17 апреля, 2019 Comments Off on Үйі өртенген үш балалы отбасы далада қалды

Үйі өртенген үш балалы отбасы далада қалды

Баспанасы жанып кеткенін айтып арнамызға арызданған арыстық тұрғын қазір бала-шағасымен туған-туысты жағалап жүр. Құжаттары мен дүние-мүлкінен дым қалмаған отбасы әкімдіктен көмек сұрайды.

Бықсып жанған өрттің қалдығы әлі түтеп тұр. Оқиға жексенбі күні кешкі сағат 18:30 шамасында орын алған. Аулада жүрген тұрғындар шаруаға айналып, әуелде үйдің жанып жатқанын білмей де қалғандарын айтады. Түтінді көзі шалған үй иесі Гүлжайна Қарбозова «сыртқы есікті аша бергенімде өрттен жиналған қысым далаға қарай атып жіберді» дейді.

Гүлжайна Қарбозова, Арыс қаласының тұрғыны: «Күндікке осында жүремін. Ата-анамның, енемнің үйіне барамын кешкісін. Ауыл әкімі пәтер жалдап беретінін айтты. Ол жақта тұра алмаймын. Малым, тауығым бар».

Үш баласымен баспанасыз қалған Гүлжайна жақын жұрағатты паналап жүр. «Оқуға қажетті құрал-жабдықтары мен киім-кешектері түгелімен жанып кеткен мектеп жасындағы балаларым да сабақтан қалды» дейді келіншек.

Гүлжайна Қарбозова, Арыс қаласының тұрғыны: «Құжаттарымыз жанып кетті. Ең болмаса құжаттармызды сақтап қала алмадық. Күйеуімнің көлік жүргізу куәлігі, студент балама жинап отырған ақшам да жанып кетті. Дүние мүліктен дым қалмады».

Жиырма минутқа жетер жетпес уақытта оқиға орнына жетіп келген төтеншеліктердің де тым болмаса баспана жаппасын сақтап қалуға шамалары келмепті. 2 сағат бойы тілсіз жаумен күрескен өрт сөндірушілер жайсыз жағдай туралы хабарлама бізге кеш түсті деп отыр.

Әуесхан Бейсенов, Арыс қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы: «Бізге сағат 18:44 — те хабарлама келіп түсті. Біз 19:02 — де жеттік. Кеш хабарланған. Біз келгенде үйдің жаппасы жанып кеткен еді. Өртті сөндіруге 9 адам мен 2 техника жұмылдырылды».

Осылайша айдың күннің аманында баспанасынан айырылып қалған отбасы көмекке мұқтаж. Жергілікті атқамінерлер тілсіз жаудың тұзағына түскен тұрғындардың үйін жөндеп беріп, құжаттарын реттеу үшін өрт сөндірушілердің қортындысын күтіп отырғандарын айтады.

Қайрат Байсов, Ақдала ауылдық окруігі әкімдігінің бас маманы: «Қазір сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Шыққан соң, үйдің жаппасын асарлатып қалпына келтіріп береміз. Тұрғындардың құжаттарын қайта қалпына келтіреміз. Бұл жұмысқа бір апта уақыт кетеді».Шенеуніктердің уәдесі қашан, қалай орындалатынын уақыт көрсетеді. Ал төтеншеліктер өрт электр жүйелерінің тұйықталуынан шығуы мүмкін деп отыр.

otyrar.kz

Загрузка...

Комментирование закрыто.