«Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі – осы!» – деді Бекболат Тілеухан.

 

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның шамына тиіп, қарғыс алған журналист Серік Боқан енді ағасынан кешірім сұрап, «алғыс арқалап» отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Аса қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып, алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін, Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 миллион теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып, жария етпепсіздер. Кейін білдім.

Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз» деп жазды ол Facebook-тегі парақшасына.

Намазында қарғыс оқып, оған қосатын дұшпандарының тізімін жасап жүрген діншіл депутат кешірімді екен, ол да дереу өзінің Facebook-тегі парақшасына «бойына қарғыс дарып жатқан» інісін кешірген жазба жариялай қойды.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма? Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі – осы!» – деді Бекболат Тілеухан.

Ал екі парақшаға пікір қалдырған оқырмандары депутат пен журналистің не істеп, не қойып жатқандарын білмей дал.

Рубрика: