АЛТЫНОРДА
Әлеумет

«Уа, хан ием!» Түркістандық шаруалар облыс әкіміне тізерлеп отырып, көмек сұрады

"Уа, хан ием!" Түркістандық шаруалар облыс әкіміне тізерлеп отырып, көмек сұрады

Тұрғындар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды отырған әкімдік ғимаратының алдында тізе бүгіп, кездесуін өтінді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Шаруалар мәселесін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өзі шығып тыңдамағандықтан, осындай әрекетке амалсыз барған.

Көпшіліктің облыс әкімдігі алдында тізерлеген сәтінің видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Онда «Шопан Ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев жиналғандарға әкімнің шығуы үшін тізе бүгіп жалбарынуымыз керек деп кеңес береді.

“Сіздерге әкім емес, сіздерге хан келіпті. Ханнан не сұрасаң да, тізерлеп сұрауың керек. Сондықтан тізе бүгіп, сұраңыздар хандарыңыздардан. Ең болмаса, шықсын алдарыңызға”,— дейді Алмасбек Садырбаев.

Осыдан кейін жиналған 50-ден аса адам, тізерлеп отырады. Олардың ішінде әйелдер де бар. Содан соң алақандарын жайып, «Уа, Хан ием!» деп жамырай жөнеледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі бейнежазбадағы адамдардың Шардара, Төлеби, Жетісай, Мақтарал және Ордабасы аудандарының шаруалары екенін айтты. Олар мақтаға баға белгілеу мәселесін шешу үшін көмек сұрап, әкімге келген.

«21 қыркүйекте әкім кеңес өткізіп, шаруалармен кездесті. Мақта өңдеу зауыттары мен сатып алушылар 1 тонна мақтаның құнын — 180 мың теңгеге бағалаған. Бірақ келіссөздер барысында баға 250 мың теңгеге бекітілді. Қазіргі уақытта шитті мақтаны қабылдау үшін 209 мақта қабылдау пункті және 22 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Алайда бұл салада бір мәселе бар, мақта өңдеу зауыттарын жергілікті атқарушы органдар қарай алмайды. Өйткені олар жеке кәсіпкерлердің қолында», — деп хабарлады ведомстводан.

Сондықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігінен мақта өндірісіне субсидия бөлу туралы ұсыныс жолданды. Шаруалар тағы бір даулы, яғни жер мәселесінің бетін ашқан. Олар Дархан Сатыбалдыдан көмек сұрады.

«Ордабасы ауданында орналасқан» Ыыласлас-Темір » өндірістік кооперативінде дау туындағаны анықталды. Іс сот тәртібімен қаралуда. Жергілікті биліктің сот процесіне араласуына заңмен тыйым салынған», – деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сондықтан өңір басшысы жергілікті әкімдікке шаруаларға көмектесу мақсатында өндірістік кооперативтің ішкі дауларын зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Олармен облыс әкімінің орынбасары және басқарма басшылары кездесті. Қазіргі уақытта облыстағы жағдай тұрақты, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.