Журналистке қарсы күш қолдану, оны абақтыға жабу – қоғамға қиянат жасаумен бірдей. Мұндай қадам ел ішінде наразылықтан басқа ешнәрсе тудырмасы анық.

18 сәуірде медиа-тұлға, журналист Арман Шораевтың қамауға алынғаны туралы ақпарат қазақстандық БАҚ беттерінде желдей ескен болатын. Осы орайда, қоғамдық түйткілдерге бейжай қарамайтын журналистер мен блогерлер, заңгерлер, қоғам белсенділері бірінен соң бірі Арман Шораевтың шашбауын көтеріп, желіге арнайы жазба жариялауда. Оның ішінде, Дина Елгезек ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан карантин кезінде азаматтарды қудалап, саяси белсенділерді тұтқындауды тоқтатуды талап етіп отыр. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды. 

Естеріңізге сала кетейік, «Азамат А.Т. Шораев бірнеше рет әлеуметтік желілер арқылы жалған мәліметтерді таратқан. Өз әрекеттері салдарынан Арман Шораев төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзды және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіретін қауіп төндірді», – делінген Алматы қаласы Полиция департаментінің хабарламасы күні кеше тараған еді.

Енді бұл жаңалықтан құлағдар болған ел азаматтары Арман Шораевтың басына іс түскенде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қол ұшын созуға  бел буған секілді. Төменде біз қоғам белсенділерінің Арман Шораевтың ұсталуына байланысты Facebook парақшаларына жариялаған пікірлерін жинақтап, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дина Елгезек, журналист: 

“Карантин кезінде саяси пост жазуды тоқтатқанбыз. Билікті сынауды да доғарғанбыз. Ел басына күн туғанда “жараның үстіне тұз сеппейік” деп. Сөйтсек, мына билік тура осы сәтті пайдаланып, арамза ойын жүргізе бастапты! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан карантин кезінде азаматтарды қудалап, саяси белсенділерді тұтқындауды доғаруды талап етемін! Қымбаттыларым! Менімен келіссеңіздер, бөлісулеріңізді сұраймын!”.

Мұхтар Түменбай, журналист: 

Журналиске қарсы күш қолдану, оны абақтыға жабу – қоғамға қиянат жасаумен бірдей. Мұндай қадам ел ішінде наразылықтан басқа ешнәрсе тудырмасы анық. Оған қоса, билік әлем алдында тағы да демократия мен сөз бостандығын тұншықтырған ел атанып, қарабет болады. Ішкі, сыртқы саясат пен дипломатияның майын ішкен Президент Тоқаев оны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Демек оған мұндай атақ қажет емес. Сонда кімге керек бұл “абырой”?

Бүгін Алматыда тергеу соты журналист әрі қоғам қайраткері Арман Шораевқа қатысты сотқа дейінгі шектеу шараларын белгілемек. Соған қатысты айтарым, жалғыз Арманды емес, жалпы, журналист атаулыны сот шешімі шыққанға дейін абақтыда ұстау – үлкен қателік. Ондайға, ең алдымен біз, журналист қауымы жол бермеуіміз керек. Кезінде журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевты қылмыстық іске мүлде жатпайтын, азаматтық-құқықтық іс бойынша соттағанда бас бұғып, үнсіз қалып едік. Қазір де солай бола ма? Кеудемізде жанымыз, көкірегімізде намысымыз бар екені рас болса, тұяқ серпитіндей кез болды ғой? Әлде, сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз деп отыра береміз бе?

Арман Шораев террорист емес, адам өлтіруші немесе ұры емес. Тіпті, Василий Ни секілді 1 000 000$ алған парақор да емес. Ол қоғам үшін қауіп тудырмайды. Оны қамақта ұстаудың да еш жөні жоқ. Олай болса, Шораев істің ақ-қарасы анықталғанша, қамаудан босатылуы тиіс.

Айгүл Орынбек, заңгер: 

Аузын ашқан белсенділерді қамай беретін болса, біз естуші мемлекет емес, қанаушы мемлекет боламыз! Елдегі болып жатқан жемқорлықты ешкім ашық айта алмайды! Себебі бәрі жұмысы үшін қорқады! Жүйе соған тәрбиелеген, кейбір қызметкерлерді. Әсіресе, ауыл-аймақтағы жемқорлықтың шегіне жеткендігін осы төтенше жағдай көрсетіп берді емес пе!?

Мемлекет тек биліктегілерден құралмайды. Елдің ішінде жүрген қоғам белсенділері бұл елге дұшпан емес! Миллион жымқырып немесе ұсталып жатқан шенеуніктерді де үй қамаққа шығарып жатыр. Фейсбуктағы пікір үшін ел алдында жүрген қоғам белсендісін қамауға алу – дұрыс емес! Елдегі заңсыздық, жемқорлық болмаса, осы төтенше жағдайда біраз реформаның арты ашылмас еді. Жүйеде біраз кемшіліктер бар екенін Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның өзі мойындап отыр. 

Арман Шораев төтенше жағдайда халықты көшеге шақырған жоқ, оны қамауға алатындай! Жай ғана азаматтық пікірін білдірді! Азаматтық пікірін білдірген адамдардың бәрін қамай берсе, елде кім қалады? Елбасы айтқандай, “Біз сөз бостандығы бар, демократиялы дамыған отыз елдің құрамына кіреміз” емес пе? Әлде кірмейміз бе?

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі: 

“Арман Шораевтың адвокатына тапсырған жеке кепілдеме құжатымды жариялап отырмын. Мен тағы да Арманның сынақты батыл тапсыруына тілекшімін. Тергеу органдары мен соттан процестің ашықтығын күтеміз”. 

Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы: 

“Қоғам қайраткері, кәсіпкер Арман Шораев төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті бұзатындай қандай жалған мәлімде жасады? Өз басым ондай мәлімдемесін оқыған емеспін. Адвокаты кім екен? Толыққанды ақпарат берсе екен. Жалпы сот шешімі шыққанға дейін қоғамға қауіпті емес, қашып кету ықтималдығы төмен адамдарды қамауға алмастан тергеу жұмыстарын жүргізу керек. Соңғы кезде осындай тұтқындаулар көбейіп кетті. Бұл – дұрыс емес”.

Ал танымал журналист Сәуле Әбілдаханқызы болса, әріптесі Дина Елгезектің пікірін қолдай жөнелді. Мәселен ол, facebook парақшасында: “Қолдаймын! Біз де “жау жағадан алғанда, етектен тартқандай” болмайық деп, керісінше, кей мәселелерде бір жағына шығысуға ниет етіп, биліктің заң-зәкүнін халыққа жеткізіп, қолдау көрсетіп жүргенбіз. Карантин халықпен емес, вируспен күресу үшін жарияланған жоқ па?”, – деді.

Бұл біз сіздірге ұсынған ел алдында жүрген кісілердің елді елең еткізген оқиғаға қатысты білдірген пікірлерінің бір бөлігі ғана. 
 

Рубрика: