АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Үйіңізге келген қай қонақты сыйлықсыз қайтаруға болмайтынын білесіз бе[:]

[:kz]

Көрнекі фото: pixabay.com

«Қонақ келсе — құт» деген аталы сөз бар. Егер қонағыңыз риза болып кетсе, мейманның құты сіздің үйге орнайды. Халқымыз үйіне келген қонақты сый-сыралғысыз қайтармаған. Сыйлық ұсынудың өзінде терең мән мен мағына жатыр. Осы орайда босағаңыздан аттаған үш кісіні құрқол қайтармай, дәрежесіне сай сыйлық беруіңіз керек деп жазады KAZ.NUR.KZErnur.kz-ке сілтеме жасап.

Қария кісі

Айтатын өсиеті бар, көрсетер өнегесі мол, беретін батасы бар қарияларға міндетті түрде сый көрсетіп, қошеметтеу керек. Есігіңізден енгеннен бастап-ақ, қалың көрпе төсеп, жастық ұсынып, жылы-жұмсақ тамақ жасаған абзал. Барлық құнарлы, пайдалы асты алдына тосып, қазыналарымыздан бата, тілек алған жөн.

Олар сізге екі дүниенің жақсылығын тілеп, ұрпағыңызбен ұзақ жасауыңызға тілектестігін білдіреді. Отбасыңызға Алладан амандық-саулық сұрап, балаларыңыз бақытты болсын деп ақ батасын береді.

Міне, бар жақсыны тілеп отырған қарияға сәулетіне сай шапан жауып, ақ жаулықты дана әжеміздің басына ақ орамал тастау керек.

Нәресте

Жаңадан дүние есігін ашқан нәресте анасынан қалмай сіздің шаңырағыңызға қонақтардың санын толтырып келеді. Анасының құшағы мен бесігін ғана білетін оларға да сыйлық берсеңіз, кеміп қалмайсыз.

Баланы қуантқанды Жаратушының өзі қуантады емес пе? Балаға берген сыйлық өзіңізге еселеп қайтады. Алла босағаңызға береке, шаңырағыңызға құт дарытады. Ырысыңыз молайып, қуанышқа кенелесіз. Бір сәтке болса да бесігіңіз тербеледі, ананың әлдиі шырқалады. Мұның өзі білгенге тамаша шаттық болмақ.

Ал есі кіріп қалған балаға кішкентай болса да ойыншық ұсыныңыз. Ойын баласы қолындағы жаңа затқа мәз болып, сізді ұзақ уақытқа дейін ұмытпайды.

Жас келін

Бауырыңыздың, қайныңыздың немесе туысыңыздың таңдап алған жарын үй көрсетуге шақыру кез келген қазақ келіндеріне тән дүние. Үйді көрсін, жақыннан аралассын, той-томалақта қызметте болсын деген ниетпен жаңадан түскен келінді шаңыраққа шақырып, шай беру қазақтың дәстүрінде бар.

Демек, отбасыңызға жаңадан келіп қосылған, сіздің сапыңызды толықтырған келінді де құр қол қайтаруға болмайды. Оған да шамаңызға қарай көйлек, халат немесе орамал секілді сыйлық ұсынсаңыз болады. Тіпті, ыдыс-аяқтың өзі де керемет сый болмақ. Сізбен, сіздің отбасыңызбен жақыннан танысқан келін де өзін бөтенсітпей, сіздерге жақындайды.

Міне, осы аталған қонақтарға сый ұсыну арқылы көрегенділігіңізді, тектілігіңізді байқатасыз. Жалпы, дастархан жайып, қонақ шақыру – жақсы келіннің жақсы қасиеті болмақ. Жақсы келіннің үйінен қонақ үзілмейді. Құт қонақтап, береке дариды деген ескілерлің сөзі бар.

Айта кетсек, бұған дейін қасиеті сиыр сүтінен жеті есе жоғары саумал сусынының пайдасы туралы жазған болатынбыз.

 

[:]