WhatsApp мессенджерінде Ақмола облысында соққан бораннан пайда болған тоңазытқыштың видеосы тарап жүр. Бейнеролик авторының сөзінше, қатты дауылдың салдарынан олар су жаңа құрылғыға ие болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Тоқ жемейді": Ақмола облысында ер адам даладағы қардан жасалған тоңазытқышты көрсетті

Фото: Видеодан кадр

Желіде тараған видео кадрларында терезенің сыртын қалың қар жапқанын көруге болады. Алайда үй иелері қарды алып тастамай, керісінше, одан үш сөресі бар тоңазытқыш жасап, пайдасына жаратыпты.

“Тоңазытқыш-2020. Қараөткел ауылдық округі, Целиноград ауданы, Ақмола облысы. Жаңа тоңазытқыш. Биыл бізге боранның берген пайдасы осындай. Тоңазытқыш жасап берді”, – дейді видео авторы.

Бейнежазбадан тоңазытқыштың үш сөресінде де азық-түліктер тұрғанын көруге болады. Ал ең төменгі сөреде ет сақталады екен.

“Үстінде, ортасында сөрелер бар. Астыңғы сөреде ет тұр. Ол ,былайша айтқанда, мұздатқыш”, – деді ол.

Видео авторы мұндай тоңазытқыштың шығын шығармайтынын да атап өтті.

Бір жақсысы, тоқ жемейді. Рахат, есікті жауып, пердені тарта саласың”, – дейді азамат.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін белуардан қар кешіп, әкімдікке мұңын шаққан ақынның желіде жұлдыз болғанын жазған едік.

 

Рубрика: