Еркін елдің азат азаматымын десең де, қазір сен толық бақылаудасың. Үйде – әйелің, қызметте – басшың, көшеде – танысың, мәшинеде – инспекторың, подъезде – бейнекамераң, тойда – көршің бақылайды… Жүріс-тұрысың, қимылың – бәрі аңдулы. Кейде ту сыртыңнан біреу қарап тұрғандай көрінеді, кібіртіктеп жүре алмайсың, қарқылдап күле алмайсың. Анда да камера, мұнда да камера. Орыста «без комплексов» деген сөз бар, яғни, бұл әлденеден сезіктенбей, өз қалауыңмен еркін жүруді меңзейді.

Мәселен, Еуропада, тіпті мына көршілес Ресей мен Түркияда, адамдар өзгеше киінеді. Қалауын киеді деген жөн шығар. Қара костюмге қамалып, қызыл галстукке қылқынып отырған адамды, кеңселерде болмаса, көшеден сирек көресің. Белгілі бір университеттің білдей профессорының дәрісханаға шортымен, кроссовкамен кіріп келгенін көргенбіз. Ешкім мән бермеді. Біз ғана… Таң қалдық. «Мұнысы несі?» дедік. Сөйтсек, онда бұл әдеттегі үйреншікті көрініс екен. Керісінше, дәрісханада костюм-шалбармен сықиып отырған бізге олар таң қалған болуы мүмкін.

Адамдар ең қамсыз, уайымсыз жүруі тиіс орта – ол той. Онда да бақылау. Әркімнің қолындағы жылт-жылт еткен соткалардың әйнеккөздері саған қарап тұрғандай әсерде боласың, біртүрлі қысыласың. Ауызыңдағыны шайнай алмайсың, мойныңды созып барлай алмайсың. Биге шықтың екен – бітті! Шалт қимылыңмен әлдекімнің соткасына «объект» болып кете барасың. Ертесіне-ақ – YouTube-тің гүлісің…

Қысқасы, сіздерді қайдам, өз басым тойда билеуден қорқамын!

 

facebook.com  парақшасынан 

Рубрика: