аталған «youtube» арнасындағы бейне жазбалардың бірінде бір қызға сұрақ қойып отырып, бейне жазбаны түсіруші адам өзін Ермекпін деп таныстырады. Сондай-ақ, аталған арнада Ермек Тайшыбековтің көптеген бейне жазбалары жарияланыпты.

Әзірге 469 жазылушысы бар екен. Қазақша ежіктеп сөйлеп

Ермек  бұл жолы өз “идеясын”, про-ресейлік позициясын санасы енді қалыптаса бастаған жасөспірімдерге насихаттауды жөн көріпті

Мәселен, Жамбыл облысы, Байзақ ауданында түсірілген бір видеосында, күреске қатысатын 15-16 жастағы балалармен танысып, сұрақ қойып отыр. Сұрақтарының сұрқы мынадай: Сіз қазақсыз ба? Сіз қай мемлекетте тұрасыз? Қазақстан, Ресей, Украина, Белоруспен қосылып бір мемлекет болады? Сен оған қалай қарайсың?

Бұған, ештеңенің парқына бара қоймайтын әлгі жасөспірімдер:  Келісемін. Бәрі қосылып, үлкен мемлекет болса жақсы ғой. Біз біріксек бізді ешкім ала алмайды. АҚШ ты қиратып тастаймыз, — деген сияқты жауаптар беріп отыр. Оған риза болған Тайшыбеков, -көптеген достарыңыз да сіздер сияқты ойлай ма? Оларда сіздерге қосылады ғой,  деп әлгі балақайлардың одан әрі басын қатырады.

Өзінің арнасында осындай мағынадағы 110 видео жүктелген екен. Барлығы дерлік осы ауандағы сұрақтар мен жауаптар.

Сонымен, өз елін “өлтіруге” өлермендікпен атсалысып жүрген Тайшыбеков пе, бұл? Өйткені, Ресей империясының күлімсі сасыған қолтығына кіруде өліп-өшіп қалайтын жалғыз адам болса, біз білетін Тайшыбеков қана.

Ол 1978 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген. Айтуынша, атеист, технократ. Өзін «саясат, геосаясат, экономика, қаржы саласындағы сарапшы» деп атайды.

2015 жылдың 30 маусымында оған қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-тармағы «Әлеуметтік, ұлттық, урбанистік және діни қақтығыстарды қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Осы сәттен бастап, ол өзін саяси тұтқын деп санайды.

Кейін сот-медициналық сараптама жүргізіледі. Сараптама нәтижесі бойынша, оның миында ақау бары анықталған. Сөйтіп, ол Алматы қаласындағы психиатрия, психотерапия және тәуелділіктің ғылыми-тәжірибелік орталығына бір ай емделуге жіберіледі.

2015 жылдың 19 қыркүйегінде ол қашып жүрген жерінен Жамбыл облысындағы ҰҚК ғимаратында ұсталады.

Сол жылы Ермек Тайшыбеков төрт жылға бас бостандығынан айырылған. 2017 жылдың 12 шілдесінде Тайшыбеков рақымшылыққа ілініп, оның мерзімі сегіз айға қысқартылады.

Сөйтіп ол, 2017 жылдың 20 қыркүйегінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Бостандыққа шыққан соң да босқа жүрмей, әлгі идеясын жалғастырып келеді екен. Сұхбаттарын қарасаңыз сөйлеуі, өзін ұстауы бізді осындай ойға жетеледі. Саясаткер немесе саяси қуғын рөлін ойнап жүрген актерлер аз емес бізде. Бірақ, кімнің актері болса да, Тайшыбековтың идеяларын Қазақстанда қатаң түрде шектеу керек. Сондықтан, ҰҚК, ҚР Прокуратурасы Тайшыбековке қатысты бұл мәліметте тексеруді құзырлы органның құзыретіне қалдырамыз.

Қазір қазақ қоғамы қайтсек ұлттық мемлекетке айналамыз деп жанталасып жатқанда, іштен шыққан осындай мысықтілеу жандардың кері тартатыны өкінішті.  Әйтпесе, олар Ресейдің экономикасы күн санап құлдырап, өз былығына өзі батып бара жатқанын білмей отырған жоқ. Соны көре тұра, мемлекетті одан әрі құрдымға құлатқысы келеді.

Осындай ниеттілердің біразы биылғы 9-мамыр күнін Алматыда қалай тойлағаны естеріңізде болар. СССР-дың қызыл туын алып, Алматының орталық көшелерімен жүріп өткенде, кеңестік кезеңнің жоқтаушылары  әлі де бар екенін білдік. Айтпақшы, «Alvares Sanches» арнасында да осы күнді сылтау қылып, георгий лентасын тағып тұрған қарт кісінің, “Қазақстан Ресейге қайтсе де қосылуы керек”деген сұхбаты бар.

Құзырлы орган әлгі «youtube»  арнасын бұғаттауы керек. Ал, оның құрығына әлгіндей жастар мен жасөспірімдердің ілігіп қалмауы үшін, Ресей ақпарат құралдарының ықпалын азайту қажет. Себебі, өзі де құрдымға кетіп бара жатқан елдің етегінен ұстап, ақпаратымен “тыныстау” – келешегіміз үшін қауіпті…

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

[:]