Қаңтар оқиғалары кезінде Сексеуіл станциясында тұрып қалған пойыз жолаушыларына мал сойып, қазан асып, ыстық тамақ берген жергілікті тұрғындар елдің алғысына бөленді. Сексеуілдіктерге деген ыстық лебізін қағазға жазып, вагон терезелеріне іліп қойған пойыз жолаушыларының видеосы желіде пайда болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желіде елдегі жағдайға байланысты 6 қаңтарда Сексеуіл станциясында тоқтап қалған пойыз жолаушыларының жергілікті тұрғындарға алғыс білдірген видеосы жария болды.

Видео авторының сөзінше, Сексеуіл халқы жұмыла кірісіп, қозғалысы шектелген пойыз жолаушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз еткен. “Жергілікті жастар ұйымдасып, мал сойып, қазан асып, жолаушыларға ыстық тамақ, шай-суларын, дәрі- дәрмектерін берген. Пойыздың жүрген кездегі көрінісін көрсеңіз, көңіліңіз босайды.

Жолаушылар алғыстарын ақ параққа жазып терезелеріне жапсырып, қонақжай киелі алтын бесік Сыр елінің Сексеуіл халқына алғыстарын жеткізді”, – дейді желі қолданушысы. Еске сала кетсек, ҚТЖ 6 қаңтардағы жағдай бойынша Мақат, Арал, Теңіз, Қазақстан, Сексеуіл, Бейнеу, Маңғыстау, Әйтеке би стансаларында темір жолдың жабылуына байланысты пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылғанын хабарлады. 25 жолаушы пойызы тоқтаған. 10 жолаушы пойызы Қазалы, Сексеуіл, Қызылорда, Қандыағаш, Ақтөбе, Төретам, Жезқазған стансаларында темір жолда тұрып қалды. Олар уақытша станцияларға орналастырылды, ас-сумен қамтамасыз етілді”, – деп мәлімдеген болатын компаниядағылар. 7 қаңтарда жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы толықтай қалпына келтірілді.

kaz.nur.kz/

 

Рубрика: