АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Тілдерді дамыту басқармасы ұсынған мультфильмде әйел күйеуінің көзіне шөп салып жүр (ВИДЕО)[:]

[:kz]

Тілдерді дамыту басқармасы ұсынған мультфильмде әйел күйеуінің ...

«Бұл тілді үйрету үшін емес, қазақ халқының қалыптасқан әдет-ғұрпына тікелей шабуыл жасап, күйрету мақсатында жасалған. Жою керек барлық сайттардан!» — деп дабыл қақты режиссер.

Режиссер Қанағат Мұстафин facebook парақшасында сәбилерге тіл үйрету мақсатында түсірілген «Жанәділ» деген мультфильмнің сорақылығын атап көрсетті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мына масқара мультфильмді көргендерің бар ма? Әйелі күйеуінің көзіне шөп салып жүр. Бұны жас балаларға танымдық деп көрсетіп жатыр. Тілді үйрету деп қояды… Бұл тілді үйрету үшін емес, қазақ халқының қалыптасқан әдет-ғұрпына тікелей шабуыл жасап, күйрету мақсатында жасалған. Жою керек барлық сайттардан!» — деп дабыл қақты жазба авторы.

Масқара болғанда, ол Алматы қаласының Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша түсірілген.

Қысқаша айтқанда, күйеуін «отырса опақ, тұрса сопақ қылатын» шайпау әйел оның көзінше ханмен көңіл көтереді. Екі сарбазымен үйі маңынан өтіп бара жатқан ханды аттан түсіріп алып, айтқанынан шықпайтын ез күйеуін «Сен әумесер бізбен бірге отырмай-ақ қой! Ханның үстіне шай төгіп аларсың. Бар, су әкел! Отын жар!» — деп жекіп қуып жібереді. Ал өзі үйіне зып етіп, ханның «іші-бауырына кіре бастайды».

Ерте заман етіп көрсеткенмен, кейіпкерлердің жағымсыз іс-әрекеті мен сөз саптасы қазіргі кейбір отбасындағы жағдайды кейіптегендей. Тіпті, ханның ашынасы оған: «Мінекей, бешбармак та дайын болды», — дейді. О заман да бұ заман, хандық дәуірде етті «бешбармак» дегенді кім көрген?!

Ол сөз бертін келе орыс отарындағы қазақты мәңгүрттендіру кезінде пайда болған ғой. Қазір кейбір «оқыған-тоқығандардың» да аузымен айтылып жүргені болмаса, «бешбармак» дегеннің ана тілімізге жат сөз екенін Тілдерді дамыту басқармасындағылар білмесе, жетіскен екенбіз!

[:]