АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Тасмағамбетов кандидатурасы: кім не дейді?[:]

[:kz]

Кезектен тыс президент сайлауының уақыты жарияланғалы бері халықтың пікірі сан тарапқа бөлінді. Әрқайсысының өз уәжі бар.

Әсіресе, «Тасмағамбетов сайлауға түсе алады ма?» деген сұрақ халықтың басым бөлігінің санасына тыным бермеуде. Түрлі лауазымды қызметтерді атқара жүріп, елдің сүйіктісіне айналған Иманғали Нұрғалиұлы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі жауапкершілігінде.

28-сәуірге дейін қабылданатын үміткерлер арасында Тасмағамбетовтің төбе көрсетуі жұмбақ күйде қалып отыр.

Заң не дейді?

Ел арасында «елшіге сайлауға қатысуға рұқсат жоқ» деген қауесет желдей есіп жүр. Расында солай ма?

«Сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, мына адамдар президенттікке кандидат бола алмайды:

— заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;

— сот сыбайлас жемқорлық қылмысын және сыбайлас жемқорлық заң бұзушылығын жасағаны үшін кінәсін заңда белгіленген тәртіппен таныған адам;

— соттың әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Сондай-ақ, мемлекет басқарудан үмітті адамға қойылатын келесідей талаптары және бар:

 

«Тумысынан Қазақстан азаматы, қырық жасқа толмаған, мемлекеттік тілді меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жылда тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы сайлауға түсе алады. Конституциялық заңда президенттікке кандидатқа қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Бұған қоса, президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуы тиіс».

Орталық сайлау комитеті не дейді?

Аталмыш орган мүшесі қоғамдық бірлестіктер атынан ұсынылған кез-келген кандидатура мұқият қаралатынын айтты.

Сондай-ақ, орталық сайлау комитетінің мүшесі Зәуреш Баймолдина Иманғали Нұрғалиұлының сайлауға түсу мүмкіндігі туралы қойылған сұраққа тікелей жауап бермей, оның мемлекеттік қызметкер екенін, егер ұсынылып жатса сөзсіз тексерілетінін айтып өтті.

«Кандидаттың құжаттарын көрмей жатып, нақты жауап бере алмаймын. Орталық сайлау комиссиясы алқалық жиында үміткердің талаптарға сәйкестігін қарап, шешім шығарады», — деді ол.

Сөзін одан әрі жалғаған ОСК мүшесі уағында президенттік сайлауға дипломатиялық қызмет атқарған Ғани Қасымовтың да үміткер болғанын тілге тиек етіп, өзгеше емеурін танытқандай болды.

«Тойдың болғанынан «боладысы» қызық».

Барлық үміткерлердің есім-сойы алдағы екі жеті ішінде жарияланбақ. Қызықтың «көкесі», әне, сонда басталады.

«Қамшы» сілтейді

[:]