Түркістан облысында қашықтықтан оқыту үшін ноутбуктер жеткізу кезінде 2,5 млрд теңгеден аса қаржы жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, агенттіктің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті “МТ-Сервис” ЖШС басшысына және облыс әкімдігінің Адам әлеуетін дамыту басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

“Атап айтқанда, мемлекет “2020-2025 жылдарға арналған “Білім және ғылымды дамытудың” бағдарламасы аясында коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде оқушыларды қашықтан оқыту үшін ноутбуктер сатып алуға ақшалай қаражат бөлді. “МТ-Сервис” ЖШС директоры Түркістан облысы әкімдігінің “Адам әлеуетін дамыту басқармасы” ММ-мен 3,4 млрд теңгеден астам сомаға 21 мың дана ноутбук жеткізуге шарт жасасқан.

Алайда 2,5 млрд теңгеден астам сомаға жеткізілген тауарлар тапсырыс берушінің техникалық сипаттамасына сәйкес келмеген”, – дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта кәсіпорын директоры ұсталып, қамауға алынған. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

 

 

kaz.nur.kz

Рубрика: